Қарттарымыз қасиетті төрінен айырылып қалды
Қарттарымыз қасиетті төрінен айырылып қалды
Мемлекеттік Елтаңба авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібековті өткен наурыз айында ғана Президент I дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын. Мемлекетіміздің басты нышанының бірі Елтаңбаны ұлт болмысына сай зерлеген сәулетшіміз биыл 80-нің сеңгіріне шығып отыр. Бірақ ақсақал 80 жаста екенмін деп үйде отырған жоқ. Ұлттық сәулеттің ертеңін ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз еңбек етіп жатыр. Сәулет өнерінің астарында ұлттың бүкіл болмысы мен санасы жатқанын дәлелдеу үшін ғылыми жоба жасапты. Өзі қызмет ететін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де орталық ашып, оны «Ойтек» ғылыми орталығы деп атапты. Сәулетшінің ғылыми орталығына арнайы барып, Елтаңба авторымен ұлттық сәулет жайында әңгіме өрбітіп қайттық.
– Болашақ архитекторлардың ұлт мәдениетінен жан-жақты үлгі ала отырып білімін шыңдауға арналған жақсы бір орталық ашып жатыр екенсіздер. Бұл жобаның аты да, заты да өзгеше екені көрініп тұр. «Ойтек» жобасын қолға алуға қандай мәселе себепші болды?
– Кез келген жоба бір күнде пайда бола қалмайды. Қандай да бір ірі істі бастау үшін жылдар бойы ойланып, толғанасың. Өмірден көрген-білгеніңді, көкейіңе тоқығаныңды, тәжірибеңді саралайсың. Осылайша, ауқымды жобаны қолға аласың. Осы жобаны қолға алғанда мені ең әуелі толғандырған мәселе – біздің халқымыздың болмысына, өмір сүру стиліне сай ұлттық архитектура қалыптастыру еді. Жұрт архитектура дегенде ең әуелі ғимараттың сыртқы бейнесін, немесе қандай да бір құрылысты елестетеді. Ол олай емес. Архитектураның – ұлт санасындағы, өмір сүру машығындағы салмағы өте айрықша. Ұлттың өмір сүру салтына сай жобаланған архитектуралық кешен сол халықтың болмысын, өзіне тән ерекшелігін, ғұмырлық дағдысын қалыптастыруға тиісті. Ал қазіргі біз өмір сүріп жатқан үйлердің архитектурасы өзгелердің жобасы, біздің ұлттық ерекшелігімізге арналмаған.
Мәселен, Қазақстанда 87 жерде қарттар үйі бар. Мен олармен кездесуге барамын, әңгімелесемін. Бұрындары қарттар үйінде өзге ұлт өкілдері көп болған болса, қазір қазақтарға толып қалды. Кейбірінің бала-шағасы болса да, олар оны алып кетпейді немесе қарттарымыздың өзі сол балаларымен бірге тұрғысы келмейді. Неге? Мен бұл жөнінде көп ойланамын. Себебі біз қарттарымызды қасиетті төрінен тайдырдық. Қазіргі қалалардағы шағын, кішкентай бөлмелерде ата-енесімен келіндердің, күйеубалалардың бірге тұруы өте қиын. Егер бұрындары қарт адам дастарқан басында төрде отырып, басқаларға үлгі болған болса, қазіргі үйлердің төрі жоқ. Мұндай өмір сүру салты бірте-бірте қарттарды өзінің қасиетті орнынан тайдырып, олардың қадірін кетіре бастады. Кіп-кішкентай ас үйде ене мен келін де керісіп қала береді. Енді қарап отырсақ қарияның барлығын қарттар үйіне қамап қойсақ, немере-шөбереге кім ақыл айтады? Біздің халқымыз үлкенді сыйлап, қарияның айтқанына құлақ салып, оған құрмет көрсетуші еді. Біз де кішкентай кезімізде солардың айтқанымен ақыл тоқтатып, есейдік, ержеттік. Ал қазір бәрі басқаша қалыптасып жатыр. Қоғамның әр саласынан алып қарасақ жоғалтқанымыз, ұтылғанымыз көп сияқты. Мәселен, білім-ғылым саласы жайлы айтайықшы. Біз қазір балаларды балабақша жасынан бастап жан-жақты тәрбиелеп, орта білімде тереңдетіп білім беріп, жоғары білімде шетелдік үлгімен оқытуға тырысамыз. Ал соншама еңбек сіңіріп, жан-жақты тәрбиелеген жастарымыз қолдарына дипломын алған соң кейін, кей жағдайда жұмыссыз қалады. Демек, бұл жүйенің өзі біздің қоғамға арналмағаны немесе дұрыс құрылмағанын білдіреді. Бізге өзіміздің ұлы даланың мәдениеті, ақылы, танымдық мектебі қажет. Адамды тәрбиелейтін, оны тұлға ретінде қалыптастыратын орта.
