Монополияға қарсы күрестің күдір жолы

Монополияға қарсы күрестің күдір жолы

Монополияға қарсы күрестің күдір жолы
ашық дереккөзі
Наурыздың аяғында Үкімет жанынан экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия құрылды. Мақсаты – монополия жайлаған салаларды ретке келтіруге байланысты ұсыныс әзірлеу. Содан бері құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, Үкімет мүшелері, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері кіретін комиссияның бірнеше отырысы өтті. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір жекенің қолына негізсіз өтіп кеткен нысандардың тізімі жасалып жатыр. Жоспарланған немесе қабылданып жатқан шаралар ел экономикасына қалай әсер етеді, мәселені дәл қазір кө­теруге не түрткі болды? Жалпы монополия тамыр­ла­нып кеткен салаларды реттеу мүмкін бе, әлемдік тә­жіри­беде қандай кейстер бар? Пайда мен игілікті иемденгендер Ең алдымен демонополизация де­ге­ні­міз қандай процесс, монополия деген қан­дай ұғым деген сұрақтарға тоқталып өт­­сек. Демонополизация, яғни монополияны жою, тура мағынасында алғанда – мо­­но­по­лиясыздандыру, нарықтағы бәсе­ке­лес­тікті дамытып, монополиялық қысымды жою­ға бағытталатын мемлекет саясаты. Бұл сая­сат негізінен заң арқылы іске асырылады. Яғни монополия жайлаған нарықты ретке кел­тіру үшін жасалатын нақты шаралар мен қа­дамдар, монополия болмаса, демо­но­по­ли­за­ция туралы сөз қозғалмайтыны айтпаса да түсінікті. Экономикалық терминдер сөздігіне сүйен­сек, монополия ұғымы – көп ма­ғы­налы термин. Біріншіден, бұл – бір тұл­ға­ның немесе тұлғалар тобының, тіпті мем­ле­кет­тің белгілі бір затқа, белгілі бір затты өн­діруге немесе сатып алуға, қандай да бір сауда жасауға айрықша құқығының болуы. Екін­шіден, салалық, ұлттық немесе әлемдік на­рықта осындай үстемдігі бар кәсіпорын­дар­дың тобы. Үшіншіден, бір ғана немесе бір­неше кәсіпорын ғана бақылау жасап отыр­ған нарық, ол монопсония және оли­го­полия түрінде де болуы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өт­кен Мәжіліс отырысында 30 жыл бойы Қа­зақстанның экономикалық өсімінің бас­ты пайдасы мен игілігін қаржы-олигарх топ­тары көріп келгенін, қалыптасқан оли­го­полия еркін нарықтың дамуын айтар­лық­тай шектегенін және елдің бәсекеге қабі­лет­тілігін құлдыратқанын мәлімдеген еді. Одан кейінгі ірі кәсіпкерлермен өткен кездесуде ел байлығының жартысынан астамын 162 адам иемденіп отырғанын да айтқан бола­тын. Саланың бәрі «сау емес» Осыдан соң Бәсекелестікті қорғау жә­не дамыту агенттігі іске кірісіп, тек­серу жүргізгендерін, осылайша қаптаған оли­гополияны анықтағандарын мәлімдеген. Тіп­ті, олардың тамырланып алғаны сонша, жауап­ты мекеме оларға «дуополист» деп ат берген еді. – Ұялы байланыс қызметтерінің нарығы дуо­полистік сипат алды, онда шоғырлану дең­гейі жоғары. Нарықта бүгінде небәрі 2 ойын­шы ғана қалды. Бұлар – «Қазақтелеком» және «Кар-Тел». 