КӨРКЕМ КЕСТЕЛЕП, КӨПКЕ ОЙ САЛҒАН

КӨРКЕМ КЕСТЕЛЕП, КӨПКЕ ОЙ САЛҒАН

КӨРКЕМ КЕСТЕЛЕП, КӨПКЕ ОЙ САЛҒАН
ашық дереккөзі

Журналист-жазушы Қайсар Әлімнің шығармашылығы хақында

Республикаға танымал журналист-жазушы Қайсар Әлімнің 1992 жылы «Мұңлы сапар» атты тағылымы мол хикаяты мерзімдік басылымдарда жарияланып, оқырмандар ілтипатына бөленген еді. Хикаят желісіне арқау болған оқиға сол жылы Ресейдің Карелия автономиясына жерленген Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың мәйітін 57 жылдан соң елге алып келіп, туған жері Торғайға қайта жерлеу сапары. Әрі көркем, әрі деректі еңбекте Міржақып Дулатовтың өмірі мен қызметінен көп мағлұматтар беріліп, сапар барысындағы бірқатар қиыншылықтар да баяндалған. Бұл хикаят Қайсар Әлімді қалың оқырмандарға тез танымал етті. Кейіндеу сол жолсапар еңбегін жоғары бағалаған қала басшылығы оған «Торғай қаласының құрметті азаматы» атағын берді. Одан бұрын да, содан кейін де оның қаламынан көптеген шығармалар туды. Ұзын саны 27 кітабы «Жазушы», «Қазақстан», «Жалын», «Ана тілі», «Қайнар» және «Фолиант» баспаларынан  жарық көріп, оқырмандарына жол тартқан. Осыдан біраз жыл бұрын көрнекті қаламгер Әзілхан  Нұршайықов оның шығармаларына: «Осы орайда журналист-жазушы ретінде сен өз жанрыңды тапқан қаламгерсің. Сенің осы кезеңде жарық көрген 8 томдық шығармалар жинақтарыңда  әдебиеттің толып жатқан жанрына қалам тартып, үлкенді-кішілі туындыларыңның оқырмандарға айтар тақырып ауқымы кеңи түсті. Әсіресе көркем очерктерің мен қызық оқиғалы хикаяттарыңның, әңгіме-новеллаларыңның, соның ішінде әдебиет теориясында эпистолярлық  жанр деп аталатын хаттасу немесе мемуарлық-хроника түріндегі шығармаларың мен күнделіктер беттеріндегі тартымды баяндарыңды әрбір оқушы қызыға, құнттап, құныға оқиды», − деп пікірін жазып қалдырған. Автор ХХ ғасыр басындағы қуғын-сүргінге  ұшыраған ұлт тұлғалары туралы да айтарлықтай қалам тартқан. Олардың ет жақындарымен кездесіп, талай құнды естеліктер алып қалғаны көпшіліктің көңілінен шықты. Ол Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнардың 95 жасқа толуына орай «Тоқсан бесте жасым бар...» деп аталған сұхбатында апайдың бұрын айтылмай жүрген сыр сандығының қақпағын ашқызыпты. «...Мынадай жанымды қарыған жайтты айтып берсем, ұрпақ дұрыс түсінер. Алматы паркінің бірінде ту сыртымнан естілген «Гүлнар, сенбісің?» деген дауысқа жалт қарасам, алдымда Мұхтар Әуезов тұр екен. Ағаның ұсынған қолын алып, сәлемдестім. Мұхтар аға баяғы бала кезімдегідей бетімнен сүймеді. Оны көңіліме алғаным жоқ. Бойжеткендерді сүймейтін болар деп ойладым. Көрмегеніме 5-6 жылдай уақыт өтіпті. Отызыншы жылдары ұсталып, түрмеде отырғанын білетін едім. Босап шыққанын естіген емеспін. Өзінің сұрауы бойынша хал-жайымды аңқылдап айтып келемін. Бір кезде ол, менің бетіме тура қарамастан, қарлығыңқы, булыққан дауыспен жайлап қана: «Қарағым Гүлнар, енді келешекте кездескенімізде бір-бірімізбен танитын кісілерше амандасып, сөйлеспейтін болайық», − дегенін естігенімде, денеме суық су құйғандай, өне бойым мұздап, қалшылдап шошып кетсем керек... − Сол сөз жүрегіңізде өмір бойы шемен болып қатып қалды ма, әлде жібіді ме? − Жібіген.  ...Ұлының ұлылығы да иіле білуінен көрінсе керек. Иә, есімде, қалай ұмытайын. 