Алтын адамның мұрасын бүгінге жеткізген...

Алтын адамның мұрасын бүгінге жеткізген...

Алтын адамның мұрасын бүгінге жеткізген...
ашық дереккөзі

1970 жылы Жетісудағы Есік қорғанынан шыққан Алтын адам Қазақстанның символына айналғаны белгілі. Ал оның күміс зереншедегі 26 таңбасы көптеген зерттеушінің на­зарын аударғанымен, нақты шешуі ұзақ жылдар бойы табыл­май келген. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, жаратылыстанушы ғалым Мағрипа Жылқыбаева (13.04.1945-24.02.2019) осы көне жазуды зерттеуге 30 жылын ар­нап, нәтижесінде көптомдық еңбек жазып шықты. 1989 жылдан өмірінің соңына дейін Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбасын оп­тика ілімі арқылы зерттеумен айналысқан ға­лым еліміздегі және шетелдердегі 1 000-нан ас­там жартас жазуларының, көне каллиг­ра­фия­лық суреттердің де шифрын ашқан. Ол – әлем­де тұңғыш рет ежелгі дәуірден жеткен құпия жазу үлгілерін, таңбаларды кеңістік бойынша оқу­­дың әдісін тапқан зерттеуші. Петрогли­ф­тер­ді, көне заман жәдігерлеріндегі шифрлы жазу­ларды кванттық оптиканың көмегімен оқу – Мағрипа Жылқыбаеваның әдісі. Мағрипа Шөжеғұлқызы – кванттық фи­зика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қор­ға­нын­­да­ғы Алтын адам мұрасы бойынша прото дәуір­дегі алғашқы адамзат тілінің рас­шиф­ров­ка­сын жасаған жаратылыстанушы ғалым. Ал­тын адамдардың планеталық деңгейдегі ерек­шелігін зерттеу арқылы Сақ қорғандар мен Көк Түрік пирамидаларының құпиясын ашқан қа­зақтан шыққан тұңғыш оқы­мысты. Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің әл-Фараби ғылыми кітап­ха­насында директордың кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Жадыра Арекенованың жетек­ші­лігімен «Мағрипа Жылқыбаева – Алтын адам­ның күміс зереншедегі 26 таңбасының құпи­­я­сын ашқан ғалым» деп аталатын дөңгелек үстел-конференция өтті. ЖОО мен ғылыми институттардың профессор-оқытушылары қа­тысқан алқалы жиында ғалымның «Алтын адам­ның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» деп аталатын кі­тап­тары туралы баяндамалар жасалды. Жиын­да ғалым еңбектерін білім беру үрдісіне ен­гізу мәселелері де талқыланды. Тарих пәнінің мұғалімі Азиза Оңғарбаева Жамбыл атындағы орта мектебінде ашылған Мағрипа Жылқыбаева атындағы ғылыми музейі аясында жүргізілген таным­дық іс-шаралардың жұмысы туралы слай­д-презентация жасады. Іс-шара барысында Мағ­рипа Шөжеғұлқызының ғылыми мұрасына ар­налған көрме өткізілді. Болат Шарахымбай, «Құрмет» орденінің иегері, қаламгер: – Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазу­ларын зерттеушілер бұған дейін де болған. Бірақ күміс зереншеге бедерленген 26 таңбаның әлем­дік деңгейдегі маңызы зор мұра екенін ғы­лыми тұрғыда дәлелдеген ғалым біреу. Ол – Мағрипа Жылқыбаева. Зерттеулерінде 50 мың жыл бұрынғы тарихқа тереңдеген ғалым адамзат баласы үшін аса құнды мәліметтердің бәрін Алтын адамның күміс зереншесіндегі жазу­дан алған. Көне жазудың сырын ашуда мұн­шама көп ғылыми тәсілдерді бір ортаға жұмылдырып зерттеу амалдары оған дейін бірде-бір рет тәжірибеден өтпеген. Мағрипа Жыл­қыбаева жазудың құпиясын физика-математикалық әдіспен терең зерттеп, оқыған әлемдегі тұңғыш ғалым болатыны сол себеп-тен. Мағрипа Шөжеғұлқызы кезінде Алтын адам­ға байланысты комиссия құрған. Оның ішінде мен де болғам. Математикалық есептер­мен қай жерде қандай Алтын адам бар, қай жерде қандай мұнай, металл бар, осының бәрін Ломоносов химияны есептегені сияқты есептеп шығарып қойған. Мен 1990 жылдары «Өркен» деген газетте жұ­мыс істеген кезде ол кісі редакцияға келіп, өзі шифрын ашқан текстегі көне жазуларды бізге оқып беретін. Оны қайталауға біздің тілі­міз жете бермейді. «Бұл – өте құпия жазу, коды бар. Оқу оңай емес» деуші еді. Шынында да, оңай емес сияқты. Өйткені ғалым жазған Ал­тын адам туралы кітаптарды ашсаңыз, осындай құпия жазуларды көресіз. Бұл 49 қабаттан тұра­тын, құпия жазу екенін кітабында түсін­діреді. Коды қиын болғандықтан, ішіне кез келген адам кіре алмайды. Болашақта Мағрипа Жылқыбаеваның ісін жалғастыратын жас ға­лымдар шығады деп үміттенеміз. Айтқұл ХАМИТ, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері: – Жалпы, Алтын адамға байланысты бұ­рын-соңды мұндай зерттеулер жүргізілмеген. Мағрипа Шөжеғұлқызының деректері – тың. Бізде бірнеше бағытта жүргізілетін Марғұлан оқу­лары, Ақынжанов оқулары сияқты кон­ферен­циялар бар. Негізі, бұл еңбектерді сондай конференцияларда апробация жасасақ, ғы­лыми ізденіс жолындағы бір қабатымызды тол­тырар еді. Өте керемет еңбектер. Ғалым апа­мыздың еңбектерін жарыққа шығарып, қол­дап жатқандарыңызға үлкен рақмет. Алда­ғы уақытта да осы кісінің еңбектері толық жария­ланса дейміз. Қазір Есік музейінің жаны­нан Визит орталығы салынып жатыр. Үш қа­батты ғимарат. Осы кісіге арнап сол жерден бір кабинет ашып, еңбектерін қоюға болады. Бұл кісінің зерттеген бағыты бізге өте қызық болып отыр. Өйткені тың жол.

Б.Балықбай