2016 жылға дейін нарықта 4 ойын­шы болды: «Алтел», «Мобайл Телеком-Сер­вис», «Кселл» және «Кар-Тел». Мемлекет қа­ты­сатын ұлттық компания – «Қазақтеле­ком» АҚ-ға ұялы байланыс нарығының 60 пайыз­дан астамы тиесілі», – делінген Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауында. Монополияға қарсы құрылған комис­сия­ның отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кә­сібі министрі Бағдат Мусин «Қа­зақ­те­ле­ком­ға» демонополизация жүргізіп, оған бә­секелес компанияны нарыққа шығару ке­рек деген пікір айтты. Нақтырақ айтқанда, осы ар­қылы елдегі мобильді операторлардың біреуін нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Қазір елдегі мобильді байланыстың 60 пайыз үлесі, ақылы теледидар қызметі нарығында 33 пайыз үлес «Қазақтелекомға» тиесілі екені айтылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігі азаматтық авиация саласын­да­ғы ахуал да осыған ұқсас екенін мәлімдеді. Жауап­ты мекеме әуе тасымалындағы жо­лау­шылар ағынының жалпы көлемінде, әсіресе ішкі жолаушылар тасымалдарында тек «Эйр Астана» мен SCAT үстемдік құрып отыр деген дерек айтқан. Бұған дейін Bek Air әуекомпаниясы оларға бәсекелес болған, алайда оның қызметі тоқтатылған соң, нарықтағы аталған екі аса ірі ойыншының үстем жағдайы тіптен күшейген. Агенттік электр энергиясы нарығында да жағдай мәз емес екенін анықтаған. – Электр энергиясының көтерме сауда на­рығы тік интеграцияланған ірі энерге­ти­калық компаниялардың олигополиясына ай­налып кеткен. Бұл компаниялар электр энер­гиясын өндіру, тасымалдау және бөлшек саудада өткізу бойынша энергиялық ак­тивтерді иемденіп алған. Жекелеген өңірлік электр стансалары да солардың астында. Атап айтқанда, «Самұрық-Энерго», «Қазақ­стан коммуналдық жүйелері», «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» ком­паниялары топтарының нарықтағы жиын­тық үлесі 50 пайыздан асады. Жекеле­ген тұстарда іс жүзінде 100 пайызға дейін монополиялап алған. Бұл топтардың үлесі уа­қыт өтсе де өзгеріссіз қалады, ішінара ша­ма­лы ғана өзгерістерге түсуі мүмкін, – деп тү­сін­дірді Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігі. Одан бөлек бөлшек сауда нарығында бәсеке тудыру талаптары да текке кет­кені айтылды. Ведомство «тауар нары­ғының оңтайлы құрылымын ұйымдастыру сол бойы мүмкін болмады» деп ашық мойын­дады. Соның салдарынан электр же­лі­сін және энергия өндіруші ұйымдарды қа­тар иемденіп отырғандардың ықпалы артыпты. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында бұлардың үлесі – нарықтың 55-70 пайызы. Ал қалған өңірлерде 90-100 пайызға дейін жеткен. Тіпті, ішкі нарықтың тізгіні кей салада шетелдіктердің қолында кеткені анықталған. – Отын-энергетикалық кешен саласында олигополиялық топтардың үстемдігі – ең жо­ғары деңгейде. Бұл мұнай өнімдері нары­ғына тән: елдегі небәрі 3 ірі өнім берушінің – Petrosun, KMG және Petroleum operating-нің үлесі 80 пайыздан асқан. Қазақстанның сұйы­тылған мұнай газы нарығының 70 пайыз­дан астамы 3 негізгі өнім берушіге – CNPC, Petrosun, KMG-ге тиесілі», – деп мәлім­деген еді агенттік. Жақында өткен монополияға қарсы ке­зекті отырыстардың бірінде Энер­гетика министрі Болат Ақшолақов қазір Атырау МӨЗ және Павлодар МХЗ-де сұйыл­тылған мұнай газын (СМГ) сақтау парктері мен құю эстакадалары технологиялық тұр­ғы­дан бөлінгенін және жеке ұйымдарға тие­сілі екенін айтты. Министрдің сөзінше, тұ­тынушыларға сақтау және құю қызметтері қосымша ақыға шығады, бұл өз кезегінде газ­дың түпкілікті құнын өсіреді. Осыған бай­ланысты Энергетика министрлігі сұйыл­тылған мұнай газын ауыстырып тиеу және сақтау бойынша қызмет көрсететін техно­ло­гиялық байланыстағы нысандарды мұнай өң­деу зауыттарының балансына қайтару