АҚШ-та қазақ мектебін ашып, Қазақстан туын желбіретіп жүрген Жұлдызай
АҚШ-та қазақ мектебін ашып, Қазақстан туын желбіретіп жүрген Жұлдызай
Өткен аптада қазақстандық БАҚ Американың Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында тұңғыш қазақ мектебі ашылғанын жарыса жазған еді. Kazakh American қауымдастығының президенті Жұлдызай Исмаилова бұл мектепті ашуға бес ай уақытын жұмсаған. Оған дейін ол Американың алғашқы астанасы саналатын Филадельфияда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Ата Заңымыз қабылданған күнге орай іс-шаралар өткізіп, 800-ге жуық адам бас қосқан Наурыз мерекесін ұйымдастыруға атсалысқан. Ұлық мерекеміздің ашық аспан астында дүркіретіп тойлануына тіпті Филадельфия қаласының әкімшілігінде жұмыс істейтін қызметкерлер қызыққанын айтқан Жұлдызайға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Әлеуметтік желіде Америкадағы қазақтарға арналған топтар көп. Сондықтан ол жақта белсенді жұмыс істейтін қазақ қауымдастығы көп шығар деп ойлайтын едік. Бірақ Филадельфияға үш жыл бұрын қоныс аударған сіз бара сала Kazakh American қауымдастығын ашып, азғана уақыт ішінде бірталай іс атқарыпсыз. Тіпті, ондағы Тулар аллеясындағы желбіреп тұрған тулар қатарына Көк байрағымыздың қосылуына атсалысыпсыз. Сонда ол жақта сізге дейін қазақтардың басын қосатын ешкім болмағаны ма?
– Бастапқыда түсініспедік. Филадельфияға көшіп келген кезде мұнда қырғыздар мен өзбектерді көп кездестірдім. Тіпті, мен тұратын үйден ары екі қадам аттасаң өзбектер ашып алған бірнеше дүкенді көзің шалады. Алғашында «бұл қалада қазақтар жоқ-ау, шамасы» деп ойладым. Кейіннен белгілі болғандай, мұнда ұлттық мерекелерді ұйымдастырып жүретін белсенділеріміз бар екен, десе де олар тек мерекеде бас қосатындықтан әрі ресми тіркелген қауымдастық мүшелері саналмағандықтан, көпшілік көзіне түсе бермейді. Ал мен бұл қауымдастықты ашуда екі мақсатты көздедім. Осында түрік, өзбек қауымдастықтарының белсенді жұмыс істеп жатқанын көрген соң қазақтар қауымдастығын ашу қажет екенін түсіндім. Сөйтіп, оны заңды тіркеу, қала әкімшілігіне бізді мойындату үшін біраз жүгіріп, тер төгуге тура келді. Екіншіден, Американың алғашқы астанасы саналатын Филадельфиядағы тулар аллеясында көптеген мемлекеттің туы желбіреп тұр. Бірақ ол қатарда біздің Көк байрағымыз жоқ. Мұны байқаған кезде «Біздің Туды сол жерде көтеру үшін не істесек болады екен?» деп бас қатырғаным бар. Сол кезде әкімшіліктегілер ол үшін ресми түрде қауымдастық ашып, сол қауымдастық атынан хат жазу керек екенін айтты. Қажетті процедураның барлығынан өткен соң, 4 қазан күні қауымдастықты заңды түрде тіркеп, жұмысты бастап кеттік. Былтыр Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған іс-шарада әлгі мен айтқан аллеяда Туымыз көкке көтерілді. Сол іс-шарада Филадельфия қаласының әкімі сөз сөйлеп, бізді айтулы мерекемізбен құттықтады. Сондай-ақ 100 адамның қатысуымен Ата заңымыз қабылданған күнге орай іс-шара ұйымдастырдық. Осылайша, бірнеше штатта жұмыс істейтін қазақтар қауымдастықтарының қатарын Филадельфиядағы біз ашқан қауымдастықпен толықтырдық. Енді біз көппіз.