– Иә, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселені айтып отырсыз. Бұл мәселеге сіздердің жобалап отырған «Ойтектің» байланысы бар ма?
– Біз сол ортаны жасауымыз қажет. Ол үшін ұлттық санада серпіліс жасап, оның байырғы түп-тамырына оралуымыз қажет. Мәселен, біздің жобамыз бойынша бағанағы айтып отырған қарттар үйі болмайды. «Ойтекті» сәтті жүзеге асырсақ қарттарымыз өзінің төріне қайта жайғасатын болады. Біз «төр системасын» қайта жаңғыртуымыз қажет. Қазіргі біздің тұрып жатқан үйлер халқымыздың салты мен дәстүріне, ұлттық ерекшелігіне арналмаған. Қазіргі үйлердің үлкенін де, кішісін де алып қарасаңыз ондағы технология, система, безендіру, жалпы көрінісі ұлттың болмысына сай емес. Онда аталарға, енелерге, келінге, немереге, күйеу балаға арналған орындар жоқ. Барлығы бір сарында. Мәселен, күйеу баласы атасының жоғарғы жағына отыра береді. Осыдан болып бірте-бірте қарттың, қарияның отбасындағы, қоғамдағы орны төмендейді.
Қазір жастар арасында ажырасу өте көп. Сонымен қатар шетелге кетіп жатқандар да бар. Біздің қоғамда өз өзіне қол жұмсау да өте күрделі мәселеге айналды. Ал енді мұның барлығы неге осыншама етек алып кетті деп ойлаймыз. Себебі біз өзіміздің отбасылық дәстүрімізді дұрыс қалыптастыруға арналған архитектуралық кеңістікте өмір сүріп жатқан жоқпыз. Басқалардың архитектурасының құлы болып отырмыз. Біздің «Ойтек» архитектуралық жобасы халқымыздың байырғы дәстүрлі отбасы құндылығын арттыруға негізделген. Бұл жоба бойынша әулет ақсақалының салмағы артып, отбасының әрбір мүшесі өзіндік мәнді орынға ие болады. «Ойтек» жобасы «үлкен үй», «ортаншы үй», «кіші үй» бөліктері негізінде құрылады. Қазір қарияларымыздың барлығы ауылда. Ал балалары қалада. Қариялар қалаға келсе жастардың шағын үйлерінде бірге тұру қиын болады. Сондықтан ауылдарда тұрып жатыр. Ал қариялар ауылда, алыста болғандықтан немере-шөбереге ақыл айту, өмірден көргенін ұғындыру, халқымыздың ұлттық танымына сай білім беру үрдісі үзіліп барады. Біздің жоба бойынша үлкен үй мен отаулар бір кіреберісте өмір сүретін болады. Таңертең жұмысқа кеткенде жастар немерелерін атасы мен апасының қарауына қалдырып кетеді. Кешкісін асты барлық әулет мүшелері бірігіп үлкен үй шаңырағынан ішетін болады. Дастарқан басында, өзінің төрінде қарияның отыруы ештеңе айтпаса да жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі болмақ. Осылайша, біз қарияның салмағын арттырып, әулеттегі негізгі орнын алуына себепші боламыз.
