Шұғыл: «Зекет» қорына қатысты ресми ақпарат шықты

Шұғыл: «Зекет» қорына қатысты ресми ақпарат шықты

Шұғыл: «Зекет» қорына қатысты ресми ақпарат шықты
ашық дереккөзі
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы БАҚ-та жарияланып жатқан «Әнуарбек Жексенғалиевтің бір жылдары «Зекет» қоры Астана қаласы өкілдігінің директоры болған» деген хабарға қатысты мәлімдеме жасады деп хабарлады turkystan.kz. Мәлімдемені Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы өзінің Facebook-тегі парақшасына жариялады. Ол Діни басқарманың әріптестерімізден тек ресми ақпаратқа жүгінуді сұрайтынын, журналистің әдейі таратқан материалы көптің ойына күмәнді ой салғанын айтып, «Әнуарбек Жексенғалиев бір жылдары «Зекет» қоры Астана қаласы өкілдігінің директоры болған» деген мәліметтің қайдан шыққаны және оны қайдан алғаны басқармаға белгісіз екенін айтты. Осыған байланысты ол Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Әнуарбек Жексенғалиевке қатысты мәлімдемесін жариялады.
«Әнуарбек Жексенғалиев 2016, 2017 жылдары, яғни 1 жыл көлемінде «Зекет» қорының жанындағы қайырымды кәсіпкерлерден құралған Қамқоршылар кеңесінің Астана қаласы бойынша мүшесі болды. Ерікті түрде қоғамдық негізде қордың ізгі іс-шараларына үлес қосты. Әнуарбек Жексенғалиевтің ешқандай заңды өкілеттігі болған жоқ. Ол ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының директоры болған емес! Ол 2017 жылы негізгі жұмысында, яғни кәсіпкерлік қызметінде қалды», - деді ол.
Одан әрі Діни басқарманың өкілі әріптестеріміздің Әнуарбек Жексенғалиевтің бюджет қаржысына қатысты күдікке ілінуін «Зекет» қорының ақшасын «жымқырумен» байланыстырып жатқанын, бюджет қаржысы мен қордың есебіндегі қаражаттың мақсаты мен бағыты мүлдем бөлек екі нәрсе екенін атап өтті.
«Зекет» қорына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Осы мәселені, атап айтқанда, ақпараттың мазмұнын басқа арнаға бұру кәсіби журналистерге тән емес әрекет деп санаймыз. Қаржылық мониторинг агенттігі кәсіпкер Әнуарбек Болатұлы Жексенғалиевке қандай негізде іздеу жариялағаны туралы бізде ресми мәлімет жоқ» деп жазды ол.
Тағы оқи отырыңыз: «Зекет» қорының бұрынғы басшысына іздеу жарияланды