Әлем қастерлеген қазақ мұрасы

Әлем қастерлеген қазақ мұрасы

Әлем қастерлеген қазақ мұрасы
ашық дереккөзі
Қайбір жылы алты мың жылдық тарихы бар, қазақтың қасиетті сусыны – қымыз бен шұбатты шетелдіктер патенттеп алыпты деген ақпарат тараған еді. Тіпті, сол кезде қымызға – немістер, шұбатқа – еврейлер, қазыға – итальяндықтар  иелік етіпті деген әңгіме желдей ескен. Алайда бұл мәлімет жалған болып шығып, қуанғанымыз есімізде. Әр халық өзінің ұлттық тағамдарын, мәдениетін, өнерін, ойындарын көздің қарашығындай қорғауы керек. Әйтпесе, әлгіндей қауесет ақпараттың қаулауына жол беріледі. Бүгінде халықаралық ЮНЕСКО ұйымы әр халықтың өмірімен біте қайнасқан ұлттық дүниелерін мәдени мұра тізіміне енгізуді қолға алған. Тізімге кірген соң бұрын тек қазақтікі ғана саналған біраз дүние адамзатқа ортақ мұраға айналады. Өзгелер бізді тани түседі, мәдениетіміздің жауһарларына тамсанатын болады. Жақында ғана қазақтың ұлттық кү­ресі мен саятшылық өнері ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасына енгендігі ту­ралы жағымды жаңалық жария бол­ды. Бұл шешімді күллі әлемге паш еткен Эфиопиядағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөнін­дегі комитет қазақ күресінің ерте­ден келе жатқан ұлттық спорт тү­ріне жататындығына ерекше тоқта­лып­ты. «Қазақ күресінің дамуы қазақ халқының тамыры тереңнен тарты­латын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі басқосулар мен мереке-тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жет­кен балуандар халықтың құрмет тұтар адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді», – делінген комитеттің хабарламасында. Бір айта кетерлігі, сұңқармен аң аулау көптеген елдердің ұлттық ойындары саналады. Сондықтан да бұл өнерді ЮНЕСКО тізіміне қосуды Қазақстаннан бөлек Біріккен Араб Әмірліктері, Австрия, Бельгия, Чехия, Франция, Германия, Венгрия, Италия, Моңғолия, Марокко, Пә­кіс­тан, Португалия, Катар, Сауд Арабиясы, Испания және Сирия Араб Республикасы ұсынған көрінеді. Сондай-ақ, Материалдық емес мәдени мұра комитетінің шешімімен ЮНЕСКО тізіміне бұдан басқа 12 мұра енгізілген. Олардың қатарында Наурыз мейрамы, кубалықтардың румба биі, йога, т.б. бар. Қазір бұл тізімге барлығы 340-қа жуық элемент енген. Оған уақыт ағымымен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мәдени мұра, салт-дәстүр, шығармашылық өнер түрлері кіріп, толығып отырады. Эфиопияда өткен ЮНЕСКО-ның кезек­ті сессиясында аталмыш тізімге Қазақстанның тағы төрт өтініші енгізілді. Олар – Наурыз, саятшылық, қазақ күресі және барша түркі жұртына ортақ шелпектің жасалуы сынды руxани әрі мәдени мұралар. Қазақстан мемлекетінің өзі биылдан бастап «Батыс Тянь-Шань» трансұлттық номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның мұралар тізімінен орын алды. Ал Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін осы тізімге қосу туралы ұсыныс Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак және Пәкістан елдерінен түскен болатын.

