Қазақ тілі Омбыда оқытыла бастады

Қазақ тілі Омбыда оқытыла бастады

Қазақ тілі Омбыда оқытыла бастады
ашық дереккөзі
1 қыркүйек күні Омбыдағы №130 орта мектебінде Қазақ тілін оқыту орта­лы­ғының тұсаукесері өтті. Бұл - облыс­та соңғы екі жылда ашылған жетінші орталық. Қазақ тілін оқып-үйренгісі келетін оқушылар орталыққа екінші сыныптан бастап аптасына екі рет, ал жоғары сынып оқушылары үш рет келетін болады. Аталған мектептің директоры Вячеслав Шестаков бұл тәжірибенің табысты болатынына сенімді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарияланған мақаласында «Омская правда» газетінің бас редакторы Андрей Мотовило тарқатып жазған. - Біз із салушылармыз, біздің мек­тебіміз - қазақ тілі екінші шет тілі секілді оқу бағдарламасына енгізілген қала­дағы тұңғыш мектеп. Бұл - үйірме емес, бұл - оқу жоспарының пәні. Өткен сәуір айында балалар мен олардың ата-аналары алдағы оқу жылында екінші тіл ретінде қай тілді оқып-үйренетіндерін таңдады. Егер сыныпта 20 оқушы болса, 10-ы қазақ тілін, ал қалғандары неміс пен француз тілдерін таңдады. Біз балалардың көршіміздің тілін тұрмыстық деңгейде емес, іскерлік қарым-қатынас деңгейінде оқып-үйренгенін қалаймыз. Мұндай мамандарға сұраныс өте жоғары. Іскерлік қазақ тілі бүгінде айтарлықтай жақсы даму үстінде. Мәселен, Қазақстанда оны Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқып-үйренеді. Бізге жақын осындай оқу ошағы Петропавлда орналасқан, енді сондағы мектеппен ынтымақтастық шартын жасауды жоспарлап отырмыз, - дейді В.Шестаков. №130 мектеп қазақ диаспорасының өкілдері айтарлықтай жиі қоныстанған 108 «б» шағын ауданда орын тепкен. Жалпы, мектепте 14 ұлттың өкілдері білім алса, жартысы қазақ отбасыларының балалары. Бірақ орыс балаларының арасында да қазақ тілін оқып-үйренгісі келетіндер аз болған жоқ. Өйткені, олар өздерінің болашақтарын мұнай химия­сы, құрылыс салаларындағы инженер мамандықтарымен байланыстырады. Бүгінде Қазақстан мен Омбы облы­сының арасындағы жылдық тауар айналымы 360 миллион АҚШ долларын құрайды. 200-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.