Жаңалықтар

Бірлік – бәрінен биік ұғым

ашық дереккөзі

Бірлік – бәрінен биік ұғым

Бүгінгідей сәт сайын құ­был­ған аласапыран заманда бір­лік сөзінің мағынасын тағы бір мәр­те ұқ­қандай болдық. Адамдар ара­сындағы ынты­мақ­тың, жара­сым­ды татулықтың көрі­нісі сана­ла­тын халықтар қам­қор­лығының парқын ұғындық. 1 ма­мыр – Қа­зақ­стан халқының бір­лігі күні қар­саңын­да халық арасындағы ынты­мақты арттырып, сонымен қатар мемлекеттік тілдің нығаюына ат­салысып жүрген, қазақ тілінің маңы­зы туралы ұдайы пікір біл­діріп, ұлттарды ұйыстыруға үндеп жүр­ген өзге ұлт өкілдерімен тілдес­кенді жөн санадық. Татьяна ТҰРЛАЙ, әртіс, блогер: Қазақ тілінің менің өмірімде көмегі көп – Менің анам ауылда қазақтардың арасында өскен­дік­тен, қазақтардың тұрмыс салты мен салт-дәстүрін жақсы біледі. Бар білгенін маған да үнемі айтып жүреді. Әлі есімде, анам базардан Асылбек Еңсеповтің кас­се­тасын сатып әкеліп берді. Сол сәттен бастап оның ше­бер орындайтын күйін күн сайын тыңдамасам тын­шымайтынмын. Сосын бірде анам мектеп кітап­ха­на­сындағы сөреден Шара Жиенқұлованың, қазақтың ха­лық билерінің топтамасы енгізілген «Би құпиясы» ат­ты кітабын тауып, маған оқуға берді. Сол кітапты ба­сынан аяғына дейін оқып, ақырында бірнеше қазақ би­лерін үйреніп алғанмын. Мектепте оқығанда сы­нып­тастарымның арасынан үздік оқушы атанғым келді, сол үшін барлық пәнді, соның ішінде қазақ тілінде жақ­­сы оқуға тырыстым. Өкінішке қарай, мектеп бағ­дар­­ламасы бойынша оқытылған қазақ тілін оқыту әдістемесі біз күткендей нәтиже бермеді. Бірақ сонда да мектептен тыс уақытта қазақи ортада жүріп, қазақ тілін өз бетімше үйренуге тырыстым. Колледжде оқы­ған­да қазақша КВН-де ойнадым. Көпшілік, тіпті қар­сылас командалар «қазақтардың арасында жүрген сары қыз» деп мені үнемі әзілге қосатын. Командаластарым да мені «аямайтын», қазақ тілін жетік білмейтінімді біле тұра менімен тек қазақша сөйлесетін. Негізі, мен қайда барсам да, қазақтілді ортаға тап болатынмын. Ресейдегі Екатеринбург мемлекеттік театр институтында оқы­ғанымда жатақханада тұрған қазақтармен жақын дос бо­лып араластық. Сол кезде таңды таңға ұрып, сүт қо­сылған шай ішіп, жылқы етінен тамақ әзірлегенімізге ре­сейлік курстастарымыз таңғалатын. Студент кезімде татар ұлтының азаматына тұрмысқа шықтым. Десе де күйеуім қазақ отбасында тәрбиеленген, оны бағып-қақ­қан Тұрысбек ата бар тәттіні немересінің аузына то­сып, бетін қақпай өсірген. Сондықтан қайынжұртымның қазақ халқына тікелей қатысы бар. Өз отбасымның да қатысы бар. Туған сіңлім Александра қазаққа тұрмысқа шыққан. Бүгінде Алматыда ата-енесімен бірге тұрады. Қазақ тілінде еркін сөйлеймін деп айта алмаймын, қа­те сөйлеуге қорқамын. Тек қазақша сөйлеуді талап ете­тін жобаларға келісуге тартыншақтаймын, бірақ бойым­дағы бұл үрейді сейілтуге тырысып жүрмін. Ай­на­ламда ұлты қазақ болмаса да қазақшаға судай таныс­тарым жетерлік. Оларға үнемі таңданыспен қараймын. Олар­мен тең болу үшін қазір блогты қазақша жүргізе­мін, қазақтілді сериалдарға түсемін, арнайы маманмен қазақ тілін үйреніп жүрмін. Әлбетте, келіндердің тұр­мыс-тіршілігін сипаттайтын блогты көп адам қарайды. Десе де әлеуметтік желідегі аудиториямның өсуіне қа­зақ мәдениетіне деген риясыз сүйіспеншілік, отба­сылық қалжың әсер етеді деп ойлаймын. Мойындау ке­рек, қазақ тілі өмірімде маған көп көмектеседі, мы­салы, базар аралап жүргенде «Мынау қанша тұрады?» деп сұрасам маған, сатушы сұраған затымның бағасын түсі­ріп береді. Бірақ әу баста блогты аудитория қалай жинасам болады деп емес, айналамды қалай қы­зық­тырсам, қандай пайдам тисе деген оймен жүргіздім. Мен – әртіспін, біз үшін мейірімділік пен әзіл бәрінен жоғары тұру керек. Оған қоса, мен қазақ мәдениеті мен қазақ тіліне «ғашықпын». Осының барлығын біріктіре ке­ле қазір көпшілік білетін Таня Тұрлай болып шыға кел­дім. Бірінші мамандығым педагог-хореограф болған­дықтан, 1 мамыр дегенде «Халықтар достастығы» биі ес­ке түседі. Бұл биді қазақтар, орыстар, қырғыздар, ук­раин­дықтар, беларусьтер, әзербайжандар, грузиндер, немістер, өзбектер және тағы басқа ұлттар өкілі бірге би­лейді. Жыл сайын осы биді билеген кезде осыншалық мә­дениетке бай елде туып-өскеніме марқайып, төбем көк­ке жетіп, ерекше күйге бөленемін. Жалпы, 1 мамыр – ашық аспан астында тұратын барлық халықтың бір­лігін айқындайтын қуаныш мерекесі. Сондай-ақ 1 мамыр – бүгінде жаныма жақын халықтарға жетіспей жүрген бейбітшіліктің құнын түсінуге тамаша мүмкіндік. Олег ЧУГУНКОВ, Курчатов қаласының әкімі: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ БОЛАШАҒЫҢА ДАҢҒЫЛ ЖОЛ АШАДЫ – 1 мамыр менің бала күнімдегі асыға күте­тін мерекемнің бірі болды. Миллиондаған за­ман­дастарым секілді қолыма шар, бейбіт­ші­лік­тің символы саналатын көгершін құсының қа­ғаз бейнесін ұстап алып, ауыл орталығында өте­тін парадқа ата-анаммен бірге қатысуға қат­ты асығатынмын. Бұл – ауылымыздың үздік жұ­мысшылары, қарапайым еңбек адамдары мара­патталып, бір марқайып қалатын ерекше күн. Бұл – ғарышкер болуды армандайтын бала ар­­манымның орнына айға ұшпай-ақ, елімнің өрк­ендеуіне қолымнан келгенін жасап, қара­пайым жолмен де үлес қосуға болатынын ал­ғаш ұғындырған мереке. Ұлтым орыс болғанмен, бала жастан қазақ тілінде ойымды еркін жеткізетіндей деңгейде меңгергенім көрініп тұратын. Өйткені ауылдың то­­пырағында аунап өскен бала болғандықтан тіл­ді меңгеруіме өскен ортамның, дос­тарым­ның, ата-анамның ықпалы зор болды. Бүгінде со­ның жемісін көріп жүрмін. Сондықтан ай­на­ламдағы барша отандасыма тілді меңгеру, әсіре­се мемлекеттік тілді үйрену болашағыңа даң­ғыл жол ашады дер едім. Ал мемлекеттік қыз­мет жолын таңдаған әріптестеріме, әсіресе қол астымда жұмыс істейтіндерге «Қызмет са­ты­сымен көтерілгің келе ме? Мемлекеттік тілді үй­рен! Басты артықшылығы осы» деп моти­ва­ция бергенді жөн көремін. Оларды «Тілді міндетті түрде үйрену қажет» деген талап қойғаннан гөрі осылай ынталандырғанды құп санаймын. Негізі, бұлай талап ету мемлекеттік деңгейде қа­талдау болса өте жақсы болар еді. «Мемле­кет­тік тілді білмейтіндер мемлекеттік тілді мең­герген әріптестеріне қарағанда 25 пайыз аз жалақы алады немесе жоғары лауазымды орын­дарға ұсынылмайды» деген сынды нақты қа­таң талап қойсақ, 30 жыл шешілмеген мемле­кет­тік тіл тақырыбына 1 жыл ішінде-ақ нүкте қоюға болар еді. Мемлекеттік қызмет жолын таңдаған әрбір аза­мат мемлекеттік тілді жетік білуі – заңды­лық. Бірақ біздің елде мемлекеттік тіл тақыры­бы «қамшылап емес, тамшылап» орындалатын өзек­ті тақырып болғандықтан жиі талқыға са­­­лынады. Тәуелсіздігінің отыз жылдық белесін ба­ғындырған елімізде тіл тақырыбын өз дең­гейін­де орындалмай отырғаны мені қынжыл­тады. Меніңше, мемлекеттік тілді үйрету үшін азаматтарына бар мүмкіндікті жасап отырған әлем­дегі ең толерантты ел біз ғана шығар. Осын­­дай мүмкіндікті пайдаланбаған азаматтар өзі­нен көрсін. Қамшылайтын заман келді. Сон­дықтан өз болашағын Қазақстанмен бай­ла­ныс­тыратын, бұл елді Отаным деп бағалайтын кез кел­ген азамат мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс. Мемлекеттік тіл тақырыбы ешқашан тал­қы­ланбауы тиіс. Неге десеңіз, бұл – талқылан­бай­тын, орындалатын заңдылық. Бұл – менің жеке пікірім, азаматтық көзқарасым, ұстаны­мым.