13 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен жігітке білезік тағылды
13 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен жігітке білезік тағылды
Түркістанда 13 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсіп, сотталған жігітке электронды білезік тағылды деп хабарлады turkystan.kz рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
2020 жылы желтоқсан айында КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасында «13 жасымда зорландым, 15 жасымда ана атандым» деп Назакат Рахметова ақиқатын іздеп, бағдарламаға шыққан болатын. Көрерменнің жағасын ұстатқан қылмыстық оқиғаны талқылау төрт күнге созылған еді. «Баламның әкесі Хасан» деп жар салған жас қыздың ұлының әкесі басқа болып шықты. Бүгінде сол бағдарламада ақиқаты ашылған Хасанға электронды бақылау құрылғысы тағылды. Өзінің қылмысын мойындаған Хасан Рашидов Түркістан қалалық сотының үкімімен екі жылға шартты түрде сотталған болатын. Ол Түркістан қалалық пробация есебінде жазасын өтеп жатыр.
«Осы бағдарламаға шыққаным анама ауыр тиді. Әрине, өзім де біраз уақыт үйден де шыға алмай қалдым. Бәрі де келісіммен болды. Ақырында педофил атандым. Қатты қынжыламын. Істеген қателігіме өкінемін. Осы жылдың аяғында жазамды өтеп бітемін. Өзіме берілген уақытты аман-есен аяқтап, жаңа өмір бастағым келеді», – деді сотталған Хасан Рашидов.
Түркістан қалалық пробация қызметінің бастығы Ақмарал Торланованың сөзінше, бұл электронды білезіктің сотталғандарға бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайын тастап кетпеуге, қайта жасауы мүмкін қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды, егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса, дабыл сигналы тәрізді белгі беріледі.
Қазіргі кезге дейін Түркістан қалалық пробация қызметі Хасан Рашидовтан бөлек тағы да бес сотталғанға электронды білезік таққан. Алты адамның үшеуі педофил санатында, қалған үш сотталған қылмысқа бейім болғаны үшін электронды бақылауға алынған.
Тағы оқи отырыңыз: Атырауда көшеде жыныстық қатынасқа түскен жұп ұсталды