– Айтып отырғандарыңыз көңілге қонымды. Бұл әзірше жоба түрінде тұр ма?
– Иә, бұл – жоба. Біз мұны ғылыми жоба ретінде ұсынып отырмыз. Бұл ғылыми жоба болғандықтан мұның құрамында психолог, филолог, құрылысшы, сәулетші тығы да басқа мамандар жиналып эксперимент жасауы қажет. Біздің мақсат – астанада болсын, басқа қалада болсын осындай бір үйді эксперимент ретінде салып, сол арқылы тәжірибе жүргізіп көру. Қазір біздің үйлерімізге немере-шөбереміздің басын қосып, әулетті түгел жинап қонақ та күте алмаймыз. Халқымыздың салтына сай құда да күте алмайтын болдық. Себебі біз басқа архитектураның құлдығында отырмыз. Ол архитектуралық жоба біздің ұлттық санамызға сай келмейді. Қазіргі архитектура біздің еркіндігіміз бен ұлтқа тән азаттығымызды шектеп отыр.
Мәселен, қазір әжептәуір орта жасқа келіп қалған отағасының үйінде қонақ күтетін зал, шығармашылық бөлме, шағын кітапхана, тағы да адам қызығушылығына байланысты орындар болуы қажет. Мүмкін болса, шағын бау-бақшасы болса қандай керемет.
Мысалы, қазір елге танымал бір қоғам қайраткері өмірден өтсе ол адамның жақындарына көңіл айту үшін үйіне кіріп-шығудың өзі қиын. Ол жерде жаназа да оқылмайды. Себебі үйлеріміз шағын, мұндай жиындарды өткізуге арналмаған. Өзіміздің салтымызды осылайша өзіміз құртып жатырмыз.
– Демек, архитектура дегеніміз құрылыстың сыртқы немесе ішкі бөлігі ғана емес, ұлт санасының негізі болып тұр ғой...
– Әрине, архитектура ұлттық санаға негізделуі қажет. Мәселен, біздің шеберханаларда Сократтың немесе тағы басқа әлемдік ойшылдардың мүсіндері тұрады. Ал менің пайымым бойынша – олардың орнына ең әуелі Шәкәрімнің, Абайдың, Қажымұқанның бейнесін жасауымыз қажет. Ұлт қайраткерлерінің бейнесін, мүсінін жасай жүріп студент олар жөнінде көптеген дерекке қанық болады. Олардың өмірі мен шығармашылығы жөнінде ізденеді. Қазіргі жаңа технология құралдарында барлығы бар. Егер біз өзіміздің құндылығымызды әр сала бойынша жастардың санасына сіңірмесек, барлық салада ұтылып қалуымыз мүмкін.
Бұл бір ғана адамның немес азғантай топтың жұмысы емес. Бұл – бүкіл ұлттың сана-сезімінің жемісі, салт пен дәстүрдің тоғысатын жері. Қазір біздің жобамен сырттай танысқан адамдар мұны жүзеге асыру үшін қаржы керек немесе тағы да басқа деп сылтаулар айтып, сенімсіздік танытуы мүмкін. Егер эксперимент жүргізіп көріп, соның нәтижесінің қаншалықты өнімді болғанын көргенде бұл жоба бірден сұранысқа ие болар еді. Сондықтан кез келген ұлттық жобаға ең әуелі сенім мен демеу керек.
Менің пайымым бойынша әрбір қазақтың баласы өзінің баспанасында тұруы қажет. Ол үйдің қасиетті төрінде ұлтқа қатысты зергерлік бұйымдар ілулі тұрса қандай керемет. Үкілі домбырасы, зерлі қамшысы дегендей.
– Сіз қазір университет профессорысыз, қаншама шәкірттер алдыңыздан өтіп жатыр. «Ойтек» ғылыми-зерттеу орталығын да ашып жатырсыздар. Өзіңіздің тәжірибеңізден айтсаңыз, кез келген адам архитектор бола ала ма, жоқ әлде осы өнерге бейімі болу қажет пе? Өзіңіз бала кезіңізде бұл саланы қалай таңдадыңыз?
