«АMАNАT» әлеуметтік әділдікті орнықтыруға әрдайым баса мән береді
«АMАNАT» әлеуметтік әділдікті орнықтыруға әрдайым баса мән береді
26 cәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «AMANAT» партиясының XXIII съезі өтті. Онлайн форматта өткен съезге барлық өңірден делегаттар қатысты.
Съездегі ең елеулі оқиға – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «AMANAT» партиясынан шығу жөніндегі шешімі. Одан бөлек, «ADAL» партиясының «AMANAT»-қа қосылуы да жиынның жаңалығы болды.
21 сәуірде партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Президент осы жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс XXIII съезді шақыру туралы шешім қабылдағанын хабарлаған еді.
Мемлекет басшысы сөзін қаңтар оқиғасынан кейінгі ел ахуалын оңалту мәселесіндегі партияның рөліне тоқталып, «АMАNАT» әлеуметтік әділдікті орнықтыруға әрдайым баса мән беретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын айтты.
Президенттің пікірінше, «АMАNАT» осы жүйелі өзгерістерге белсене атсалысып келеді. Сонымен қатар партияның қолға алынған реформаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға қосып жатқан үлесіне тоқталды.
– Қаңтар оқиғаларынан кейін мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталды. «AMANAT» осы жүйелі өзгерістерге белсене атсалысуда. Қолға алынған реформаларға партия жан-жақты қолдау көрсетуде. Сонымен бірге, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға үлес қосуда, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын айтты.
– «АMАNАT» әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Сондай-ақ оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент наурыз айының ортасында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын ұсынғанын еске салды. Сонымен қатар бірден Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталғанын, онсыз жоспарланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті.
– Конституциялық реформаның мақсаты – елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау. Өткен аптада Конституциялық кеңеске түзетулер жобасы жолданды. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүлде жаңа үлгісін – Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді. Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан.
Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан «AMANAT» партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғанын айтты. Президенттің пікірінше, біз суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Партиялық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыттың бірі.
«ADAL партиясының «АMANAT» партиясымен бірігу жөніндегі бастамасы – басталған өзгерістердің жарқын көрінісі»
Одан бөлек съезде «ADAL» партиясы мен «AMANAT» партиясының бірігетіні туралы шешім қабылданды.
– Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отыр мыз. «ADAL» партиясының «АMANAT» партиясымен бірігу жөніндегі бастамасы – басталған өзгерістердің жарқын көрінісі. «ADAL» партиясының жетекшілері мен мүшелеріне осы маңызды шешімдері үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан, «ADAL» партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. «ADAL» – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы партиялар мен сайлау туралы заңнамаларды либерализациялау қоғамның рөлін күшейтеді. Бұл – биліктің барлық деңгейінде қабылданатын шешімдеріне қатысты. Президенттің пайымынша, азаматтардың дауысы үшін бәсеке күшейіп, саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны өзгереді.
Ерлан Қошанов – партияның жаңа төрағасы
– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «AMANAT» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы. Президент «AMANAT» партиясының төрағалығына Ерлан Қошановты ұсынды.
– Мен партия төрағасы лауазымына Ерлан Жақанұлы Қошановты ұсынамын. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Ерлан Жақанұлының ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Ерлан Қошанов партиясының төрағасы болып сайланды.
Президенттің пікірінше, мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады.
– Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. «AMANAT» еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бүгінгі өзгерістер «АMАNАT» партиясының заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашатынына сенім білдірді.
Одан бөлек, съезде «АMАNАT»-тың Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияны модернизациялауға байланысты атқарылып жатқан істерге тоқталды. Оның сөзінше, наурыздан бастап мобильді қоғамдық қабылдаулар өз жұмысын бастаған, нәтижесінде 196 ауылда барлығы 163 мобильді қабылдау өткізіліп, 2,1 мыңнан астам азаматтың талап-тілегі тыңдалыпты. 400-ден астам мәселе оң шешімін тауып, қалғандары бақылауға алынған. Маусым айының соңына дейін мобильді қоғамдық қабылдаулар өңірлердегі 500-ге жуық шалғай ауылға баруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция қызметін жандандыру мақсатында қоғамдық кеңестер саны 40 пайызға қысқартылған.
Ерлан ҚОШАНОВ,
«AMANAT» партиясының төрағасы:
Бұл лауазым қоғамдық жұмыс болып есептеледі
– Кеше ғана партияның съезі өтті. Президент ұсынғаннан кейін партияластарым дауыс беріп, мен осы лауазымға сайландым. Бұл лауазым қоғамдық жұмыс болып есептеледі. Ал Парламент Мәжілісінің төрағасы қызметі – сайламалы қызмет. Екеуінің арасында заң жағынан қарама-қайшы ештеңе жоқ деп ойлаймын. Екіншіден,
бұл – әлемдік тәжірибе. Басқа мемлекеттерде де, депутаттар, Парламент төрағалары басымдық алған партияның төрағасы саналып жатады. Ол (бағыт) – президенттің бағытын қолдау, реформаларын жүзеге асыру. Саяси және экономикалық, әлеуметтік реформалар халықтың жағдайын көтеруге, саяси, бизнес пен экономикадағы бәсекелестікті арттыруға бағытталады. Бұл – біздің темірқазық. Біз бұдан ауытқымаймыз.
Ерлан ҚАРИН,
мемлекеттік хатшы:
Саяси уәде орындалды
– «AMANAT» партиясының съезі өтіп, ұйым «ADAL» партиясымен бірікті. Мұның әсерінен билік партиясының электоралдық базасы кеңейіп, қоғамның реформалар төңірегіне шоғырлануы жалғасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «AMANAT» партиясына төрағалық етуді доғарып, партия құрамынан шығуы айтарлықтай жаңалық болғаны сөзсіз. Мемлекет басшысы қаңтар айында партия төрғасының төрағалығы қызметінде кіріскен кезде бұл лауазымды уақытша ғана жыл соңына дейін қабылдағанын айтқанын атап өту керек. Саяси уәде орындалды.
Оған қоса Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында Конституцияда ел Президенті уәкілетіндегі адам саяси партия құрамында болмауы керек деген норманы бекітуді ұсынған болатын. Осылайша, Президент Конституцияға осындай өзгерістің енгізілуін күтпестен өзі бастамашы болған саяси реформаны іс жүзінде бастап кетті.