Жаңалықтар

ІІМ түрмедегілердің санын азайтуға кіріспек

ашық дереккөзі

ІІМ түрмедегілердің санын азайтуға кіріспек

Елімізде түрмедегі жазасын өтеушілердің санын азайту мәселесі күн тәртібінен мықтап тұрып орын алды. Бұл мәселені Ішкі істер министрлігі жіті бақылап отыр. Тіпті, министрлік өкілдері аса ауыр қылмыс жасамағандардың жазасын жеңілдетуді қарастыруда. Үнемі қылмыскерлердің жазасын қатаңдатуды сұрайтын Ішкі істер министрлігі таяуда Мәжіліске жаңа бір ұсыныспен келді. Сөйтіп, мәжілісмендерге «Пробация туралы» заң жобасына енгізілетін өзгерістер туралы баяндап берді.

Пробация қызметі тиімді ме?

Мәжілісте заң жобасындағы өзгерістерді таныстырған ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов сотталғандардың саны артқан сайын бюджетке аса ауыр салмақ түсіп жатқандығын мәлімдеді. Вице-министрдің дерегінше, елімізде бүгінгі күні 40 мыңнан астам адам түрмеде отыр. Ал оларды бағып-қағу үшін Үкімет жылына 35 миллиард теңге жұмсайды. Ресми дерек бойынша, әрбір сотталушы үшін Үкімет күніне 2 933 теңге бөледі. Ал бұл өз кезегінде ел қазынасына айтарлықтай салмақ салады. Осыны ескерген Ішкі істер министрлігі түзету мекемелерінде тек ауыр қылмыс жасаған адамдар ғана отыруы керек деген тоқтамға келген сыңайлы. Министрлік заңға қайшы әрекет жасаған кейбір азаматтарды бостандықта алып қалудың жолдарын қарастырған. Яғни, алдағы уақытта алаяқтық, ұрлық, бұзақылық жасаған адамдардың пробациялық қызметке жүгінуге құқығы бар. Әрине, мұндай жеңілдіктің адам өлтіріп, қыз зорлаған қаныпезерлерге, яғни, аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге еш қатысы жоқ. Сонымен қатар, министрліктің «Пробация туралы» заң жобасына енгізгелі отырған өзгерістеріне сай, қылмыс жасаған жасөспірімдер мен 58 жастан асқан әйелдер, жүкті келіншектер мен мүгедектер де абақтыны айналып өте алады. Бұған дейін Қазақстанда пробациялық қызметке тек шартты түрде жаза арқалағандар ғана жүгінетін. Енді азаматтар сотқа дейін және жазасын өтеп, бостандыққа шыққан соң да пайдалануға мүмкіндік алмақ. Ал Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Үкімет отырысында «Пробация туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобалары жөнінде баяндаған еді. Сонда министр: «Еліміздің қылмыстық заңын әлемдік тәжірибемен орайластыру үшін құқық бұзушыларға қылмыстық-құқықтық ықпал етуді арттыру саласын кеңейту мақсатында 2012 жылдан бері қолданыста болып келе жатқан үкімдік және пенитенциарлықтан кейінгі кезеңдермен қатар сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробация енгізіледі», – деп атап өткен. Министрдің түсіндіруінше, сотқа дейінгі пробация кезеңінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі бойынша баяндама жазылады, онда күдіктінің жеке басының ерекшеліктері туралы сотқа арналған ақпарат, сәйкес шаралардың орындалуы немесе оларды орындауға деген ұмтылысы қамтылады. Сот бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған жағдайда пробацияның келесі үлгісі – пенитенциарлық пробация қолданысқа енгізіледі. Жалпы, пробация қызметінің негізгі мақсаты – шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Нақтырақ айтқанда, жазасын өтеп шыққан адамдарды жұмысқа орналастыру. Яғни, айыпталушының мамандық алуы, жұмысқа бейімделуі, сонымен қатар, оларды кәсіпкерлікке үйрету бағытында жұмыстар жүргізіледі. 2012 жылы елімізде пробация қызметі жүзеге асырыла бастағанда сала қызметкерлері шартты түрде сотталғандарды бақылау мен қадағалаудан ары аспайтын еді. Уақыт өте келе бұл қызметтің шеңбері кеңейіп, бас бостандығынан айырылғандар, мерзімінен бұрын бостатылғандар мен түзеу мекемелерінен шыққандарға әлеуметтік-құқықтық, психологиялық көмек көрсету, кәсіби білім беру, жұмыспен қамтуға да ерекше мән беріліп отыр. Мамандар пробация қызметін қолданудың маңызы зор екенін айтады. Соңғы жылдарда жасаған қылмысын екінші рет қайталағандар санының күрт кемуі осының айғағы дейді сала мамандары. Бүгінде еліміздің Ішкі істер органдарының пробациялық бақылауында шамамен 22,5 мың адам есепте тұр. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 12,3 мың болған. Оларға арнап 30 797 жеке бағдарлама құрылды. Соның нәтижесінде 4 мың сотталушы жұмысқа тұрып, 10 108 сотталушыға медициналық көмек көрсетілді, 188-і жоғары білім алды. Пробация қызметінде есепте тұратын адамдардың қайталап қылмыс жасауы 7 пайызға төмендеді. Ішкі істер министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылы түрмеде жазасын өтеушілердің саны 17 пайызға, ал соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 30 пайызға азайыпты.

