«Темірмен емес, адамдармен жұмыс істеңдер!»: Бозымбаев дәрігерлерге жекіп тастады

«Темірмен емес, адамдармен жұмыс істеңдер!»: Бозымбаев дәрігерлерге жекіп тастады

«Темірмен емес, адамдармен жұмыс істеңдер!»: Бозымбаев дәрігерлерге жекіп тастады
ашық дереккөзі
Алматы облысының медициналық қызмет сапасының төмендегеніне байланысты өлім-жітім санының артуына назар аударған облыс басшысы Қанат Бозымбаев дәрігерлерге қатаң ескерту жасады деп жазды turkystan.kz. Өткен жылы облыста 24 ана өлімі тіркелген. Әрбір факті бойынша медициналық ұйымдарда қызметтік тексерулер жүргізіліп жатыр. Бір бас дәрігер мен бас дәрігердің акушерлік ісі жөніндегі орынбасары қызметінен босатылып, 10 басшы мен 57 маманға қатаң сөгіс жарияланды. Қабылданған шараларға қарамастан, Талғар, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Қаратал аудандары мен Қапшағай қаласында ана мен бала өлімі тіркеліп жатыр. Медициналық мекемелердің бас дәрігерлері ақталуға тырысты. Мұндай фактілердің алдын алуға септігін тигізетін шара ретінде олар кадрлардың біліктілігін арттыруды және заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуды атады. Алайда, олардың уәжі Алматы облысының әкімін қанағаттандырмады.
«Темірмен емес, адамдармен жұмыс істеу керек! Ковид тек сіздің ауданыңызда ғана емес, барлық жерде болды. Басқа облыстар да індетпен жұмыс істеді. Мүмкін, олардың қызметкерлері сіздің дәрігерлерге қарағанда тәжірибелірек шығар. Мысалы, Кеген, Райымбек секілді шалғай аудандарда ана мен бала өлімі болған жоқ. Сіз мегаполистің қасында отырып, осындай ауыр жағдайларға жол беріп отырсыз. Мысалы, Талғар ауданының ауруханасы жекеге өткелі ғимаратты жөндеу, жабдықтау жағынан ілгерілеу болғанымен, қызмет көрсету сапасы төмендеді. Біз үшін инвестиция емес, адам өмірі маңызды! Бәріңізге қатаң ескертемін, жұмыс істеңіздер! Біз өз тарапымыздан қаржылық, адами және материалдық жағынан көмектесеміз және соған сәйкес сіздерден оң нәтиже талап ететін боламыз!» – деді Қанат Бозымбаев.