Оқушының соққыға жығылғанын жасырған директор жазаланды
Атырауда оқушының соққыға жығылуына байланысты тергеу жүріп жатыр деп хабарлады turkystan.kz.
Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің айтуынша, 25 сәуірде №36 мектептің 10-сынып оқушысы соққыға жығылған. Соған байланысты дене жарақатын қасақана келтіру дерегімен ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы, 2-бөлігінің 8-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
«Жедел тергеу шаралары күдікті ретінде 11-сынып оқушысын анықтады. Оқиғаның бүкіл куәгерінен жауап алынды. Қазір қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері, оның ішінде сот-медициналық сараптама жасалып жатыр. Кәмелетке толмағандарға қатысты заңға қайшы әрекеттерді хабарламағаны үшін мектеп директоры Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 127-1-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылды», - дейді Аршат Тайтуллин.
Облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің дерегіне сүйенсек, науқас емдеу орнына 25 сәуірде, сағат 17:00 шамасында түсіп, лор бөліміне жатқызылған.
«Науқасты шұғыл операциялық көмекті қажет етпейтіндігіне байланысты Батыс Қазақстан облыстық ауруханасының мамандарына жіберу келісілді. Алайда ата-анасы 26 сәуірде сағат 12:00-де баласын қолхатпен шығарып алып, Оралға ұшақпен алып кетті», - дейді Нұрқабыл Айтмұхамбетов.