«Рухани мұра» мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді

Астанадағы Қазақстан Республи­касы Ұлттық музейінде ашылған Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасына арналған экспо­зицияның ресми ашылу салтанатына қатысқан Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов қазақтың мәдени құндылықтарын адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативтік тізіміне қосу жөніндегі ЮНЕСКО сертификатын тапсырды. «Қазақтың қасиетті киіз үйі», «Суы­­рып­салма айтысы» мен «Күм­бір­леген кие­лі күйі». Бұлар ЮНЕСКО-ның арнайы серти­фи­­кат­тарының ресми атауы. Серти­­фикаттарды тапсыру кезін­де вице-премьер: «Біздің бай тари­хы­мыздың мате­риалдық емес мұрасы терең рухани мағы­наға ие және ол ұлттың мәдени құндылықтарының негізі саналады. Тәуелсіздіктің алғаш­қы күндерінен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәдени ескерткіштерді сақтауға ғана емес, сонымен қатар ел аумағында тұратын халықтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруына үлкен көңіл бөліп келеді. 2003 жылы Президенттің тапсырмасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып осындай ауқымды жобаны жүзеге асырды», – деді. Иманғали Нұрғалиұлының айтуына қарағанда, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 8 жылдың ішінде 78 тарихи және мәдени ескерткіштер қайта қалпына келтіріліп, орта ғасырлардағы күй, тарихи әуендер сияқты қазақ музыкасы терең зерттелген. Ұлттың музыкалық танымының тереңдігін айғақтайтын «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» қазақ дәстүрлі әндерінің антологиясы шықты. Десек те, сол мұраларды әлемге таныту ісінде әлі де атқарылар шаруа аз емес. Қазақстанның ЮНЕСКО-мен достық қарым-қатынасты нығайтуы, ұйыммен ынтымақтастықты тереңдете білуі өз нәтижесін беріп жатыр. Халықаралық ұйым қазақтың біраз ұлыларының мерейтойларын өткізуге үлес қосты. Одан бөлек, қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштерді де қамқорлығына алып келеді. Қараша айында вице-премьер И.Тасмағамбетов Парижге барып, ЮНЕСКО-ның Бас директоры И.Боковамен кездесіп,  тарихы тереңде жатқан Талғар қаласының халықаралық ұйымның тізімінен шығып қалмауы жөнінде әңгімелескен-ді. Үкімет басшысының орынбасары елімізде де материалдық емес мәдени мұраларды сақтауға көп көңіл бөлінгенін айтты. Мәселен, материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі Ұлттық комитет құрылды, адамзаттың репрезентативтік тізіміне алғашқы қазақстандық ұсынымдар әзірленіп, ұлттық тізім бекітілді. Оның нәтижесінде 2014-2015 жылдары бүкіл әлемдік адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қазақтың киіз үйі, айтыс және күй өнері енгізілген. «Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне Қазақстанның «Наурыз» көпұлтты номинациясы, «Саят құстармен аң аулау» көпұлтты номинациясы, «Жұқа нанды дайындау дәстүрі: лаваш, қатырма, жұқпа, юфка» және «Қазақ күресі» ұлттық номинациялары енді. «Қазақтың қасиетті киіз үйі», «Суырыпсалма айтысы» мен «Күмбірлеген киелі күйі». Оған куә – бүгін мұражайға тапсырылып отырған ЮНЕСКО-ның арнайы сертификаттары. Сөз жоқ, бұл енді бірнеше күннен соң бүкіл ел болып атап өтетін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту әрі лайықты үлес деп білемін», – деп атап өтті Иманғали Тасмағамбетов. Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов ЮНЕСКО сертификаттарын этнографиялық залға тұрақты қою үшін Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбайға салтанатты түрде тапсыру барысында тағы бір жағымды жаңалықтың шетін шығарды. Иманғали Нұрғалиұлының айтуынша, еліміздің материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға бағытталған «Рухани мұра» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.

Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы

 Әзірбайжанның Шеки шаһарында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысында ер түріктің бесігі атанған Қазақстанның Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданды. Аталмыш жиынға ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Түркі Кеңесі, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы, Халықаралық Түркі Академиясы, Түркі мәдени мирас қоры секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Тұрақты Кеңестің 35-ші отыры­сының үйлестірушісі болу Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне жүктеліп, оның отырысы 2017 жылдың соңына қарай Түркістанда өтетін болып белгіленді. Бұған қоса, Әзірбайжан Мәдениет және туризм министрлігінің ұсынысымен ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдерде 2017 жыл «Молла Панах Вагифты еске алу жылы» деп жарияланды. Отырыста ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) 20 жылдан астам уақыттан бері түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениетті ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге танытуда тындырымды тірліктер атқарылып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол ТҮРКСОЙ-дың ең сәтті жобаларының бірі ретінде 2012 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жұмысы екенін атап өтті. Түркістанның мәдени астана атына ие болатын 2017 жылы бірқатар шаралар ұйымдастырылмақшы. Атап айтқанда, түбі түркітілдес халықтар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын мерекелеп, театр фестивалін өткізеді. Кітап жәрмеңкесі мен қолөнер шеберлерінің Орта Азиялық фестивалі мен Ұлы Дала дәстүрлі музыкалық фестивалін, сонымен бірге суретшілер кездесуі сияқты ірі бағдарламаларды ұйымдастыру көзделіп отыр. Ал осы айтулы жаңалыққа орай Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаевтың айтуынша, 2017 жылдың ақпан айында күнгейде «Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасының ашылу салтанаты басталып, жыл соңына дейін түркі әлеміне қатысты түрлі айдарлармен іс-шаралар өтеді. Солардың бірі наурыз айында барша түркі жұртшылығының мейрамы, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атауға болады. Осы бағдарлама аясында түркі­тілдес театрлар фестивалі, ТҮРКСОЙ-дың ХХ опералық фестивалі, түркі әлемінің кітап көрмесі мен мәдениет пен өнер универсиадасы және  Орта Азия  халықтарының қолөнер фестивалі сынды көптеген халықаралық дәрежедегі іс-шаралар да бар.