БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Владимир Путинмен кездесті

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Владимир Путинмен кездесті

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш  Владимир Путинмен кездесті
ашық дереккөзі
Ресей Президенті Владимир Путин мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Кремльде кездесті деп жазды turkystan.kz. Ресей мемлекетінің басшысы мен Бас хатшы Украинадағы шиеленіс басталғалы бері алғаш рет кездесті. Мәскеудегі келіссөздер шамамен бір сағатқа созылды. Бұл туралы CBS телеарнасының тілшісі Памела Фальк Гутерриш өкіліне сілтеме жасап Twitter-де хабарлады. Кездесу барысында бірқатар мәселелер қозғалып, оларға байланысты сәйкесінше қорытындылар жасалды. Соның ішінде «Азовсталь» зауытының жертөлелерінен бейбіт тұрғындарды эвакуациялау туралы келісімге қол жеткізілді. Антониу Гутерриш гуманитарлық дәліздер бойынша БҰҰ – РФ – Украина байланыс тобын құруды ұсынды. Сонымен қатар, Антониу Гутерриш Ресейдің еуропалық қауіпсіздік саласында белгілі талаптары бар екенін білетінін, бірақ даулы мәселелер БҰҰ Жарғысына сәйкес механизмдер аясында шешілуі керек деп санайтынын айтты. Ол бейбіт тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастыру және Мариупольдан адамдарды эвакуациялаудың кепілі болу үшін БҰҰ-ның екі-үш күн ішінде Азовстальдағы жағдайды бағалауға дайын екенін атап өтті. Владимир Путин Ресейдің Донбасс республикаларын мойындауының мәнісін түсіндіріп, Гутерришке мысал ретінде Косово жағдайын нұсқады. Сонымен бірге, ол Мариупольдағы бейбіт тұрғындардың жағдайына да тоқталып өтті.
«Мариупольдегі жағдай қайғылы екені анық. «Азовсталь» зауыты толығымен оқшауланған, бірақ онда ешқандай соғыс қимылдары болып жатқан жоқ. Егер Азовстальда бейбіт тұрғындар болса, украин әскері оларды босатуы керек. Әйтпесе олар лаңкестер сияқты әрекет етіп жатыр деген сөз», – деді Путин.
Бұған қоса, Ресей Қорғаныс министрлігі Азовстальдан гуманитарлық дәліз жұмыс істеп тұрғанын, бейбіт тұрғындар зауыт аумағынан еркін кете алатынын мәлімдеді. Әскери қызметкерлер де зауыттан кетуі мүмкін. Қажет болған жағдайда барлығына медициналық көмек көрсетілетіні айтылды.