Жаңалықтар

Білімге құштар шәкірттер, ғалымдар шыққан мекенде...

ашық дереккөзі

Білімге құштар шәкірттер, ғалымдар шыққан мекенде...

Олимпиада, байқау, ақыл-ой жарысы адамды шыңдауға,алға ұмтылуға септігін тигізетін өмірлік белес деп санаймын. Осы орайда түркі әлемінің рухани  қазығы болған, тарихи мекен Түркістан қаласына бағымызды сынамаққа жарысқа аттандық.

Тарих пен тағылымға бай Түркістанға сапар менің  ғұмырымның сәулелі сәттеріне айналарын алдын ала сезіндім. Қуанышым қойныма сыймай,құрақ ұша дайындалып,пойызбен жолға шықтық. Бұл жолдың қызығы мен шыжығы көп болды.  «Жол адамдарды жақындастырады» деген сөз рас екен. Жолдың ұзақтығы жарыс жөнінде пікір алмасып,көзқарасымызды ортаға салуға зор септігін тигізді. Артынан ой сергітіп,жанымыздағы адамдармен жақын танысып, қызу әңгіме-сұхбат құрып,ойын ойнадық. Бұның өзі сапарымыздың ерекше бөлігі ретінде есте сақталып қалары анық.

Бұл сапар жанымды ерекше әсерге бөледі. Түркі халықтарының арасында екінші Мекке атанған қасиет қонған кентке табамнымыз тиген сәтте күйбеңнен арылып, өмір туралы сан алуан ойға кеттім. Тынысыңды кеңейтіп,сан ғасыр артқа шегініс жасағандай күй кештім. Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері бізді думандатып қарсы алуы,жылы ілтипаттары жарысқа деген шабытымызды сергіткені рас. Тіпті,көктен жерге суылдай сорғалап,бауырымен жер сыза отырып қайта көкке көкірегін кере қалықтаған құстардың назары бізде еді. Сапарымыздың аялдамасына келген тұста өзімізге арналған жалдамалы пәтерге жол тарттық. Пәтердің іші бір біздің келгенімізді күткендей ерекше әсер қалдырды. Пәтерде әркім өзінің жұмысымен айналысып,дайындықты күшейттік. Қасиетті айдағы қасиетті күнгі таңымыз да атты...

Ең алдымен Орта Азияға танымал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне беттедік. Университет  келген сәттен бастап, кеткенге дейін ерекше әсерге бөледі. Ғимаратының көркемдігі соншалық,бейне бір шығыс әлеміне кіріп кеткендей болдым. Түркістан- орта ғасырда-ақ ілімнің қаласы болған. Ахмет Ясауи,Сүлеймен Бақырғани,Ахмет Йүгінеки сынды ғұламалардың кіндік қаны тамған жері.

Оқу орнында барлық ұйымдастырушылар ерекше қонақжайлық көрсетті. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «6B032- Журналистика және ақпарат» даярлау бағыты бойынша XIV республикалық пән олимпиадасының салтанатты ашылуы болды. Бірінші кезең бойынша тобымызды таныстырып,дайындап  келген бейнесюжетімізді көпшілік назарына ұсындық. Бұл кезеңде 16 команда берілген тақырыптар арқылы өз қалаларының мәдениетімен толықтай таныстыра алды. Екінші тапсырмада топ басшымыз негізгі пәндер бойынша тест тапсырып,күш-қайратымызды қамшыладық.

Жарыстың алғашқы күнін сәтті өткізіп,ел назарын өзіне аударған көркем қаланың кереметтерін аралауға шықтық. Оқу орнынан шығып, ең бірінші құрамында үш газет,бір телеарна бар «Алатау медиа» холдингінің жұмыс барысымен танысып, бір-бірімізбен пікір алмастық. Оқу орданың студенттері көңілімізді көтеретін,жігерімізге нұр себетін концерт те қойды. Концерт форматы ерекше өтті. Мың бұралған бишілер,күміс көмей әншілер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал,ең бастысы оқу ордасының ұйымшыл ұйымдастырушылары  бағдарламаға сәйкес сайысқа бақ сынап келген үміткерлерге университеттің 30 жылдығына орай жүзеге асатын 30 жаңа жобамен таныстырды. Жобалардың басты ерекшелігі - қазақ халқын  рухани, мәдени тұрғыдан көтеріп,ел экономикасына үлес қосар жастарды тәрбиелеу.

Түркістан көшелерін аралап,сауда орталықтарының қаланың сыртында орналасқанын байқадым. Онымен қоса,2021 жылы Түркістанда Орта Азиядағы ең үлкен сауда орталығы ашылады деген жаңалық есіме түсті.  Әлбетте,бұл қалаға мемлекеттің назары түсіп, көңіл бөліп жатқаны – көңіліме шуақ сыйлады. 2018 жылдан бастап экономикалық,әлеуметтік жағдайы жақсарған. Себебі 1598 жылдан бастап Қазақ хандығының құтты мекені болған қала емес пе?! Иә, ол шынымен Сыр бойындағы Сығанақ,Сунақ, Сауран сияқты үлкен шаһарлардың ағасы. Олардың қорғаны болған қала!

«Жүз рет естігенше, бір рет көр», деген тап осы жағдайға тұспа тұс келді. «Керуен сарай» муниципиальды кешенін  суреттен ғана көрген маған ол әсем де,жүрекке жылулық сыйлайтын әсер қалдырды. Тап бір ерте заманғы шаһарға кіргендей болдым. Өзімнің осындай көрсе көз тоймайтын байтақ даланың перзенті болғаным үшін ризашылық білдіріп,жүрегімді мақтаныш  кернеді. Бұл дегеніңіз жүздің біріне,бәлкім,мыңның біріне ғана бұйыратын бақыт шығар. «Керуен сарайдың» әсем деген орындарын суретке түсіріп, өзіме естелік ретінде сыйлықтар да сатып алдым.

Қаламен танысып, көптеген құнды деректермен сусындадым. Есім ханнан бастап Абылай ханға дейінгі 21 ханға топырақ осы шаһардан бұйырған екен. Бөгенбай,Жәнібек сынды қол бастаған тағы да басқа  30 батыр Түркістанда жерленген. Топырағының қасиеттілігі, тынысының кеңдігі – осыдан да болар деп топшыладым. Батыр қала – Түркістан! Жылылыққа, қобалжуға, жаңаша көзқарасқа әкелген күніміз аяқталып,пәтерімізге қайта оралдық. Алты алашқа астана болған Түркістанның ауасын жұтқаныма іштей шүкірлік еттім.

Міне,Түркістанның тамылжыған түні  таң рауанына жалғасты. Бүгін жарыстың екінші күні. Бірінші тапсырма - жазба жұмысы. Аудиторияда отырған жас журналистердің жасампаз ойлары қалам ұшынан сөз болып төгілуде. Жарыстың осындай тыныс-тіршілігі маған ерекше әсер қалдыруда. Бір уыс топырағында тарихтың ізі жатқан мекенде мен де өз ізімді қалдырғаныма дән ризамын. Бұл сапар білетінім бір,білмейтінім мың екенін ұғындырған сабақты сәттерге толы болды. Қазынаға толы еліміздің ғажайыптарын күллі әлемге танытуға ат салысайық,достар!

Ақсәуле БАЙҒАЗЫ,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті

Журналистика және саясаттану факультетінің 3 курс студенті

Жетекшісі: Ертасова Гүлжазира Құдайбергенқызы.