«Сарбаздарға үлгі болыңыз»: депутат министрге қазақ тілін үйренуге кеңес берді

«Сарбаздарға үлгі болыңыз»: депутат министрге қазақ тілін үйренуге кеңес берді

«Сарбаздарға үлгі болыңыз»: депутат министрге қазақ тілін үйренуге кеңес берді
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа қазақ тілін үйреніп, сарбаздарға үлгі көрсетуі керектігін айтты деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Руслан Фатихұлы, сіз қатардағы азаматтың бірі емес, арқасына ел аманатын арқалаған Қорғаныс министрісіз. Сондықтан да мемлекеттік тілге салғырттық танытпай, құрметпен қарауға тиіссіз», - деп бастады сөзін ол.
Одан әрі депутат Қорғаныс министрінің қазақ тілін үйреніп, сарбаздарға үлгі болуы керектігін айтты.
«Мемлекеттік тілде сөйлеу арқылы артыңыздағы сан мыңдаған сарбазға өнеге көрсетуге міндетті екеніңізді естен шығармаңыз. Әскеріміздің және оның кеңсесінің тілі толық қазақша болатын уақыт жетті. Өзіңіз айтқандай, қырық қазақ отырып, ортадағы жалғыз өзге ұлт өкілі үшін орыс тілінде сөйлеу - Кеңестік жүйеден қалып қойған отарлық сананың көрінісі. Сондықтан да тәуелсіз елдің қолбасшы генералы ретінде бұл мәселеге жаңаша қараңыз», - деді ол.
Мәжіліс депутаты Қорғаныс ведомствосы басшысына ана тілінде еркін, жақсы сөйлеуді үйренген Тоқтар Әубәкіровтен үлгі алуға болатынын атап өтті.
«Мен сіздің әскери маман ретінде кәсіби тәжірибеңізге, атқарып келе жатқан еңбегіңізге құрметпен қараймын. Отанымыздың әскерін басқару үшін мемлекеттік тілді еркін меңгеру аса маңызды. Сіз секілді мемлекетік тілде сөйлеуге басында қиналса да кейін талабы мен жігерінің арқасында ана тілінде еркін, көркем сөйлеуге қол жеткізген генерал Тоқтар Әубәкіров ағамыз сізге жақсы үлгі бола алады» деп жазды ол.
Сөзінің соңында айтыскер ақын Қорғаныс министрінен репетитор жалдап, қазақша кітапты оқып, отбасында ана тілінде сөйлеуді сұрады.
«Репетитор жалдаңыз, қазақша кітап оқыңыз, отбасында қазақша сөйлесіңіз. Көп кешікпей, жақсы нәтижеге қол жеткізе аласыз. Отан қорғау жолындағы аса маңызды жұмысыңызға сәттілік тілеймін!» - деді ол.
Тағы оқи отырыңыз: Қорғаныс министрінің басы дауға қалды (ВИДЕО)