ВИЧ жұқтырған 100 баланың балалықпен қоштасар күні таяу

ВИЧ жұқтырған 100 баланың балалықпен қоштасар күні таяу

ВИЧ жұқтырған 100 баланың балалықпен қоштасар күні таяу
ашық дереккөзі
2006 жыл отандық медицина тарихындағы сындарлы жыл болды десек, қателеспеспіз. Өйткені дәл сол жылы дәрігерлердің салғырттығынан 200-ден астам бейкүнә сәби ВИЧ вирусын жұқтырған еді. «Дәрігерлер ісі» бойынша 21 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазір сол балалардың басым бөлігі 11-12 жасқа толды. Оларға қауіпті індет жұқтырғандарын естіртетін уақыт жетті. Перзентінің жанын жаралаудан қорқатын ата-аналарды да, балаларды күйзелістен аулақ қылғысы келетін психолог мамандарды да ауыр міндет күтіп тұр. Көршілес Ресейде ВИЧ жұқтырған балаға сырқатын жеті-сегіз жасында естірту тәжірибесі қабылданған. Ал Қазақстан мамандары бұл межені 11-12 жас деп бекіткен. Жуырда оңтүстікқазақстандық дәрігерлермен тілдескен «Азаттық» тілшісінің хабарлауынша, биыл аймақтағы 11-12 жасар 59 балаға ВИЧ жұқтырғаны айтылған. Алда 102 балаға сырқаты жайлы естірту және оларға қолдау көрсету жұмысы күтіп тұр. Ата-аналар өздері естіртуден қорқатындықтан арнайы мамандардың көмегіне жүгінеді екен. Шымкенттегі «Ана мен бала» оңалту орталығының психологы Ұлбосын Әбдірайымованың айтуынша, ОҚО мамандары «2007 жылдан бері 85 балаға, соның ішінде биыл 56 балаға ВИЧ жұқтырғанын естірткен. 2016 жылдың желтоқсан айы мен 2017 жылы 102 бала қатерлі кеселге шалдыққанын естуі керек. «ВИЧ жұқтырғанын бала 11-12 жасында білгені дұрыс. Балаға жеңіл тиеді. Өтпелі кезеңде білсе, тұйықталып алуы мүмкін»,– дейді маман. – Естірту кезінде көбіне ата-аналар қатыспайды. Эмоция білдіріп қоямыз деп қорқады. Мысалы, диагнозы айтылған кезде ата-анасы жылап жіберсе, бала ауыр қабылдайды. Сондықтан тек мамандар отырып, түсінікті етіп, артық сөз қоспай жеткіземіз. 11-12 жасында айтылса, шала түсінеді. Көбі ауру туралы білмейді. Түсіндірген соң өз денсаулығына жауапты қарай бастайды. Сосын тепе-теңдік принципін ұстай отырып бір жыл шамасында жұмыс істейміз. Түсініп, бейімделуін күтеміз, – дейді Ұлбосын Әбдірайымова. Психологтың пікірінше, елімізде ВИЧ жұқтырған балалармен жұмыс істеуді жеңілдететін арнайы жобалар, бағдарламалар қарастырылмаған. «100-ден аса балаға естіртуге уақытымыз бен мүмкіндігіміз жетпейді-ау деген қорқыныш бар. Айтпауға болмайды, жасы жетті. Әрқайсысына уақыт, көңіл бөлу керек. Балалармен топтық жұмысқа да қаржы керек. Бұл – үлкен түйткіл. Мұндай мәселе бұрын болмаған, арнайы жобалар жоқ. Әлеуметтік жоба қажет», – дейді ол. Бұл пікірді «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қоры төрайымы Жанетта Жазықбаева да қолдайды. Қоғамдық қор өкілдері ВИЧ-ке шалдыққан балаларды қолдайтын жоба қажет екенін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне айтқан. Алайда түрлі сылтау айтқан ведомство тарапынан ешқандай әрекет болмапты. Жанетта Жазықбаева баланың өз диагнозына бір жылда үйренетінін, жыл бойы оған қолдау көрсету өте маңызды екенін айтады. «Жаппай естірту ісі күтіп тұр. Арасында әлеуметтік жағдайы төмен балалар көп. Олар көп уақыт психологиялық қолдауға зәру», – дейді қор төрайымы.

