Биыл ЭКСПО нысандарында екі жұмысшы қаза тапты
Биыл ЭКСПО нысандарында екі жұмысшы қаза тапты
Биыл EXPO-2017 құрылыс нысандарында екі жұмысшы қаза тапқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қалалық Есіл ауданының прокуроры Талғат Әлібаевқа сілтеме жасап.
Брифинг барысында Талғат Әлібаев прокурорлардың уәкілетті органдар мен "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының дирекциясымен бірігіп атқарған жұмыстары жайлы айтып берді.
"ЭКСПО" нысандарын салуға жұмылған қосалқы мердігерлік ұйымдардың жұмысы нашар болды. Себебі адам өліміне әкелетін жарақаттар болды. Биыл біз осындай сегіз деректі тіркедік. Онда қосалқы мердігерлік компаниялар жұмыс істеген", - деді Есіл ауданының прокуроры.
Сондай-ол, алты адамның түрлі жарақат алып, тағы екі жұмысшының алған жарақаттарынан қаза тапқанын айтты.
"Бұлар "ЭКСПО" нысандарын салуға тартылған мердігерлік ұйымдар. Ол компанияларда кісі өлімі деректері болған. Олардың ішінде "Имстальком Теміртау", "ЭКСПО Мұнайстрой" компаниялары бар. Оларға қатысты тергеу жұмыстары жүргізілді. Екі іс сотқа жіберілді. Қазір соттың шешімін күтіп отырмыз. Ол екі іс адам өлімі бойынша қозғалған", - деді Талғат Әлібаев. Прокурордың айтуынша, осы деректер бойынша қосалқы мердігерлік компанияларға қатысты шаралар қабылданған.
Еске сала кетейік, 16 қарашада Астанадағы EXPO-2017 аумағында төтенше жағдай болған еді. Ал кейінірек EXPO конструкциясының құлау себебі айтылды. "Басқарма төрағасының орынбасары Лютов мырза жетекшілік еткен арнайы комиссия құрылды. Комиссия "Казниса" және "Казмир" компаниялары арқылы тәуелсіз сараптама жүргізді. Кеше біз осы сараптаманың қорытындысын алдық. Сараптамада материалдардың химиялық құрамынан бастап, жобаға дейін мұқият тексеріліп, опырылу жобадағы қателіктен болған деген қорытындыға келіпті. Жобада, анығырақ айтсақ, нақты осы құрастырмадағы қателіктің салдарынан болған", - деген еді халықаралық көрменің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов.