«Қазақстанға су блокадасын қоюымыз керек» - қырғыз депутаты Айбек Алтынбеков
«Қазақстанға су блокадасын қоюымыз керек» - қырғыз депутаты Айбек Алтынбеков
Қырғыз Республикасы Жогорку Кеңеш депутаты Айбек Алтынбеков Қазақстанға су блокадасын қою туралы ұсыныс жасады деп жазды turkystan.kz Tazabek басылымына сілтеме жасап.
25 сәуірде Қырғыз Республикасының Мемлекеттік кеден қызметінің басшысы Самат Исабеков Қазақстан жүк тасымалдаушыларды шекарадан өткізбей, экономикалық блокада қойып отырғанын мәлімдеді. Осыған байланысты қырғыз депутаты Алтынбеков Қазақстанға су блокадасын қою туралы ұсыныс жасады.
«Егер Қазақстан бізге экономикалық блокада қойып отырса, онда біз де оларға су блокадасын қоюымыз керек. Уақыты келгенде, Қазақстанға су ағынын тоқтатуымыз қажет», – деді депутат.
Бұл мәселеге байланысты еліміздегі Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пікір білдіріп, Қазақстанның Қырғызстан Үкіметімен түсініспеушілігі жоқ деп сендірді.
«Бізде екі елдің Премьер-министрлерімен үкіметаралық кеңес болады деп күтіледі. Ондай проблемалық мәселелер жоқ. Ешқандай талаптар қойылып жатқан жоқ. Ол жақта Қытайдың бірқатар тауарлары Қырғызстан, Қазақстан шекарасы арқылы өтеді. Біз бұл тауарлар заңды түрде өткізілсе, Қырғызстан тарапынан қосылған құн салығы мен импорттық баж салығы алынса дейміз. Қырғызстандағы әріптестерімізбен шекарада экспорттық-импорттық бақылауды өзіміз ұйымдастырдық. Иә, жүктердің тоқтауы туралы деректер болды. Бірақ МКҚ тексеру жүргізді. Тексерулерге байланысты, әрине, кезек пайда болады», – деп түсіндірді Жамаубаев.
Ол қырғыз депутаты су блокадасы туралы мәселені неге көтергенін білмейтінін айтты.
«Сіздер Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанмен ешқандай проблема жоқ екенін айтқанын көрдіңіздер. Ал барлық су қатынасы халықаралық келісімдер арқылы реттеледі», – деді министр.
Сондай-ақ, ол шекарадағы жүк көліктерінің кезегі күн сайын емес, тек тексеру және заңбұзушылықтарды анықтау кезінде ғана жиналатынын түсіндірді.