«Баламды балабақшаға қабылдамай қойды»

«Ана мен бала» орталығының дерегінше, 2016 жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша ОҚО-да 15 жасқа дейінгі 224 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде ВИЧ-ті биыл жұқтырғандарының саны – сегіз, былтыр жұқтырғаны да – сегіз бала. 224 баланың 212-сі 5-15 жас аралығында. Солардың бірі – Ербол (есімі өзгертілген). 5 жастағы ұлының ВИЧ вирусын жұқтырғанын алғаш естігенде анасы Гүлзира өмірден түңіліп кеткен. «Әлсіреп, басым айнала берген соң дәрігерге бардым. Дәрігер тексере келе ВИЧ-ке қан тапсыруымды сұрады. Анализ қорытындысын естігенде талып қала жаздадым. Ол кезде Ербол үш айлық еді. Емізулі балама ВИЧ менен сүт арқылы жұқты», – дейді ол. Ал әйелге қатерлі вирус жыныстық жолмен күйеуінен берілген. – Жүкті кезімде де, перзентханада да анализдерде ВИЧ болмады. Сөйтсек, жолдасым қайдан жұқтырғанын білмейді, осы ауруды алып келіпті. «Мені аямасаң да, балаға жаның ашыса нетті? Неге айтпадың? Баланы сақтап қалар едік қой» деп сөктім. Бірақ бәрі кеш еді, – дейді Гүлзира Қазір Ербол күн сайын арнайы дәрілер қабылдайды. Қаршадай бала: «Неге дәрі іше беремін?» деп анасын сұрақтың астына алғанда шарасыз ананың «Бұл – витамин, мықты болу үшін ішуің керек» деп алдаусыратып келеді. Гүлзира уақыты келгенде Ерболға шындықты айтуға тура келетінін біледі. Жолдасы екеуінің батылы жетпегендіктен, балаға ВИЧ жұқтырғанын естіртетін уақыт жеткенде арнайы мамандардың көмегіне жүгінбек. Әзірге қолдау көрсететін шығар деген үмітпен бес-алты туысына ғана айтқан. Сондай-ақ, Ербол барып жүрген балабақшаның медбикесіне ескерткен. Ұлдарының дертін құпия сақтап жүрген ата-ананың «ешкімге айтпай-ақ қойсаңыз» деген өтінішіне медицина қызметкері түсіністікпен қарапты. Әйтпесе баланың ВИЧ жұқтырғанын білсе, балабақшаға қабылдаудан бас тартып, онсыз да шарасыз күйде жүрген ата-ананы одан сайын тығырыққа тірейтіндер бар. Шымкенттік Феруза Жәнібекова – сондай келеңсіз жағдайды бастан өткерген жалғызбасты ана. Әйел өзінің және үш жасар ұлының қауіпті дертке шалдыққанын биылғы жылдың шілде айында ғана білген. Баласы қатты ауырып, дәрігерге қаралған кезде бүлдіршіннің қан сынамаларынан ВИЧ вирустары анықталған. Жалғызбасты ананың айтуынша, ол бірінші жұбайынан ажырасып, ұлы бір жас төрт айға толған кезде басқа бір азаматпен қосылып, онымен төрт ай бірге тұрыпты. Феруза ВИЧ-ті сол екінші күйеуінен білмей жұқтырған, дерт емшек сүті арқылы балаға берілген. Кейін жағдайға көндігіп, ес жиған ұлы Илхамды бұрын барып жүрген «Алдияр» балабақшасына қайта орналастырмақ болады. Жағдайдың бәрін білген соң балабақша меңгерушісі оны қабылдаудан бас тартқан. «Басқа балаларға қауіпті» деп шығарып салыпты. Ферузаның айтуынша, баласының диагнозын балабақша медбикесіне емхана дәрігерлерінің кеңесімен айтқан, бірақ ол мәліметті балабақша қызметкерлерінің біразы біліп қойған. Феруза Жәнібекова тап болған жағдайдан «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева да хабардар. Ол анасы мен баласының құқығын әуелі Ферузаның екінші күйеуі, одан кейін балабақша басшылығы бұзған дейді. – Феруза Жәнібековаға екінші күйеуі ВИЧ жұқтырып, облыстық СПИД орталығында тіркеуде тұратынын жасырған. Ал балабақша медбикесі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 95-бабын («Дәрігерлік құпия») бұзып, балада ВИЧ барын балабақша меңгерушісіне айтқан. Меңгеруші осы заңның 112-бабы («АИТВ инфекциясының және ЖИТС-тың профилактикасы, диагностикасы және оны емдеу мәселелеріндегі мемлекет кепілдіктері») мен 113-бабын («АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын адамдарды әлеуметтік қорғау») сақтамаған, – дейді Жанетта Жазықбаева. «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорының өкілдері балабақшаға барып, ВИЧ-тің жұғу жолдарын, балабақшадағы басқа балаларға қауіп жоқ екенін, мұндай жағдай практикада кездеспегенін түсіндіргеннен кейін балабақша меңгерушісі Илхамды тәрбиеленушілер қатарына қайта қабылдауға келіскен. Алайда Феруза Жәнібекова баласының диагнозын жария етіп, құқығын бұзған балабақшаға Илхамды қайта апарудан бас тартты.