«Түрмедегілерді асырау оңай емес»

Бүгінде ел Үкіметі 40 мыңнан астам сотталушыны абақтыда ұстап отыру үшін үлкен көлемде қаржы жұмсауда. Сондықтан, мұндай шығынды азайту үшін өткен жылы Бас прокуратура еліміздегі кейбір түрмелердің есігіне қара құлып салу қажеттігін айтқан. Сол арқылы экономикалық тұрақсыздық орын алған уақытта мемлекет қазынасындағы қаржыға біршама үнем жасау көзделді. 1995 жылы Қазақстан түрме индексі бойынша АҚШ пен Ресейден кейінгі ­3- орында болған. 2012 жылы біздің еліміз бұл көрсеткіш бойынша 33-орынға шықты. Ал 2015 жылы Қазақстан халықаралық түрме рейтингінің көрсеткіші бойынша 57-орынға тұрақтады. 2012-2015 жылдар аралығында еліміздегі сотталғандардың саны 25 пайызға кеміді. Бүгінде олардың саны 90-шы жылдарға қарағанда 2 есе, ал 80-ші жылдарға қарағанда 3 есе аз. Қазақстан мұндай нәтижеге рақымшылық қолдану арқылы емес, жүйелі әрі жан-жақты ойластырылған қайта құрулардың арқасында қол жеткізді дегенді алға тартады сала мамандары. Жалпы, халықаралық стандарт бойынша салыстырмалы түрде алғанда 100 мың тұрғынға 150 сотталушыдан келуі керек. Сонда ғана мемлекетте қылмыстық сот төрелігі және түрме менеджменті дұрыс ұйымдастырылған деп санауға болады. Мәселен, Тәжікстанда түрме индексі 130 болса, Англияда – 150, Францияда – 101, Германияда – 80, Ресейде – 487, ал алпауыт АҚШ-та – 716. Ал Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша алғашқы елуліктің ішінде болған еді. Сондықтан, елімізде түрме реформасын жасау қажеттігі туындады. Бүгінде түрмеде отырған сотталушылар саны 2010 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге аз. Соңғы жылдары елімізде түрмеде отырғандардың саны азайғандығын халықаралық World Prison Brief зерттеу ұйымы да растайды. Зерттеу ұйымының дерегінше, Қазақстанда 2002 жылы 85 мыңға жуық адам, 2012 жылы 52 мың адам түрмеде отырған. Дәл қазіргі уақытта еліміз түрмеде отырғандардың саны жағынан халықаралық ұйымының рейтингінде 45-орында тұр. World Prison Brief зерттеу ұйымының деректері бойынша, абақтыдағы азаматтардың саны жөнінен Орталық Азия елдері ішіндегі Өзбекстан көш басында тұр (42-орын). Бұл елде 44 мыңға жуық адам түрмеде жазасын өтеп жатқан көрінеді. Түркіменстанда – 30,5 мың, Қырғызстанда – 9,7 мың, Тәжікстанда – 9,3 мың адам түрмеге қамалған. Елімізде 1996 жылдан бастап түрмедегілердің санын азайту бойынша сан түрлі шаралар жүргізіліп келеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 8 рет рақымшылық жарияланып, 48 мың 600 адам түрмеден босап шыққан. 2013 жылы Қазақстан Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 шарасы» атты бағдарламасы бастау алды. Бұл шара аясында кешірім беру, мерзімінен бұрын шартты түрде босату әдістері мен қоғамдық жұмыстарға тарту, орташа және көп көлемде айыппұл салу жазалары жиі қолданыла бастаған. Бас прокуратураның дерегінше, 2015 жылы 11,6 мың сотталушы мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған немесе жазасы жеңілдетілген. Қоғамдық жұмысқа тарту жазасы өткен жылы 2014 жылмен салыстырғанда 660-тан 3392-ге өссе, айыппұл салу жазасы 21,2 пайызға көбейген. Атап айтсақ, 2015 жылы 6 мың адам 3,1 миллиард теңге айыппұл төлеген.

