«10 сотық жер алу үшін өтінім беруге әр азамат құқылы» – Әшімбаев

Коммуникация желілерін тартқаннан кейін қазақстандықтарға 10 сотық жер телімін таратуда еш қиындық болмайды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты деп хабарлады turkystan.kz.

Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Палата төрағасынан қазақстандықтардың 10 сотық жер алуға белсенді түрде құжат тапсыруына қатысты сұрақ қойды.

«Жеке өз басым жер теліміне өтінім берген жоқпын. Атап айтқанда, жер учаскесіне өтінім беруге әр азамат құқылы. Негізі, елімізде жер баршылық, бұл тұрғыда адамдарға дұрыс түсіндіру керек. Қазақстан аумағы ауқымды, территория жеткілікті, 10 сотық телімнен Қазақстан азаматтарына таратуға болады. Менің ойымша, біз осыған біртіндеп келеміз. Дегенмен бұл жер телімдеріне коммуникацияларды тарту мәселесі бар. Ол жерлерде жолдар, электр жарығы, су, кәріз жүйесі болған жөн», – деді Әшімбаев.

Осы орайда, ол инженерлік желілерге қатысты мәселе бар екенін, бұл бағыттағы тақырыптарды депутаттар көтеріп жүргенін айтты.

«Жыл сайын коммуникацияны тартуға тиісті қаражат бөлініп жатыр, бұл жұмыстар жалғаса береді. Сондықтан кезең-кезеңмен әкімдіктер, Үкімет аталған мәселелерді шешіп, біздің азаматтар қажетті жер телімдерін жеке тұрғын үй құрылысына алады деп санаймын», – деді Сенат төрағасы.

Еске сала кетсек, қазақстандықтар енді жеке тұрғын үй құрылысына жер алу үшін eGov.kz порталы арқылы кезекке тұра алады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button