Тұйыққа тірелген президент
Тұйыққа тірелген президент
Шу қайда болса – көптің назары сонда. Қарашаның соңынан бері әлем Оңтүстік Кореяға көз тігіп отыр. Құрбысымен ауыз жаласып, ел мүлігін тонады деп айыпталған президент Пак Кын Хенің тағдыры жуырда шешіледі. Парламент қандай шешім шығарса да, Пак ханым бас шұлғуға әзір. Ел ішіндегі берекесіздікті басу үшін билікті ың-шыңсыз өткізуге дайын екенін өткен аптаның басында мәлімдеп қойған. Әйтсе де, оппозиция өкілдері президенттің тақты өз еркімен өткізіп, басын тік көтеріп кеткенін емес, қарша бораған тастардан бұққанын көргісі келетін тәрізді.
Өткен аптада Оңтүстік Кореяның үш оппозициялық партиясы парламентке президент Пак Кын Хеге импичмент жариялау туралы қарар жобасын енгізді. Жергілікті Yonhap агенттігінің хабарлауынша, қарарды 171 депутат қолдаған. Оңтүстіккореялық оппозиционерлер импичмент жариялау бойынша дауыс беруді әуелі 2 желтоқсанда өткізуге келіскен еді. Алайда «Халықтық партия» бұл іске қатысудан бас тартқандықтан, дауыс беру кейінге қалдырылды. Оның үстіне, импичмент жариялау мәселесін дауысқа салу үшін ел парламенті – Ұлттық ассамблеяға мүше 300 депутаттың 200-і оппозиция өкілдерінің ұсынысына қолдау білдіруі шарт. Бұл үшін билеуші партия «Сэнуридің» кем дегенде 28 депутатының дауысы керек.
Алайда 1 қараша күні «Сэнури» партиясының мүшелері Пак Кын Хенің 2017 жылдың сәуірінде өз еркімен кетуін бірауыздан қолдайтындарын мәлімдеді. «Біздің депутаттарымыздың бәрі президенттің биліктен 2017 жылдың сәуірінде кеткені жөн деп есептейді. Өйткені билікті тапсыруға және мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге дайындалу үшін уақыт қажет», – деді «Сэнури» парламенттік фракциясының көшбасшысы Чун Чжин Сук.
Бұған дейін өзінің Оңтүстік Корея халқына арнаған телевизиялық үндеуінде Пак Кын Хе билікті өткізуге қажетті барлық саяси шарттар жасалған уақытта президенттіктен өз еркімен кетуге дайын екенін хабарлаған еді. «Оппозиция мен билеуші партия билікті елде берекесіздік тудырмай алмастырудың жолын тауып, билік вакуумын мейлінше қысқарту шаралары жөнінде ортақ мәмілеге келгенде мен отставкаға кетуге дайынмын», – деді Пак ханым. Алайда импичментті талап еткен оппозициялық партиялар ел көшбасшысының бұл мәлімдемесін халықты алдаудың және биліктегі мерзімін мүмкіндігінше соза түсудің амалы деп бағалады.
Президент мәлімдемесінен кейін 30 қараша күні жүргізілген әлеуметтік зерттеу де ел халқының басым көпшілігі импичментті қолдайтынын көрсетті. Real Meter компаниясының сауалнамасына жауап берген азаматтардың 75 пайызы Пак ханымның биліктен қуылғанын қалаған. Сауалнамаға кәмелеттік жасқа жеткен 1050 тұрғын қатысты.
Қарашаның басынан Оңтүстік Кореяда президенттің отставкаға кетуін талап еткен наразылық шерулері толассыз өтіп келеді. 12 қараша күнгі ең ірі шеруге миллионға жуық адам қатысты. Пак елдің билікке деген сенімін қалыпқа келтіру үшін премьер-министр Хван Геанның үкіметін отставкаға жіберді, өзінің 10 кеңесшісі мен көмекшісін жұмыстан босатты. Алайда бұл қадам билікке наразылықты азайтқан жоқ. 3 қараша күні Сеул көшелерімен жүріп өткен он мыңдаған оңтүстіккореялық өз талаптары әлі күшінде екенін ұқтырды. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, оппозиция сол күні бүкіл ел көлемінде наразылық шерулеріне бір жарым миллион адам қатысты деп мәлімдеген. Алайда полицияның есебі бойынша, көтерілісшілер саны 270 мыңға жуық адам болған.
Құрбының тілін алған соң..