– Нью-Йорк қаласындағы Қазақстан Бас консулдығы да көмектесетін болар?
– Ондағылар былтыр Наурыз мерекесін ұйымдастырғаныма ризашылық білдіріп, кеңсеге шақырған. Сол кезде «алдағы уақытта Филадельфия қазақтарына арнап мектеп ашамын дегенімде, қазақ тілін үйретемін десеңіз қажетіңізге жарап қалар» деп қазақ тілі, тарихы туралы кітаптар беріп жіберген. Десе де, оларға мектептің ашылғанын әлі айтқанымыз жоқ. Консулдықтағыларға хабарлассақ, олардан тағы көмек болатыны сөзсіз. Жалпы, алдағы бір ай ішінде мектептің жұмысын реттестіріп алған соң, жеке кәсіппен айналыссам деймін. Ел есінде осы мектептің негізін қалаушы ретінде қалғым келеді. Алдағы уақытта жеке кәсіп жүргізуді қолға алған соң мектеп ішінде отырмай-ақ сырттай көмектессем деймін. Негізі, бұл игі іске атсалысқысы келетін кәсіпкерлер жетерлік. Сондықтан болашақта мектептің жұмысы алға баспаса, кері кетпейді. Жалпы, Американың бірнеше штатында жұмыс істейтін қазақтар қауымдастығы бар, онда қазақ тілі мен мәдениетін наисхаттайтын қазақ мектептері ашылған. Лос-Анджелесте Раушан апай, Хьюстонда Қуатбек ағай ашқан мектеп жұмыс істейтінін білемін. Жуырда Анар есімді қыз ел астанасы Вашингтоннан қазақ тілі мектебін ашты деп естідім. Сіздерге білінбес, бірақ қазір Америкада қазақ мәдениетін танып-білуге бағытталған іс-шаралар жиі өткізіледі. Сыртта жүрген ересек қазақтар көбіне орысша сөйлейтін еді. Ал қазір менімен бірге жұмыс істейтін қыздар олардың тек қазақша сөйлеуге тырысып жүргенін айтады. Расымен, қазір қазақтар бас қосса, тек қазақша сөйлеп жүргенін байқадым. Әрқайсысы өз өңірінде ұстанатын салт-дәстүр туралы тың деректер айтып, бір-бірінің әңгімесін ұйып тыңдап отырады.
– Филадельфия қаласының әкімшілігі өткізетін жиналыстарға жиі баратыныңызды айтып қалдыңыз. Бұл жиындар әкімнің қатысуымен өте ме? Онда қандай мәселе талқыланады?
– Иә, Филадельфия қаласының әкімшілігі ай сайын өтетін дөңгелек үстелге шақырады. Ол жиынға қауымдастық президенті ретінде кейде мен қатысамын, кейбірде осында адвокат болып жұмыс істейтін әрі біздің қауымдастықтың вице-президенті Балсұлу Басқанова барады. Сондай-ақ бізде есепші болып жұмыс істейтін Гүлнар Үсембаева қатысады. Үшеуміз кезектесіп барамыз. Әзербайжан, түрік, қырғыз, өзбек қауымдастықтарының, жалпы саны 15-ке жуық ұйым мүшелерінің басын қосатын бұл дөңгелек үстелде әкімшілік өкілдері бізге не көмек қажет екенін сұрайды. Әркім өзін алаңдатқан мәселесін ортаға салады. Олар мәселені бірден шешіп беруге тырысады. Осындай қауымдастықтың көбейіп жатқанына қуанатынын айтады. Өткен айдағы жиналысты ашқан қалалық кеңес мүшесі Дэвид Оу әлеуметтік желідегі парақшамызға жазылған. Наурызды жоғары деңгейде атап өткенімізді көріп «Қандай күшті! Керемет ұйымдастырыпсыздар! Келесіде бізді де шақырыңыздар, бізді қалдырмаңыздар. Міндетті түрде барамыз» деп қызығушылық білдірді. Шынымды айтсам, олар біздің мерекеге осыншалық қызығады деп ойламаппын.