Бас прокурор: Сталиндік репрессиямен сотталған 100 мың адам елде қалды

Бас прокурор: Сталиндік репрессиямен сотталған 100 мың адам елде қалды

Бас прокурор: Сталиндік репрессиямен сотталған 100 мың адам елде қалды
ашық дереккөзі
 ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және халықаралық Адам құқықтары күніне арналған дөңгелек үстелде Бас прокурор Жақып Асанов отандық БАҚ тек криминал жазатынын айтып, журналистерге базынасын айтты, деп хабарлайды Baq.kz.«Ақпарат құралдарын ашып қалсаң, тек криминал. Біреуді өлтіріпті, баланы зорлапты, біреу парамен ұсталыпты деген сарында жазады. Басқа жаңалық жоқтай. Содан соң жұрт жағдай жылдан-жылға нашарлап бара жатыр екен деп ойлайды», - деді ол.
Бас прокурор 25 жылдағы қылмыс динамикасына үңіле келе, тұрғындардың қауіпсіздігі керісінше жыл сайын жақсарып жатқанын атап өтті. Алайда ол Тәуелсіздік алған тұста елімізде қылмыстық ахуал ушыққандығын жоққа шығармады. «Егемендік алған кезде қандай ауыр жағдайға тап болғанымызды білесіздер. Қылмыс күрт өсіп кетті. Рэкеттер, тапсырыспен адам өлтіретіндер пайда болды. Оған қоса, елімізде сталиндік репрессиядан қалған көптеген колониялар бар-тұғын. Онда бүкіл Кеңес Одағы елдерінен 100 мың адам отырды. Олар түрмеден босағаннан кейін Қазақстанда қалды. Бұл да қылмыстық ахуалға теріс әсер етті. Сонда Мемлекет басшысы құқық қорғау қызметін өз қолына алды. Сол кезден жағдай жақсара бастады», - деді ол. Сондай-ақ, Жақып Асанов елімізде адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар қолға алынып, ол оң нәтиже бергендігін тілге тиек етті. «20 жылдан бері еліміздегі қылмыстық ахуал жақсарып жатыр. Кісі өлтіру 3,5 есе, денеге ауыр зиян келтіру дерегі 3 есе, қарақшылық 5 есеге азайды. Қоғамның қауіпсіздігі осы қылмыстармен өлшенеді. Қазіргі жағдай тіпті Кеңес Одағы тұсындағы социализм кезеңімен салыстырсақ та әлдеқайда жақсы. 1980-1985 жылдары бізде жыл сайын бір жарым мың кісі өлтіру қылмысы болған. 25 жылда түрмедегі азаматтардың саны 105 мыңнан 36 мыңға дейін азайды. Яғни 3 есе кеміді. 2 жылда 8 колонияны жаптық. Әлемдік түрме рейтингіндегі позициямыз 3-ші орыннан 62-ші орынға түсіп, деңгейіміз жақсарды», - деп түйіндеді Бас прокурор.