Торғайлықтармен кездескен Архимед Мұхамбетов сынның астында қалды

Торғайлықтармен кездескен Архимед Мұхамбетов сынның астында қалды

Торғайлықтармен кездескен Архимед Мұхамбетов сынның астында қалды
ашық дереккөзі
Кеше Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов елордада Торғай өңірінің үлкендері мен белсенді жастарын жинап, биыл болатын Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын айтып, әрі қасиетті Рамазан айына сәйкес келген жиында ауызашар рәсімін жасады. Сол сәтте ол бір дастарқан басына жиналған жастардың Торғай өңірін дамыту жөніндегі ұсынысынан азар да-безер болып қашқан көрінеді. Бұл туралы кезінде Арқалық қаласының әкімі болған Жомарт Түбекбаев өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Жиынның басында сөз алған елдің ақсақалдары әдеттегідей тарихты толғап, өздерінің жасаған еңбектерін айтып, әкімді мақтап, жиын созыла бастағасын шыдамаған орта буын мен жастар басқарушы Ерлан Қалмақовтың сценарийін бұзып, қолындағы микрофонын тартқандай етіп алып, ұлт ұстазы Ахметтің өз деңгейінде ұлықталмай жатқаны, оның елі азып-тозып кеткені, Үкімет көңіл бөліп, жол салып, газ тартса, бұлар да туған жерлеріне барып, кәсіпорын, шаруашылық, бизнес ашып, Торғайдың туын көтеретін нақты ұсыныстарын жарыса айта бастағанда, ақсақалдар жастардың әкімге осылай ашына сөйлегенін жақтыра қоймады», - дейді Жомарт Түбекбаев.
Сол кезде облыс әкімі жиын тізгінін жоғалта бастаған Ерлан Қалмақовтың қолынан микрофонды алып, жиынды доғарып, жастармен жеке сөйлесуге уәде беріпті. Содан әкім қайтып оралып, жастармен 2 сағатқа жуық кездесу жасаған. Үлкендердің тыйымынан құтылған жастар нақты ұсыныс-пікірлерін, не істеуге болатынын, билік тек қолдау білдірсе, миллиардтаған доллар инвестиция әкелуден бастап, елге барып, жер алып, мал бағып кетуге де даяр екендерін таласа айтқан.
«Алайда жастар сөзі тасқа тигендей. Қолдады, өңірді дамытамын дейтін жастарға құрығанда ойласайық деді ме дейсіздер ғой. Жоқ. Билік өкілі Архимед Бегежанұлы елдің азаматтарының айтқан ұсыныстарын кері ысырып, қырық уәжін айтып, «ол болмайды» деп қуаттамады. Барлық ұсыныстың барынша іске аспайтынын дәлелдеп бақты», - дейді Жомарт Түбекбаев.
Оның айтуынша, жаңадан ашылып жатқан Ұлытау облысының әкімдігі Ұлттық экономика министрлігіне Қостанай облысына қарасты Жангелдин, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласын өздеріне қосу жөнінде хат жазған. Кеше соны алға тартқанда, Қостанай облысының әкімі «Бұл енді ойланатын ұсыныс» деп елп ете қалыпты.
«Жабырқаған інілерім әкіммен фотоға түсіп, Торғайда жастар форумын өткіземін дегенін жандарына жалау еткендей. Атырауда Рашила тәтем мен Стамбулда жүрген Анар түнімен ұйықтамады. Жаңарған Қазақстан, дамыған елдер алдына осындай әкім, депутаттармен шыға аламыз ба? «Жастар шет елге кетіп жатыр, туған жерлерін тастап» дейміз. Қалай кетпейді? Кездесуде болған білімді, қайратты інілерім де кетеді-ау, бір күні! Шабадандарын арқалап, ұл-қызын ертіп, еліне жасай алмаған жақсылығын өзге елге істейді-ау! «Алаш» сыйлығының жүлдегері, ақын Серік Тұрғынбеков ағам науқасынан толық айықпай, булығып сөйлей алмаса да таяғын тықылдатып, «Торғайды, Ахмет пен Міржақыптың елін бұлай тоздырма» деп қадап айтқан. Торғай-ау, Торғай, сен кімге керексің?» - деп күйінді жазба авторы сөзінің соңында.
Тағы оқи отырыңыз: Қалың киінген Мұхамбетов Арқалықтың қыздарын қалтыратып қойыпты «Кока коланың қақпағынан ұтып алуға болады ғой…»: Мұхамбетов тағы сыналды