Жаңалықтар

Олақ құрылысшы, опырылған ғимарат

ашық дереккөзі

Олақ құрылысшы, опырылған ғимарат

Құрылыс саласындағы көптің көңілін алаңдатқан түйткілдер түгесілер түрі көрінбейді. Қисайып барып құлап қалатын тұрғынүйлер, көпірлер мен түрлі ғимараттарға жақындауға да үрейленеді кейбіреулер бұл күнде. Кеше ғана Өскеменде құлаған көпір, Тараз қаласындағы  қатты дауылдан қабырғасы опырылып түскен тұрғынүй осы сөзіміздің айқын дәлелі емес пе? Ал құрылысшылар қолынан шыққан сапасыз ғимараттардың қолданысқа берілуіне тосқауыл болатын  кім?  Әрбір жаңа нысанның қауіпсіздігіне нақты жауап беретін жан бар ма?

Жұрт күдікпен қарайтын жаңа нысандар

Құрылыс саласына қатысты қанша сын айтылса да, жаңадан бой көтерген көптеген  ғимараттардың сапасы  көңілде күмән туғызады. Қолданысқа берілген жаңа нысанның көп уақыт өтпей жатып-ақ қабырғасы қақырап  кетуі қалыпты жағдайға айналғандай. Жаңа нысандардың сапасыздығы жөнінде құрылыс компанияларына сан мәрте ескерту жасалса да, апатты жағдайдағы тұрғынүйлер де, ғимараттар да азаймай тұр. Әсіресе, қарапайым халыққа арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарында сапасыздық жиі қылаң береді. Республикамыздың кез келген аймағында мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған тұрғынүйлердің көпшілігі сапасыз деседі сарапшылар. Бұған таяуда Жамбыл облысындағы жойқын желдің әсерінен тас-талқаны шыққан ғимараттар мен тұрғынүйлер дәлел сияқты. Үстіміздегі жылы ғана пайда­лануға берілген үй Тараз қаласының қақ ортасында орналасқан. Тұрғынүйдің бір желден кейін-ақ, шатыры шайқалып, қабырғалары қақ бөлінді. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы арқылы қолдары жеткен баспананың арада бір жыл уақыт өтпей жатып талай кемшілігі анықталып үлгерді. Әлі күнге дейін жылу жүйесі дұрыс болмағандықтан, үй тұрғындары салқын бөлмеде қалың киініп жүруге мәжбүр. Ал кішкентай балалары бар отбасылар үшін суық күндерде жылусыз отыру тіптен қиын. Бұл – бөлек мәселе. Желдің әсерінен қабырғасы опырылып түскен тұрғын үйге оралайық. Әуелде балкон болуы тиіс аумақ кейінірек бөлменің көлеміне қосылған. Желге қарсы тұра алмаған қабырғаның қақырап қалуына да осы себеп. Себебі балконның қабырғалары басқа материалдан жасалады. Абырой болғанда, аталмыш тұрғынүйдің құлаған қабырғасы мен шатыры тез арада қайта қалыпқа келтірілді. Алайда Жамбыл жерінде қатты дауылдың жиі соғатынын ескерсек, мұндай жағдайдың тағы да қайталанбасына кім кепіл?! Ал үп еткен желге қарсы тұра алмайтын сапасыз тұрғынүйлер елімізде біреу ғана деп ешкім айта алмайды. Бірнеше жыл бұрын Қарағанды қаласында «Бес­оба» тұрғынүй кешенінің ай мен күннің аманында қирап қалғанын ешкім ұмытқан жоқ. Осыдан кейін құрылыс саласында пайда болған «Бесоба синдромы» еліміздің талай шаһарларында байқалғаны да белгілі. Ең өкініштісі, тұрғынүйлерді салу кезінде құрылыс компаниялары қауіпсіздік мәселесіне, жұмыстың сапалы жүзеге асырылуына мән бермейтіні талай жылдан бері жаппай айтылып келеді. Бірақ... Ақтөбе тұрғындары да жаңа көп қабатты үйдің сапасы сыр бере бастағандығын айтып дабыл қағуда. Осыдан 4 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, тұрғындарға берілген екі дәлізді көп қабатты үйдің бір-бірімен қосылған қабырғалары сөгіліп, арасы күн сайын алшақтап барады. Енді тұрғындар жергілікті билік жағдайды тез арада қолға алмаса, үйде түнеуге қорқатын болдық деп отыр. Ал құрылысшылар бұл үйдің бір жағы қисайған болуы мүмкін екендігін алға тартады. Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болған тұрғындардың «Бесобаның» күйін кешпесіне де ешкім кепілдік бере алар емес. Уақытынан бұрын қирап қалатын нысандардың қатарын тұрғынүйлермен қатар көпірлердің толтырып тұрғандығын айта кеткеніміз жөн. Өткен жылдың көктемінде Алматы қаласындағы айналма көпірдің опырылып түскені көптің есінде. Рысқұлов пен Саин көшелерінің қиылысындағы құрылысы жүріп жатқан көпір құлаған сәтте оқиға орнында 55 құрылысшы жұмыс істеп жатқан. Осы оқиғадан 21 адам жараланып, 1 құрылысшы қайтыс болды. Бұл оқиға да талай жұрттың үрейін ұшырған болатын.