мә­селесін пысықтауды, мұнай өнімдері нары­ғын реттеу үшін МӨЗ-ге мұнай жеткізу­дің қолданыстағы құрылымын өзгертуді, сон­дай-ақ одан өнімсіз делдалдарды алып тас­тауды ұсынды. Көмір нарығына жүргізілген талдау да көңіл көншітпеген. Бұл айтпаса да тү­сінікті, себебі көмір өндіре тұра, жылу мау­­­сымымен қатар жыл сайын елде абыр-са­быр, бағаның негізсіз көтерілуі, көмір же­тіспеушілігі қатар басталады. Жауапты ме­кеме мәліметінше, салада бар-жоғы 2 ірі өнім беруші – «Шұбаркөл Көмір» және «Қа­ра­жыра» нарықтың 70 пайызынан астамын иелен­ген. Ал энергия өндіруші ұйымдарға кө­мір жеткізу нарығында жалғыз «Богатырь Көмір» үстем тұрған. – Осыған ұқсас, көлік және байланыс са­­­­­ласында да нарықтың бір қолда шоғырлану деңгейі жоғары болып қалуда. Темір жол жүк тасымалдары нарығын талдау нәтижелері осы нарықтың жоғары шоғырланғанын, бә­секесі дамымаған болып табылатынын көр­сетті. Негізгі нарықтық үлесті – жүктер­дің ұлттық тасымалдаушысы саналатын, сон­дай-ақ арнайы және әскери тасымалдар­ды да орындайтын және барлық магистраль­дық темір жол желісінде пойыздарды қа­лып­тастыру жоспарын бір өзі қамтамасыз ететін «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» иеленген», – деді ведомство. Одан бөлек қатты тұрмыстық қал­дық­тарды шығару, лифт, домофон қыз­меттері бойынша қызмет көрсету нарық­тарын­да, автожолда да ұқсас жағдайлар бай­қалыпты. Тізе берсең, кете береді, оған қоса, тексеріс әлі жүргізіліп жатыр. Осы­лай­ша, құзырлы, жауапты органдардың мәлім­де­мелеріне қарасақ, бұл мәселеге қатысты жұмыс басталып кеткендей. Бір қарағанда, ел­де біржақты үстемдік, олигополия, моно­по­лия жайламаған сала жоқтай көрінеді. Бұлай­ша тамырланып кеткен монополияны жою мүмкін бе деген заңды сұрақ туатыны анық. Жалпы, бұл мәселеге қатысты не іс­телуі керек, нені назардан тыс қалдырмау ке­рек, әлемдік тәжірибеде қандай үлгілер бар деген сұрақтарға жауапты сарапшы ма­ман­дардан сұрап көрген едік.  width=
Бауыржан ЫСҚАҚОВ, сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты:
Монополиялық орта тиімді экономикалық саясаттың жүргізілуіне кедергі болып отыр – Ең алдымен айтып өтетін нәрсе – біздің мемлекеттің ұстанған бағыты нарықтық-экономикалық қатынасқа негізделген. Сондықтан нарықтағы кәсіпорындардың барлығы бәсекелестік ортада болуы керек. Алайда дәл қазір, байқап отырғанымыздай, бәсеке тудыратын, өндіріске қабілетті кәсіпорындар монополиялық бағытқа бағдарланып кеткен. Оған мысал ретінде жақында ғана төңірегінде мәселе туындаған «Қазақтелекомды» алсақ болады. Жалпы, монополиялық бағыт нарықтық қатынастардың заңдылығына бағынбайтын мемлекеттерде де көп кездеседі. Яғни барлығы да мемлекет бақылауында болуы мүмкін, бірақ басқа кәсіпорындарға дамуға мүмкіндік жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, демонополизация бағыты кезек күттірмейтін қажетті шараның бірі деп айтуға толық негіз бар. Көптеген саланы монополиядан арылтып, оны бәсекелестік ортаға салу арқылы біз, біріншіден, сол кәсіпорындардың баға саясатын реттеуіне мүмкіндік береміз. Яғни қалыпты бәсекелестік орта қалыптасса, баға тұрақталады. Бір ғана «Қазақтелекомның» өзі монополиялық ортада болғандықтан, осы сала бойынша бәсекеге түсетін кәсіпорындарды нарыққа кіргізе алмағандықтан, біздегі байланыс қызметінің бағасы