Ақтөбеде оқушы қызды ұрламақ болған ер адам ұсталды
Ақтөбеде оқушы қызды ұрламақ болған ер адам ұсталды
Ақтөбе қаласында түс уақытында мектепке бара жатқан 3-сынып оқушысының ізін аңдып, соңынан қалмай қойған бейтаныс ер адам ұсталды деп жазды turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Ақтөбедегі №2 мектептің ата-аналары балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Себебі мектепке бара жатқан жолда 3-сынып оқитын қыздың артынан бейтаныс ер адам еріп, оны тәттімен алдап, сеніміне кірмекші болған. Қыздың анасы болған оқиға жайлы әлеуметтік желіде жазған.
«Менің қызым мектепке бара жатып, жолдан дүкенге кірген. Ол жерде 60-65 жас шамасындағы бейтаныс ер адам «бүгін туған күнім» деп тәтті сатып алып берген. Қызым мектепке жеткенше ол ілесіп жүрген. Атын, мектебі мен қай сыныпта оқитынын айтуды бұйырған. Қызым қорыққанынан айтып, мектепке жүгіріп кеткен. Кейін ол кісі мектепке барып, мұғалімнен қызымды сұрап, іздеген» деп жазды қыздың анасы.
Мектеп директорының айтуынша, білім мекемесінің ауласында тұрған бейтаныс адамды мұғалім байқап қалған.
«Кешке қарай 17:15-те ер адам келіп тұр. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі одан не үшін тұрғанын сұрады. Ол қыздың есімін атап, оны күтіп тұрғанын, өзінің қызға ешкім емес екенін айтқан. Мұғалім бөтен адамның баланы алып кетуге хақысы жоқ екенін жеткізіп, оны ауладан шығарып жіберді», – деді директор Сәния Дәнішева.
Артынша директор қыздың ата-анасын шақыртқан. Мектеп чатына жазып, оқушыларға абай болуды ескерткен.
Қыз баланың ата-анасы полицияға арызданған. Тәртіп сақшылары күдіктіні тауып, қамауға алды. Ол өзге елдің азаматы болып шыққан.
«ҚР ӘҚБтК-нің 449 және 517-баптары бойынша қоғамдық орында кәмелетке толмаған балаға тиісу дерегі және Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1961 жылғы ер адамға әкімшілік іс қозғалды. Бұдан әрі сот шешімі қабылданған соң, мемлекеттен шығару шаралары қарастырылады. Күдікті қазір полиция бөлімінде соттың шешімін күтіп отыр. Ол 5 тәулікке қамалуы мүмкін немесе оған айыппұл салынады. Сонан соң елден шығарылады», – деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.