Гүлшара Әбдіқалықова ашқан зауытқа жарты жыл өтсе де, әлі іске қосылмаған (ВИДЕО)

2021 желтоқсан айында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен сол уақытта облыс әкімі болған Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордада шыны зауытының ашылу салтанатын өткізіп, лентасын қиған еді. «Енді 3 айдан кейін зауыттан алғашқы өнім шығады» деген Әбдіқалықованың сөзінен кейін жарты жыл өтті, зауыт әлі іске қосылмаған деп хабарлады turkystan.kz 31 арнаға сілтеме жасап.

Қызылордадағы шыны зауытының құрылысы қым-қиғаш оқиғаларға толы. Зауыт құрылысы жүріп жатқан тұста оған бөлінген ірі көлемдегі ақшаны жымқырды деп Қуандық Бишімбаев сотталған еді. Ол қазір бостандыққа шықты, ал зауыт әлі өнім шығарған жоқ.

«Біздікі – дәнекерлеу жұмыстары. Зауыт әлі қосылмаған. Енді қосайын деп жатыр. Тоқтарын, басқасын енді жалғап жатыр ғой», – дейді жалдамалы жұмысшы Болат Жұмаділдаев.

Қазір зауыттың 100 пайыз акциясы қытайлық компанияның иелігінде болғандықтан, кәсіпорынға бөтен адамды кіргізбейді. Айналасын тікенді сымдармен қоршап тастаған.

Ал зауытты салуға тапсырыс берген компания өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын жұмысын бастауға қыста дайын болған.

«Біз дайын болдық. Төрт горелкамен асықпай үш ай қыздыруға болатын еді. Бірақ, бір өшіріп, бір қосқаннан кейін күйіп кетті. Ол да моторлы зат қой. Кез келген жерде сатылмайды. Оны арнайы жинайтын заттар да», – дейді «Orda Glass LTD» ЖШС төрағасының орынбасары Ержан Сағынбаев.

Жауапты мекемелердің ақпаратынша, зауыттың алғашқы өнімі жазда шығады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button