«Жігіттерді әскерге күштеп әкетіп жатыр»: Шымкентте түсірілген видеоға министрлік пікір білдірді

Әлеуметтік желіде жас жігіттерді көшеде жүрген жерінен ұстап алып, әскерге күштеп әкетіп жатқаны туралы видео пайда болды. Автордың сөзінше, аталған жағдай соңғы екі-үш күн ішінде Шымкентте орын алып отыр деп жазды turkystan.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.

Аталған видео Instagram-дағы пабликтердің бірінде жарияланған. Бейнежазбаны түсірген адам онда жас жігіттерді ата-аналарына ескертусіз әскерге күштеп алып кетіп жатқанын сөз еткен.

«Шымкентте жігіттерді әскерге күштеп әкетіп жатыр. Сұмдық жайт. Көшеде жүрген жерінен, ата-анасына хабарласуына мұрша бермей көлікке салып алуда. Менің көршім ұлын бір күн іздеп, полицияға барса, олар оны әскерге алып кеткенін айтыпты. Бұны қалай түсінеміз? Бұл – шектен шыққандық. Тым құрығанда бір шақырту қағазын жіберуге болмас па еді?! Өздерінің ата-анасы жоқ секілді. Осындай жағдай қаланың барлық ауданында болып жатыр», – делінген видео сипаттамасында.

Бұл видеоға қатысты портал тілшісі Қорғаныс министрлігіне сауал жолдаған болатын. Ведомство нақты бұл видеодағы жағдай туралы түсініктеме берген жоқ, алайда, министрліктің баспасөз қызметі 22 сәуірде Шымкентте әскерден жалтарғандарды іздестіру бойынша жоспарлы рейд болып өткенін мәлімдеді.

«2022 жылғы 22 сәуірде полиция қызметкерлері Шымкент қаласында жоспарлы рейд шарасын өткізді. Атап айтқанда, Қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың шақыртуымен келмегендер мен әскерден жалтарғандарды іздестіру жүзеге асырылды. Нәтижесінде шақыру учаскесіне 6 шақырылушы жеткізілді», – дейді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Өткізілген рейд шараларының қорытындысы бойынша, ата-аналар немесе әскерге шақырылушылар тарапынан Қорғаныс істері жөніндегі басқармаларға шағым түспеген.

Сонымен қатар, министрлік көрсетілген мекенжайда тұрмайтын әскерге шақырылушыларға шақыру қағаздарын беру мәселесі өзекті болып қала беретінін атап өткен.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Открывай Шымкент (@open.shymkent)

«Оларды ата-аналары жасырады. Сонымен қатар Шымкент қаласы бойынша шақыру қағазын алған 300-ден астам шақырылушы медициналық комиссиядан өту үшін шақыру учаскелеріне келмеген. Әскерге шақыруда медициналық комиссия мен әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз», – делінген Қорғаныс министрлігі берген хабарламада.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button