– Егер кешенді білім алып, түбегейлі ізденісте болса кез келген адам архитектор болуға негіз бар. Ал мен қалай архитектор болдым дегенге келсем, бала күнімде «архитектор» деген мамандықтың бар екенін де білмедім. Бірақ сызуға, сурет салуға бейім болды. Сол бейімдікті жетілдіре жүріп, одан әрі дамыттым. Мектепте оқып жүрген кездері салған суреттерім Ескендір Құдияров ұстазымыздың ұсынуымен «Сыр бойы» газетінде жарияланған. Ескендір ағайымыз астрономия, геометрия, физика пәндерінен сабақ берді. Ол кісі маған физика оқулығындағы суреттерді қағазға оқу құралы ретінде қайталап салып келуді тапсыратын. Келесі сабақта менің салған суреттерімді көрнекі құрал ретінде тақтаға іліп қойып, оқушыларға сабақ түсіндіреді. Мен сол кезде қандай мағынада сурет салғанымды түсінетінмін. Сол оқулықтағы әртүрлі фигураларды көшіріп жазу менің сурет салуға деген қызығушылығымды одан әрі дамытып, осы өнерге жетеледі.
Қазір мен «Ойтек» бағдарламасы негізінде болашақ мектеп жобасын сыздым. Онда мектеп ғимаратының шеткі жақтарын түгелдей шеберханалар мен әртүрлі үйірмелерге қалдырып отырмын. Сол шеберханалар мен үйірмелерден шыққан соң оқушылар әрі қарай сыныптағы сабағына кіре береді. Оқушылар бірінші сыныптан бастап әртүрлі шеберханаларды көріп өссе, бір күндері солардың ішінен өзінің бейімі бар саланы таңдауға мүмкіндігі мол болады. Біздің жоба бойынша 1-5 сыныпқа дейінгі балалар ең әуелі ұлтқа қатысты тарихты, мәдениетті, әдебиетті, өнерді игеріп алуы қажет. Оның барлығы анау шеберханаларда үйретіледі. Сосын әрі қарай басқа тіл, басқа мәдениетті, әлемдік озық білімді игере берсін. Бастауыш сыныпта іргетасы мықты қаланған оқушы әрі қарай ешқайда адасып кетпейді.
– Сіз архитектураға байланысты білімді Ташкенттен алдыңыз...
– Иә, бір ауыз орысша білмесем де, Ташкенттегі политехникалық институттың сәулет өнері факультетіне оқуға түстім. Ол 1959 жылдары болатын. Сол уақытта Ташкентте қазақтар да көп еді. Бірақ бізге сабақ берген оқытушылардың барлығы Мәскеуден жер аударылып келген ірі ғалымдар болды. Біз орысша жөнді түсінбесек те, ол ғалымдардың практикалық тәжірибесінің көптігінің арқасында іргелі білім игеріп шықтық. Олар біздің түсінбегенімізге ешқашан ренжіместен барлығын басынан бастап түсіндіріп, үйреткен білікті ұстаздар еді. Бір сөзбен айтқанда мектеп жақсы болды. Мен орта мектепте сызу сызып үйреніп барғандықтан институтта оны әрі қарай оңай алып кеттім. Студенттердің сәтті жұмыстарын көрме ретінде коридорға іліп қоятын. Мұндай ынталандыру бізді одан сайын қанаттандырып, мамандықтың қыр-сырын тереңірек игеруге жақсы себеп болды. Онда біз Еуропаның архитектуралық мектебінің озық үлгілерін оқыдық. Ол үрдіс қазірге дейін жалғасып келе жатыр.