Сапасыз құрылыстың сыры неде?

Құрылыс саласындағы сапасыз­дықтың орын алуына бірден-бір себеп болып отырған – тендер. Тендер өткізудегі жемқорлықты жою мәселесі бұған дейін де біраз талқыланды. Бірақ жемқорлыққа жол беріп, кейін жазадан құтылып кететіндер өте көп. Жасаған қылмысы үшін жаза арқалайтындардан  гөрі тамыр-танысы, ақшасы арқылы мәселені өз пайдасына шешетіндер жиі кездеседі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, тендердегі жемқорлықтың тыйылар түрі көрінбейді. Тапсырыс беруші билік өкілдері көбіне өздері жақсы танитын, бұрын құрылыс саласында тәжірибе жинақтамаған мердігердің тендерді жеңіп алуы үшін бар жағдайды жасайды. Сөйтіп, құрылыс жұмыстары басталмай жатып-ақ жемқорлық орын алады. Әрине, көбіне аларын алып, қалтасын қампайтқан бақылаушылар құрылыс жұмысының барысын мүлдем бақылауға алмайтын сияқты. Заңсыз әрекетке өздері қатысқан соң көптеген тапсырыс берушілер жұмыстың сапасыздығына қарамастан қабылдау актісіне қол қойып жібереді. Қабылдау комиссиясы құрылыс жұмыстары аяқталған нысанды толық тексеруден де өткізбейді деседі құрылыс саласының жілігін шағып, майын ішкен марқасқалар. Комиссия қабылдап алғаннан кейін кемшіліктері байқалса, мердігер компаниялар «барлығын бақылаушылар тексерген» деп құтылады. Егер мердігер компаниялардың басшылары заң құрығынан құтыла алмасын білсе, құрылыс саласында мұндай олқылықтар орын алмас еді. Алайда бүгінде сол тендерді өткізушілер мен бақылаушылардың кінәсінен қарапайым тұрғындар баспанасыз қалып, тіпті үп еткен жел құлататын үйді паналауға мәжбүр болуда. Жылдар бойы маңдай тер, табан ақымен тапқан қаржысын салып, қол жеткізген үйі сапасыз болып шыққан тұрғындардың жағдайын есту де жеңіл емес. Сонымен қатар, сырты жылтыр, ішкі сапасы сын көтермейтін құрылыс материалдары пайдаланылған нысанның қауіпсіздік мәселесі тіпті де күмәнді.  Құрылыс саласында нысанның негізгі тұғыры – арматура. Ал арматура Қазақстанда өндірілмейді. Сондықтан оны Ресей мен Украинадан жеткізеді. Кейінірек ресейлік және украиналық арматуралардың орнын қытай арматуралары алмастыра бастады. Қытайдан жеткізілетін арматураның сапасы төмен. Бағасы арзан арматураларды пайдаланып, құрылыс жұмыстарын аяқтау – компаниялардың басты мақсаты. Осылайша, елімізде тірегі әлсіз жүздеген ғимарат бой түзеуде. Бүгінде құрылыс материалдарын өндіру жөнінен Қазақстанның мақтана алмайтыны айтпаса да түсінікті. Мысалы, 80-жылдары