1947 жылдың жазы еді. Көше бойында бетпе-бет ұшырасып қалған  Мұхтар ағамды елемегенсіп кетпек боп едім, сұңғыла кісі өзі тоқтатты. «Аз ғана кідір, кешір жаным!», − деді ол үні дірілдеп. «Кезінде басқа түскен пендешілік адамға не істетпеді, ауыздан шыққан сөз ұшқан құс тәрізді ұстай алмайсың. Өткенге салауат, сені көрмегелі талай жылдар өтті. Жақаңның, Гая (шешесі Ғайнижамал), Әлтайдың (інісі) арты қайырлы болсын, өзің аман бол. Соңдарында қалған жалғыз көзісің ғой», − деп көңіл айтты». Гүлнар Міржақыпқызының осы бір естелігінде қаншама сыр жатыр. Көз алдымыздан ұлт тұлғаларының басына күн туған аласапыран жылдар көлбеңдеп өткендей күй кешесің. Мұхтар Әуезов  басқаға зияным тиіп кетпесін деп, қанша қиын болса да кездескен жерде танымайтын жандардай болып жүруін өтінген. Ол арада біраз жылдар өтіп, қудалаудың ызғары қайтқан соң қайта кездесіп, сол бір сөзіне кешірім сұрап, бақилық болғандарына көңіл айтқаны ардың, адамгершіліктің ісі емес пе?! Алаш арысы Міржақып Дулатовтың өмірі мен қайраткерлігі туралы аз жазылған жоқ. Қайсар Әлім соларды қайталамай оның жұрт назарынан елеусіздеу қалып бара жатқан жағын деректі әңгімелеріне арқау еткен. «Алакөздей ат қайда?» атты әңгімесі соның айғағы. 1925 жылы Міржақып Қазақ елінің астанасы Қызылордаға қоныс аударып, «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істегенін көзі қарақты жандар біледі. Міржақыптың үйі мен редакция арасы біраз жер. Жайшылықта қызметке жаяу барса, жауынды, боранды күндері Алакөзге мінеді екен. Ат үстінде отырып, редакцияға жеткенше газетке қандай өзекті мәселе туралы жазатынын ойлап қойса керек. «Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға» атты мақаласының нобайы да осы Алакөздің үстіне тербетіліп келе жатқанда туған. Міржақыптың сол кездегі көңіл күйін Қайсар әңгімесінде былай әдіптепті. «...Міржақып аталмыш сын мақаласында қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен заң-закон, бұйрық-жарлықтың, кеңсе істерінің бәрін қазақшаға айналдырамыз деген талпыныстан дәнеңе өнбегеніне, биліктің нақты бір құжатының қазақша аудармасын талдап, көздерін жеткізе отырып, өлтіре соққы берген-ді. Мақаланың түйіні де жанды қариды. «...Қазақ тілін жүргізетін комиссия болсын, өзге мекемелер болсын, мұндай сорақы іске көзінің қырын салмаса, әрі-беріден соң, «Қазақшаң мынау болса, орыс болып-ақ кетелік» деушілер табылмай ма? Сонда не бетімізді айтамыз?». Міржақып Дулатовтың туған тіл үшін күресті сол кезде-ақ бастағаны осы мақаласынан анық байқалады. Кеңсе құжаттарын отаршылдардың тілімен емес, қазақ тілінде жүргізу үшін, тіл туралы комиссия жұмысына өткір сын айтқан. Оның ұлтқа деген осы жанашырлығы кейін өзін «ұлтшыл» етіп шығарды.  Содан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, Ана тіліміз өз тұғырына қонбай отырғанын несіне жасырамыз. Қазақ «Жақсы ат − жан серігің» деген. Алакөз де Міржақып үшін сондай болып кеткен. 1928 жылы желтоқсан айында тұтқындалғанында Алакөз  қорада НКВД-нің сұр шинелді үшеуіне осқырынып, оқыранып, жамандықты сезгендей бір орнында тыпыршып, аласұрып қала берген. Ол әйелі Ғайнижамалға түрмеден жазған бір хатында: «Қаусап, қиналып қалғандарыңды сеземін. Киіз үйді, мылтығымды сатыңдар», − деп жазыпты. Алакөзін аузына алмаған. Көнтерілі Ғайнижамал қанша титықтап тарықса да Алакөздің жалынан бейсауат ешкімді ұстатпаған. Бір түні қайнысы Шайланға мінгізіп, Торғай асырып жіберген... Шайлан Алакөзді Міржақыптың көзіндей көріп, үш жыл бағады.  Ашаршылық қысқан соң амалсыз сойысқа түсірген. Бірақ бір жапырақ етін аузына салып талғажау етпепті». Республика Президенті сыйлығының иегері, журналист-жазушы Қайсар Әлімнің 2007 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген сегіз томдығындағы кез келген әңгімесін оқысаңыз да, осындай тың деректерді арқау еткенін байқайсыз. Тілі жатық. Әңгімелері оқырмандарын қызықты оқиғаларымен тартып отырады. Ғ.Мұстафин, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, Ш.Мұртаза және тағы басқалар туралы тұлғатану жазбалары ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. Оның Тәуелсіздік туралы жазған шығармалары да көркемдікпен кестеленіп, көпшілік көңілінен шығып жүр.

                                                                         Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