Ал біздің қазіргі «Ойтек» архитектурасында «күй архитектурасы», «Абай архитектурасы» деген ұғымдар бар. Мәселен, Абайдың «Жаз», «Күз», «Қыс» деген өлеңдері сөзбен салған, тұнып тұрған архитектура. Леонард да Винчи сұлу әйелдің бейнесін жалаңаш түрінде берсе, Абай оны сөзбен шебер суреттейді. Және біздің ұлттың болмысын ашып көрсетеді. Бұл жерде сен гармонияның не екенін, масштабтың қай деңгейде екенін, әдемілік деген не, оның бір-біріне қарым-қатынасы қандай екенін сезіне аласың. Бұл жердегі орта ұлттық деңгейдегі сана-сезімнің қалыптасуына себепші болады. Ал бізде қазір ұлттық сана жайлы түсінігіміз алашұбар болып кетті. Себебі өзгелердің жасаған архитектуралық кеңістігінде өмір сүріп, рухани таным мен ортамызды басқаша қалыптастырып отырмыз. Біз өзімізге тән архитектура қалыптастырып, кірме архитектураны ығыстырып шығаруымыз қажет. Архитектураның қала құрылысы, ауыл құрылысы, өндіріс орындары құрылысының заңдылықтары, көпір архитектурасы дегендей алуан түрлі ұғымдары бар. Мұның барлығында ұлтқа тән сипат, халықтың рухани-мәдени өмірінен хабар беретін айшықтар болуы қажет. Ұлттық архитектураның әсерімен тіліміздің дұрыс дамуына да себеп бола аламыз. Біз осы жобамызды жүзеге асыратын бір ғимарат болса да салуға сендірсек бәрі нәтижелері болар еді.
– Сеніміңіз бар ғой...
– Сенімім бар. Мұны жүзеге асыруға мүмкіндігіміз мол.
– Кезінде Елтаңбаны ұсынып, конкурсқа қатысқанда да сенімді болып па едіңіз?
– Жоқ. Мен қазір де бұл конкурстардан ұтып шығарыма сеніп отырған жоқпын. Бірақ болашақта осы жоба негізінде архитектуралық үрдіс қалыптасатынына сеніп отырмын. Себебі біз – ұлы дала мәдениетінің өкілдеріміз. Ол болашақта күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болуы қажет. Бұл мәдениеттің иесі біз екенімізді айтып кету – бізге берілген аманат. Себебі Кеңес Одағы тұсындағы мамандардың барлығы орысша оқып, өзге мәдениеттің шырмауынан шыға алмады. Ал Тәуелсіздіктен кейінгі буынға жол көрсету, болашақ бағдарымызды анықтап беру – біздің парыз. Елге қызмет еткісі келетін әкім қара, шенеуніктен бастап зиялы қауымға дейін барлығымыз ұлттық архитектураны қайта жаңғыртуға көңіл бөлуіміз қажет. Себебі мұның астарында қаншама қастерлі құндылықтарымыз жатыр. Мәселен, біздің шағынаудандарымыздың атауын Ақансері ауылы, Біржан сал ауылы, Қажымұқан ауылы, Қанжығалы Бөгенбай ауылы деген сияқты өзгертсек, мұның маңызы ерекше болар еді.
– Кезінде Өзбекстанда жүргенде архитектуралық конкурстардың біразында жеңімпаз болған екенсіз. Нақты қандай жобаларға қатыстыңыз?
– Кеңес Одағы тұсында кемінде 10-15 конкурста жеңіп шықтым. Мәселен, Самарқанның орталығын дамыту менің жобам бойынша іске асты. Наманған, Қоқан, Нүкіс қалаларын дамыту жайлы конкурстарда да бірінші орын иелендім. Біздің сол жобаларымыз негізінде қаланың болашақ архитектуралық тағаны тартылып, әрі қарай жетілдіріліп, дамып отырады. Елге келген соң да талай жобаларға қатысып, өз үлесімді қостым. Ірі жобалардың барлығы – ұжымдық еңбек, ол жерде әртүрлі сәулетшілердің қолтаңбасы бар. Біз іргелі ел боламыз десек, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге, таным, түсінігімізге сай сәулет мектебін қалыптастыруымыз қажет.
Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