Жас ғалымдар Талхир тарихи қалашығын аралады

Жас ғалымдар Талхир тарихи қалашығын аралады

Жас ғалымдар Талхир тарихи қалашығын аралады
ашық дереккөзі
Кеше «Ғылым Ордасынан» студенттер мен жас ғалымдар ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізілген Ұлы Жібек жолы бойындағы Талғар қалашығын аралады деп хабарлады turkystan.kz. Мәдени шара әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультеті және «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен ұйымдастырылған «Ақынжанов оқулары – 2022»   конференция аясында жалғасын тапты. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген тарихи орынға Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Борис Железняков бастап барды.  Осы қаланың тарихын зерттеген ғалым қызықты тарихи мәліметтерді айтты.
«Талғар қалашығы он екі жарым ғасыр бұрын, б. з. VIII ғасырда пайда болған ортағасырлық қала мәдениетінің ескерткіші. Бұл қала Алатаудың солтүстік баурайында гүлденген қолөнер мәдениеті мен дамыған сауда-саттығы бар егіншілігі жайқалған қала болды. Бірақ, қала бес ғасырға жуық XIII ғасырға дейін өмір сүрді. Тарихи деректерден бізге Талғар туралы бір ғана дерек жеткен. Белгісіз парсы саяхатшысы еңбегінде бұл қаланы Ұлы Жібек жолының халық жиі жүретін тоғыз жолдың торабында орналасқаны туралы 982 жылы жазған. Осы жазбасында бұл мекенді «Бейбітшілік шекарасы» деп атаған екен. Талхир «түрік тайпалары чигілдер мен қарлұқтардың шекарасындағы таулардың арасында орналасқан. Бұл тайпалардың тұрғындары әскери өнерді меңгерген жауынгер, ержүрек батыр болған және олар қала өмір сүріп тұрғанша жау шапқыншыларынан қорғауға талай бас көтеріп шыққан көрінеді», – деді Борис Железняков.
Археолог-ғалым қазба жұмыстары кезінде қалашықтың орта қабаттарында құнды жәдігерлер мен құрал-саймандар Баласағұн қаласында соғылған 1060 жылдарға жататын бірнеше монеталар табылғанын атап өтті. Талхир
«Шамамен сол кезеңдегі басқа монеталар Тараз бен Шығыс Түркістаннан табылған. 1037-1043 жылдар аралығына сәйкес келетін 15 күміс монета бар көмбе қазір «Есік» музей-қорығында сақталған. Бұл Шығыс Қарахан қағанаты  сауданың дамыған ортасы болғанына дәлел бола алады. Оның сөзінше, қаланың сауда жолында бұрынғы жағдайының жоғалуына байланысты жоғарғы мәдени қабаттар біртіндеп қаңырап бос қалғанын көрсетеді. Қолөнершілер басқа қалалар мен елдерге жер ауып кетті немесе олардың еңбегіне қанаушылық жасап басқа жақтарға алып кеткен. Сонымен қатар, ауылшаруашылық өнімдерінен пайда түспеген сыңайлы. Осы орайда жергілікті халық мал шаруашылығымен айналысуға жан-жаққа ауып кеткен болуы мүмкін», - деді ол.
Жастар экскурсия соңында бабаларымыздың мәдениетін, тарихын көзбен көріп, қолмен ұстап  көргендей әсерлерімен бөлісіп фотоға түсіп, жеріміздің тарихы жөнінде қызықты пікір алмасты.