өте қымбат. Тіпті ТМД мемлекеттері ішінде ең қымбат байланыс қызметі – бізде. Екіншіден, бағамен қатар сапа да жақсарады. Өйткені бәсекеге қабілетті болу үшін кәсіпорындар өздерінің табысының 30-40 пайызын сапаны жақсартуға, яғни модернизацияға жұмсайтын болады. Ал монополиялық ортада бұл түсім экономикаға пайдасы жоқ салаға кетіп отырады. Одан кейін мемлекеттің өзі монополиялық орта болатын болса, сырттан келетін инвесторлардың қарқынын, қаржы ағынын шектейді. Біз монополиялық компаниялардың көбеюіне жол бере отырып, инвестицияға да шек қоямыз. Одан бөлек, кәсіпорындардың көбеюі жұмыс орындарының ашылуына, жұмысшылардың көбеюіне сеп болады. Халықтың төлем қабілетін арттыруға мүмкіндік туады. Бірақ демонополиялық бағытты ұстанамын деп, өзіміздің негізгі стратегиялық бағыттарымыздан да тайқымағанымыз жөн. Мәселен, «Қазақстан темір жолының» ішіндегі магистралды жол тораптары бар, ол сала мемлекеттік маңызға ие, ондай секторларды Үкімет толығымен өз бақылауына алуы керек. Біз ең алдымен нақты қандай кәсіпорындар монополиялық бағытқа ие екенін айқындап алуымыз керек. Себебі бізде кей кәсіпорындар заң жүзінде монополист болмаса да, олар нарықта монополиялық үстемдік орнатып алған. Осыған байланысты нақты шаралар қабылдануы керек. Мысалға бізде жаңа экономикалық саясат әзірленіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – кәсіпорындарға, бизнеске қолайлы климат қалыптастыру. Климат қалыптастырамыз дегеніміз тек заң жүзінде болмауы керек. Мәселен, іс бастаймын деген кәсіпкерлер көптеген шектеуге тап болады. Тендерге қатысуға тек монополистік компаниялар ғана қатысатындай талаптар қойып қойған. Осының өзі тиімді экономикалық саясаттың жүргізілуіне кедергі болып отыр. Әлемдік тәжірибеде, АҚШ-та болмасын, Батыс Еуропада болмасын, кәсіпорындардың ашылуы өте тез, бірден бәсекелестік ортаға түседі де, қызметін бастап кетеді. Ал бізде бизнесті дөңгелетуге кедергі келтіретін тосқауыл көп. Қарапайым ғана бюррократиялық кедергілер, мемлекеттік сатып алуға қатысуға мүмкіндіктің болмауы әрі қарай жалғаса береді. Заңды монополистік компаниялардың ыңғайына қарай бағыттап қойған. Жалпы, экономикалық саясат жүргіземіз дейтін болсақ, соған қатысатын ойыншылардың барлығына бірдей шарт, бірдей талап, бірдей мүмкіндік беруіміз керек. Осы орындалған жағдайда ғана біз реформа жасауға мүмкіндік ала аламыз.  width=
Жұмабек САРАБЕКОВ, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Әлемдік тәжірибеде демонополизацияға байланысты үлгілер өте көп – Жалпы, экономикадағы демоно­по­ли­зация деген өте ауқымды түсінік, бірақ оның негізгі түйіні нарықтағы бәсекелестік деңгейін арттыру мен ірі ойыншылардың заңбұзушылықтарын шектеуге келіп саяды. Қазақстандағы демонополизацияға кел­сек, біздің жағдайда басты әңгіме мем­лекеттің экономикадағы рөлін азайту тура­лы жүріп жатқан сияқты. Себебі қазірдің өзінде ұлттық эконо­ми­кадағы мемсектордың үлесі өте жоғары. Әри­не, нақты есептеулерді табу қиын, бір­ақ кейбір сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш 50 пайыздан кем емес. Одан бөлек, экономикамыздың отын-энер­ге­ти­ка­лық секторға аса тәуелді екенін айта кет­кен жөн. Мысалы, республикалық бюд­жет­тегі кірістің 45 пайызына жуығы мұ­най мен газ өндірісінен келіп түседі. Бұл жердегі басты проблема