Пак Кын Хенің президент әкімшілігі мүшелері мен сарапшылардың пікірімен санаспай, өзінің саяси шешімдерін билікке еш қатысы жоқ өзге адамдармен ақылдасатыны жайлы қауесеттің көптің құлағында жүргеніне біраз болған. Алайда Оңтүстік Кореяның баспасөз құралдары қазан айының соңында президенттің құрбысы Чхве Сун Сильдің мемлекеттік саясатқа ықпал жүргізіп отырғаны туралы жарыса жазғаннан кейін ел ішінде саяси дау тұтанып, жаппай берекесіздік белең алды. Пак Кын Хенің жастық шақтан бергі досы, ешқандай мемлекеттік лауазымы жоқ Чхве ханымға мемлекеттік құпияға жататын құжаттарды ұсынғаны, ол басқаратын қорларға ірі көлемде мемлекеттік компаниялар қаржысын аударғаны жайлы хабардан кейін мемлекет басшысы жылдар бойы жинаған абыройынан бір-ақ күнде айрылды. Жергілікті БАҚ-тың дерегінше, құрбысы Пак Кын Хе көпшіліктің алдында сөйлейтін сөзі мен үндеулерін жарияламас бұрын құрбысына оқытып, түзеттіріп отырған. Осылайша елдегі саясатқа араласып отырған Чхве ханым өзінің билікке ықпалын пайдаланып, оңтүстіккореялық ірі корпорациялардың қаржысын өзіне тиесілі екі коммерциялық емес қордың шотына аудартқызған. 52 компания мен 19 бизнес-топтың 70 миллион доллардан астам қаражатын қалтасына басқан көрінеді. Чхве Сун Силь – Пак Кын Хенің 1970 жылдардан бергі жақын құрбысы. Оның әкесі Чхве Тхэ Мин алты рет үйленіп, жеті рет есімін өзгерткен. Христиан діні мен дәстүрлі корейлік шаманизмнің бірігуін насихаттайтын «Ёнсегё» атты жеке меншік шіркеуін ашып, көлеңкелі діни бизнеспен айналысқан. Пак Кын Хе сол сектамен жас кезінен тығыз байланыста көрінеді. Өйткені әуелі анасы қаскөйлердің қолынан қаза тауып, одан кейін әкесі, Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Пак Чон Хи өмірден озған соң Чхве мырза мен оның қызы Пак Кын Хенің ең жақынына айналған. Құрбысының айтқанын екі етпей орындап келгені сондықтан дейді Оңтүстік Корея көшбасшысының ғұмырын және саяси жолын жіті зерттеген сарапшылар. Кэсон өндірістік аймағын жабу және Солтүстік Кореямен экономикалық байланысты үзу туралы шешім де Чхве ханымның ықпалымен жасалған деген пікір бар. Мұның бәріне көндіксе де, Оңтүстік Корея халқы спорттың дамуы мен халық мәдениетінің шетелдегі насихатына жұмсалды деп көрсетілген ірі компаниялардың демеушілік қаржысын президент пен оның құрбысы бөліске салғанына төзе алмады. Даулы оқиға БАҚ-тың қырағы назарына алынған соң, қазанның соңында JTBC арнасының тілшілері Сеул қонақүйлерінің бірінің қоқыс жәшігінен Пак Кын Хе мәлімдемелерінің онға жуық стенограммасы және президент әкімшілігінің жүздеген құпия құжаты сақталған планшет тауып алды. Кейіннен құрылғының Чхве Сун Сильге тиесілі екені анықталды. Планшеттегі құжаттардан мемлекет басшысы ел алдында жасайтын мәлімдемелерін түзету және бекіту үшін құрбысына ұдайы жіберіп отырғаны, сондай-ақ, онымен мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты маңызды оқиғаларды кеңесетіні белгілі болды. Мәселен, құрбылар елдің бұған дейінгі президенті Ли Мен Бакпен арадағы келіссөздер мен солтүстік және оңтүстіккореялық әскерлердің байланысы жөніндегі барлаудың мәліметтерін талқылаған. Ең сұмдығы, Пак Кын Хе Чхве Сун Сильмен құпия деректерді бөлісуді 2012 жылдың желтоқсанында, яғни президент сайлауында жеңіске жеткен кезде-ақ бастап кеткен. Қарашаның екінші жартысында Пак Кын Хенің атына қатысты тағы бір шу шықты. Оппозициялық депутаттардың бірінің мәлімдеуінше, президент әкімшілігінің қызметкерлері 400 таблетка виагра сатып алған. Президент әкімшілігі бұл деректі жоққа шығарған жоқ. Дәрі 2016 жылдың мамыр айында мемлекет басшысы бастаған ел делегациясының Эфиопия, Уганда мен Кенияға сапары кезінде биіктік гипоксиясымен күресу мақсатында алынды деп мәлімдеді. Straits Times басылымының дерегінше, виагра расында да биіктік гипоксиясын жоюға көмектеседі.Келесі кім?
Оңтүстік Корея конституциясы бойынша президент 5 жыл мерзімге сайланады. Пак Кын Хенің өкілеттік мерзімі 2018 жылғы ақпанда аяқталады: келесі президент сайлауы 2017 жылдың желтоқсанында өтуі тиіс. Алайда жаппай қарсылық толқыны 64 жастағы президентті көп ұзамай тақтан шеттететін түрі бар. Егер оппозиция жеңген жағдайда Пак Кын Хе Оңтүстік Кореядағы лауазымын мерзімінен бұрын аяқтаған алғашқы президент болмақ. Ол отставкаға кетсе, елде 60 күн ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтуі тиіс. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, корей элитасы қазір екіұдай күйде. Сондықтан елдің жаңа көшбасшысы туралы айуға әлі ерте. Бұған дейін БҰҰ-ның қазіргі бас хатшысы Пан Ги Мун қызметін өткізгеннен кейін Оңтүстік Корея президенті болуға ниет білдіруі мүмкін деген пікір айтылған. Алайда бүгінгідей берекесіздік тұсында оның өз кандидатурасын ұсына қоюы екіталай. Ресейдегі Қиыр Шығыс институтының корейлік зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері Евгений Кимнің айтуынша, оппозиция өкілдері импичментті дауысқа салу мәселесіне тым асығыс кірісті. Өйткені билеуші партияның әзірге Пактың орнын алмастыра алар үміткері жоқ. Кимнің пікіріне сүйенсек, оппозициялық саясаткерлер арасынан алдыңғы сайлауда президенттікке үміткер болған Мун Дже Ин мен Сеулдің қазіргі мэрі Пак Вон Сунның мүмкіндігі көбірек. Пак ханымның биліктегі тағдырына қатысты алдын-ала болжам айту қиын. Қалай болған күнде де, оңтүстіккореялықтар демократиялық қоғамның қандай болу керек екенін көрсетті. Ел мүлкін талан-таражға салуға, алдап-арбауға төзбейтіндіктерін ашық айтты. Көп асқанның бір тосқаны болатынын, халықтың қалауынан ешкім асып кете алмайтынын ұқтырды.