Қылмыстың саны азаймады...

Түрмеде жазасын өтегендердің көпшлігі бостандыққа шыққаннан кейін барар жер, басар тауы болмай, қайтадан қылмыстық әрекеттерге барып, темір торға қайта оралуы жиі кездеседі. Ресми деректер бойынша, қайтадан қылмыс жасаушылардың қатары 8,8 пайызды құраса, ал қылмыс жасаушылардың өзге 91,2 пайызы бірінші рет қылмыстық іске барғандар. Бас прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, қазір түрмеде отырғандардың 41 пайызы екі және одан да көп мәрте сотталғандар. Яғни, олар үшін түрме өз үйлеріне айналған, кесілген мерзімін өтеп болып, бостандыққа шыға сала қайтадан қылмысқа ұрынып, үйренген жеріне қайта баруға асығады. Десек те, Бас прокуратура өкілдері қылмыскерлерді абақтыдан шығармас бұрын оларға түрмеде жұмыс берілетіндігін айтады. Құзырлы органдардың айтуынша, бұл сотталушыларды бостандыққа бейімдеудің бір тәсілі. Сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіші өткен жылы 51 пайыздан 55-ке артып, олардың жәбірленушілерге қылмыстық жолмен келтірген 846,8 млн теңге залалды өтеуіне жол ашылды. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 3 есеге артты. Сотталушының еңбекке деген ұмтылысы ұзақ зерттеледі екен. Ал сотталғандарды еңбекке тарту қайта әлеуметтендіруді тиімді түрде жүргізуге ықпал етеді. Жазасын өтеушілер түрмеде жұмыспен қамтылса, бостандыққа шыққан алғашқы уақыттарда қажетті қаражаты болар еді. Осы орайда елімізде «Колонияларда сотталғандарды жұмыспен қамту – 2017» жобасы қолға алынды. Аталмыш жобаның мақсаты – сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткішін 2018 жылға қарай 75 пайызға дейін жеткізу. Сондай-ақ, еліміздегі құқықтық саясаттың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы да сотталғандарды қоғамдық еңбекке тарту жолымен оларды жұмыспен қамту мәселесін шешуге негізделген. Түрмедегілердің санын азайту, сотталғандарды жұмыспен қамту, жеңіл қылмысқа барғандардың жазасын жеңілдету секілді шаралар қолға алынғанымен, бұл елдегі қылмыс деңгейінің азаюына ықпал етіп отырған жоқ. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, Қазақстанда заң бұзушылық пен қылмыс саны соңғы жылдарда төмендемеген. Мәселен, 2011 жылы – 206 мың, 2012 жылы – 280 мың, 2013 жылы – 350 мың, 2014 жылы 340 мың қылмыс тіркеліпті. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, еліміздегі қылмыстық статистиканың өсуі жеңіл және орташа дәрежедегі қылмыстардың есебінен туындауда. Қазақстандағы қылмыс саны орташа деңгейдегі заңбұзушылықтар әсерінен артып отырса да, елімізде қылмыстардың жазасын жеңілдету үшін құзырлы органдар барын салуда. Сонда бұдан ұтатын кім? Қылмыс жасаған адам қайткен күнде де жазасын өтеуі тиіс. Қылмыстың өтеуі – жаза. Ал қылмыс жасағаннан кейін олардың айыппұлын төлеп, әрі қарай жүре бергенінен кімге қандай пайда бар? Ең дұрысы, қоғамда қылмыскерлер санын бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен айырбастау арқылы емес, қылмыстың алдын алу шараларын күшейту арқылы жүзеге асырған жөн секілді. Десек те, қоғамда қылмысты да, қылмыскерді де азайтуды қолға алғанның еш айыбы жоқ. Егер еліміздегі заң жобаларына енгізілген өзгерістер мемлекет қазынасындағы қаржыны сақтап, қылмыскерлер санын төмендетуге мүмкіндік берер болса, бұл бастамаға қарсылық таныту әбестік болар. Бірақ әзірге құзырлы органдардың жаңалығы қаншалықты жақсылық болып шығары белгісіз.