Бейберекет жүрістің сорақы салдары

2016 жылдың І жартыжылдығындағы дерек бойынша Қазақстанда иммун тапшылығы вирусын жұқтырған 27357 адам тіркелген. Олардың 25 053-і – Қазақстан азаматтары болса, 1733-і – шетелдіктер. ВИЧ-ті жұқтырғандар бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Алматы қаласында – 219,9 пайыз, Павлодар облысында – 203,4 пайыз, Қарағанды облысында – 192,8 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 163,1 пайыз және Қостанай облысы – 141,2 пайыз. Мамандардың айтуынша, бұрын бұл кесел есірткі қолданатындар арасында ине арқылы кеңінен таралған, ал қазір қатерлі инфекцияның 80 пайызы жыныстық жолмен жұғады. Мәселен, 2016 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, Қарағанды облысында ВИЧ жұқтырған 4415 адам тіркелсе, оның 1791-і кеселге жыныстық қатынас салдарынан шалдыққан. Аты жаман аурумен ауыратындардың әлеуметтік портреті де өзгерген. Бұрындары ВИЧ-ті тек нашақорлар, жезөкшелер жұқтырса, қазіргі таңда аталған кеселге мұғалімдер де жиі шалдығатын болған. Қарағанды облысында айықпас дертке шалдыққан педагогтардың саны 47-ге жетті. Олардың көпшілігі – күйеуінің бейберекет жүрісінен жапа шегіп отырған әйелдер. «ВИЧ жұқтырғандардың дені 20-50 жас аралығындағы азаматтар, олардың барлығы дерлік инфекцияны жыныстық жолмен жұқтырған. Бұл тізімде педагогтардан бөлек полиция қызметкерлері мен кәсіпкерлер де бар. «Мұндай әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін азаматтар ешқашан есірткі пайдаланып, ішкілікке салынбайды. Яғни, ВИЧ оларға жыныстық қатынастан жұққан. Қарағанды облысы бойынша аурудың ең көп тіркелген ошақтары Бұқар жырау мен Нұра аудандарында», – дейді Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының психологы Д.Балғымбекова. Естеріңізде болса, бейтаныс бикештермен көңіл қосам деп, өмірін өксіткен азаматтар жайлы бұған дейінгі «Кездейсоқ кездесулерден кесел жұқтырған» атты мақаламызда кең тарқатып жазғанбыз. Мәселен, Ақтөбе облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықта тіркеуде тұрған ерлердің кейбірі 10-12 әйелмен жақындасқанын мойындаған. Бірақ бірінің де толық аты-жөнін не телефонын білмейді. Интернет пен кафеде танысқан бикештермен бей-берекет жақындасудың салдары сорақы болуы мүмкін екенін ойламаған да.