қандай дей­­тін болсақ, мемлекеттің эконо­ми­ка­да­ғы үлесі неғұрлым жоғары болған сайын, экономикадағы бәсекелестік жағдайы соғұрлым нашарлай береді. Яғни, монопо­лизм жеке бизнес пен кәсіпкерлерге қатты қысым жасайды. Одан бөлек, мемлекеттік компаниялардың жұмысы көбінесе тиімділігі бойынша біршама төмен болып ке­леді. Мемсектордағы жемқорлық мә­се­лесінің де өршіп тұрғанын айту керек. Сондықтан көтеріліп отырған проб­ле­ма, яғни мемлекеттің экономикаға ара­ласу деңгейін төмендету – Қазақстан үшін өте өзекті мәселе. Егер біздің билік бә­се­кеге қабілетті, заманауи және дағ­дарыс­тарға төтеп бере алатын экономика құруға шынымен мүдделі болса, онда жеке бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасау мәселесімен айналысуы керек. Енді демонополизация бойынша әлем­дік тәжірибеге келсек, ондай кейстер өте көп. Үлгі ретінде Қазақстан алысқа бар­май-ақ, өзінің тарихына үңілсе болады. Мы­салы, КСРО күйреп, еліміз тәуелсіздік ал­ған уақытта, Қазақстан толығымен жос­парлы экономика жағдайында өмір сүріп жатқан болатын. Орталықтандырылған кеңес­тік экономикалық жүйе ыдыра­ған­нан кейін, бізде өте ауқымды дағдарыс бас­­талды. Яғни, социалистік экономика мо­делі толығымен өміршеңдігін жоғалтты. Дағдарыс жағдайында елімізде нарық­тық экономикаға көшу процесі басталып кетті. Оның аясында бұрын мемлекетке тие­сілі көптеген кәсіпорын мен ны­сан жекешелендіріле бастады. Ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін шетелден ірі бизнес өкілдерін ша­қырдық. Ішкі нарықтың жағдайын жақ­сарту мақсатында жеке кәсіпкерлікті қол­­дайтын кешенді заңнамалар қабыл­данды. Әрине, басында мұндай қадамдар дағ­дарысты ушықтырып жібергенімен, уақыт өте келе ұлттық экономикамыз нарық жағ­­дайында өмір сүруге бейімделе баста­ды. Ал мұнай мен металлургия сала­сын­дағы инвестжобалар іске қосылғаннан кейін, бізде тіпті қарқынды экономикалық өсім де байқала бастады. Бірақ қазынасына қаржы көптеп түсе бас­тағаннан кейін, мемлекет біртіндеп эко­номикадағы үлесін де арттыра бастады. Көп­теген холдинг құрылды. Квази­мем­лекеттік сектор деген түсінік пайда болып, кеңінен қанат жая бастады. Белгілі бір дең­гейде экономикадағы мемлекет рө­лінің күшеюі еліміздегі саяси процестердің дамуымен сәйкес келді. Яғни бір орта­лық­тандырылған саяси жүйе бекіген сайын, мемлекеттің экономикаға араласуы да бе­лең ала бастады. Енді не істеу керек дейтін болсақ, де­мо­нополизацияның рецепті мен тәсілдері ай­тарлықтай қиын емес: мемлекет эко­но­микадағы үлесін қажетті минимум дең­гейіне дейін азайтуы қажет. Бұл мақсатқа жекешелендіру арқылы қол жеткізуге бо­ла­ды. Одан кейін, бизнес үшін ашық жә­не түсінікті ойын ережелерін қалыптастыру керек. Бірақ ең бастысы – ойын ережелері барлық бизнес өкілдері үшін тең және әділ болуы қажет, әйтпесе ешбір реформаның әсері болмайды. Шынын айту керек, демонополизация туралы біздің билік соңғы он жыл бойы ай­тып келеді. Ол туралы көптеген концеп­ция­ да қабылданып, қаншама «жол кар­талары» да бекітіліп қойған. Бірақ әзір­ге дейін біз мемлекеттің бизнеске де­ген ықпалынан шынайы бас тартқысы ке­летінін көре алмадық. Себебі көп жағ­дайда биліктегі шенеуніктер ірі бизнеспен ті­келей өздері айналысады. Сондықтан Үкіметтің осы жолғы үндеуінен қандай нәтиже шығатынын тек уақыт көр­сетеді.