қазақ даласында 4 ірі цемент зауыты табысты жұмыс істеген. Ал бүгінгі күні отандық цемент зауыттары өндірген өнім көлемі сол 4 зауыттың өндіріс күшімен бәсекелесе алмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды-инновациялық бағдарламаның шеңберінде салынатын зауыт, фабрикаларға 80 пайызға дейін отандық құрылыс материалдарын қолдану керектігін айтқан. Ал біздегі құрылыс саласында барлығы керісінше. Елімізде құрылыс материалдарының 80 пайызы шетелден тасымалданады екен. Әсіресе, Қытайдан жеткізілетін құрылыс материалдары еліміздегі құрылыс жұмыстарында жиі қолданылады. Оның үстіне шетелдік құрылыс материалдарын сатып алу арқылы отандық компаниялар өзге мемлекеттің экономикасын дамытуға үлес қосуда. Осының бәрі еліміздегі құрылыс саласының деңгейін төмендетпесе, жоғарылата қоймасы анық. Жасыратыны жоқ, Қазақстандағы құрылыс саласы халықтың 8 пайызын жұмыспен қамтып отыр. Әрине, құрылыс саласының халықты жұмыспен қамтуы еліміз үшін өз пайдасын тигізеді. Мұның да бір әттеген-айы бар. Ол – мердігерлердің  құрылысқа  біліксіз гастарбайтерлерді жұмысқа тартуы. Әрине, өзге салалар секілді құрылыс сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі мамандардың кәсіби біліктілігі. Ал еліміздегі құрылыс саласында қызмет ететіндердің жартысынан көбі шеттен келген кәсіби біліксіз келімсектер. Мұндай арзан жұмыс қолын құрылысқа тарту компаниялар үшін өте тиімді. Олардың көбінің кәсіби біліктілігінің жоқтығын ескеретін болсақ, салынып жатқан нысанның кәсіби деңгейде орындалмайтыны анық. Бұл сапаның төмендеуіне әсер етеді. Мәселен, кейбір дерек көздеріне сүйенсек, жоғарыда атап өткен «Бесоба» тұрғын үй кешенін Өзбекстаннан келген гастарбайтерлер салған көрінеді. Олардың ешбірінде кәсіби құрылысшы мамандығы болмаған, құрылыстың іргетасы стандарттарға сай талаптар бойынша жүргізілмеген. Құрылыс компаниялары үшін біз атап өткен себеп-салдардың ешқандай маңызы жоқ. Мұны бүгінгі құрылыс саласындағы олқылықтар мен жаңадан бой көтерген сапасыз құрылыс нысандарынан-ақ байқауға болады. Сондықтан құрылыс саласын Үкімет қатаң түрде бақылауға алғаны жөн. Тым болмаса, құрылыс жұмыстарын бақылап отыратын арнайы ұйым немесе комиссия құрып, ол топқа шын мәнінде мемлекет мүддесіне жанашырлықпен қарайтын ұлт азаматтарын қосу керек. Әйтпесе, тендер арқылы бюджеттен бөлінген қаржыны бөліске салатын жемқорлардың әрекетіне тосқауыл болу мүмкін емес. Өкінішті-ақ.