ВИЧ жұқтырған дәрігерлер саны 4,4 есе артқан

Ең қорқыныштысы, елімізде ВИЧ инфекциясын жұқтырған арасында ақ халаттылардың көбейіп бара жатқаны. Республикалық СПИД-пен күрес және профилактика орталығының мәліметінше, Қазақстанда иммун тапшылығы індетіне шалдыққан медициналық қызметкерлер саны 4,4 есеге өскен. 2016 жылдың 6 айында республика бойынша медициналық мекемелердің 51 қызметкерінің ВИЧ дертін жұқтырғаны анықталды. Олардың жиырма екісі – дәрігерлер, мейірбикелер, лаборанттар. Қалғандары қызмет көрсететін жұмыскерлер. Инфекция көзі 27 орында анықталған. Еліміз бойынша тек Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана медициналық қызметкерлердің ВИЧ-инфекциясын жұқтыру оқиғалары тіркелмеген. Республика бойынша ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 22 медицина қызметкерінің 10-ы Алматыға тиесілі. Дертті жұқтырғанның бәрі де әйелдер, олардың екеуі әйелдер кеңесінде жұмыс істесе, екеуі емханада, біреуі стационарда және үшеуі Алматы қалалық «СПИД» орталығында жұмыс істеген. ВИЧ жұқтырған алматылық ақ халаттылардың біреуі дәрігер, қалған 9-ы орта білімді медициналық қызметкерлер, яғни медбикелер мен лаборанттар. Олардың 8-нің жасы 40-қа толмаған. Айтылған 10 адам да инфекцияны жыныстық жолмен жұқтырған. Ал Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы ВИЧ- инфекциясын жұқтырған медбикелердің «коммерциялық» төсектестері бар екені анықталған. Инфекция жұқтырған қалған төрт қызметкер егілу жолымен есірткі қабылдайтын көрінеді. Дәрігерлердің бұл дертті жұқтыру жолдары адам айтса сенгісіз. Мысалға, алматылық «науқастардың» бірі 2016 жылы ВИЧ-ке тексерістен өткен, нәтижесі таза шыққан. Оның төсектесінен де инфекция табылмаған. Дегенмен, сәуір айында оған ота жасалған. Содан кейін ағзасында ВИЧ инфекциясы пайда болған. Қайдан жұққаны анықталмады. Инфекция жұқтырған келесі бір медбикенің қатарынан екі адаммен төсек қатынасына түсіп жүргені белгілі болды. Олардың біреуі әлі тексерістен өтпеген. Оның үстіне, 2014 жылы бұл науқас Қапшағай мен Алматының ауруханаларында ем алған көрінеді. Тағы да бір дертті медбикенің төсектегі серігі ВИЧ-дертімен ауырмаған, бірақ бірнеше жыл бұрын Алматы Орталық қалалық емханада ем алған. Ал Астанадағы ВИЧ инфекциясын жұқтырған медбике – екі баланың анасы. Ол 2 жыл бұрын жезөкшелікпен айналысқан көрінеді. Эпидтексеріс барысында республикалық СПИД-пен күрес және профилактика орталығының қызметкерлері инфекция жұқтырған медбикелердің барлығы да өз кінәларынан жұқтырған деген тоқтамға келді. Олардың 40 пайызы белгісіз адамдармен төсек қатынасына түссе, төртеуі жезөкшелікпен айналысқан, ал 15-і ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандармен және нашақорлармен жыныстық қатынасқа түскен. Ал үш медициналық қызметкердің бұрындары жазасын өтеу орындарында болғаны анықталды. Астана, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарының төрт медицина қызметкері бұл инфекцияны гомосексуалды жыныстық қатынас кезінде жұқтырған. Бір таңқаларлығы, 2016 жылы ВИЧ жұқтырды делінген медициналық қызметкерлердің 43 пайызы бұрын ВИЧ-инфекциясына тексерілмеген. Айықпас дертке шалдыққан медбикелердің үшеуі сырқаттары жайлы өте кеш білген, салдарынан ауру 3-клиникалық деңгейге дейін асқынған. ВИЧ инфекциясы жұққан сәттен бастап ағзаның қорғаныш жүйесі біртіндеп әлсірей береді. Оны жұқтырған адамдардың көпшілігі бірнеше жылға дейін өзінің сырқат екенін сезбей, сау адамша жүруі мүмкін. Алайда дертке шалдыққан адам тиісті ем алмаса, уақыт өте келе оның сырқаты асқынып, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына (СПИД) ұласуы мүмкін. Яғни ЖИТС – бұл аурудың ең ақырғы сатысы. Алайда бұл туралы хабары аз болғандықтан, көпшілік АИТВ-ға шалдыққандарға үрке қарайды. Еліміздің ешбір заңнамалық құжатында ВИЧ дертіне шалдыққандар жұмыстан шеттетілсін деген шектеу жоқ. Өйткені ауру тұрмыстық жолмен берілмейді, тек инемен есірткі қолдану, жыныстық жол мен қан арқылы ғана тарайды. Мұның бәрін біле тұра, қоғам қауіпті инфекция жұқтырғандардан іргесін аулақ салады. Олардан мүмкіндігінше жырақ жүруге тырысады. Қызметтес, дастарқандас болудан қашады. Кесел жұқтырғандар өздерін көзге шыққан сүйелдей сезінетіні сондықтан. Келер жылы мамандардан өз сырқаты жайлы еститін 102 бала үшін де тән жарасынан бұрын жан жарасы ауыр болары анық.