Қазағы аз солтүстік пен Бураханның Tauekel-і

Қазағы аз солтүстік пен Бураханның Tauekel-і

Қазағы аз солтүстік пен Бураханның Tauekel-і
ашық дереккөзі
«Соңғы жылдары қандай да бір бастама тө­менгі жақтан, ел ішінен көтерілетін болды. Мы­салы, былтыр Маңғыстауда қуаңшылық бол­ғанда Құрмет Талапқазы бауырымыздың елі­міздің батысына шөп тасу жөніндегі бас­та­масы қалың жұртшылықтың қолдауына ие бол­ды. Ал біздің кейіпкеріміз Бурахан Даканов сол­түстік облыстардағы қазақ санын көбейту үшін барын салып жүр. Бураханның айтуынша, ол көші-қон мәселесіне кез­дейсоқ келмеген. Ұлттық мәселелерді қозғап, 2018 жы­л­дан бері «В контакте» желісінде «Бөрілі байрақ» атты топ құрған ол Қазақстанның біраз аумағында тұ­рып үлгеріпті. Шығыс Қазақстан облысының Шұ­бартау ауданында өскен, әскерге Көкшетаудан аттан­ған, Маңғыстау облысында тұрған, оңтүстік облыс­тар­ды да шарлаған, солтүстікке Талдықорғаннан ат­таныпты. Яғни, әр өңірдегі қазақтың жайын бір­шама біледі. Төрт баланың әкесі. Дәл қазір орда бұзар 30 жаста. Бірнеше жыл бұрын Солтүстік Қазақстан об­лысы Шал ақын ауданының Сергеевка қаласына қо­ныс аударған. «Теріскейге жорық» атты Telegram ка­нал ашып, жұртты солтүстікке көшуге шақырып жүр. Facebook парақшасын бақылап отырсаңыз, Бура­хан бір күні ана ауылдағы, бір күні мына ауыл­дағы жағдайды көзімен көріп, көшіп келемін деу­шілерге біраз мағлұмат қалдырады. «Мені солтүстік облыстарға шақырушы бір­ден-бір адам деп қабылдайтындар бар. Бұл – мүлде қате. Менен бұрын да, қазір де осы ба­ғытта тер төгіп жүргендер бар. Мен солар­дың біреуі ғанамын...», – дейді өзі. Оның ай­туын­ша, Сергеевкада қазір 9 400 адам бар екен. Оның 4 мыңнан астамы қазақ, қалғаны өзге ұлт өкілі. Қаладағы 4 мектептің 2-еуі орыс ті­лінде, 1-еуі аралас, 1-еуі қазақ тілінде. Осы­дан-ақ қай тілдің үстемдік қылып тұрғанын аңғаруға болады. Қазақстан Үкіметі «Еңбек» бағдарламасын қа­былдаған болатын. Бағдарлама бойынша, сол­түстікке көшіп барған шаңырақтың ба­сына үй, отбасының әр мүшесіне 204 мың тең­ге ақша беріледі. Әрі қарай өз күніңді өзің кө­ресің. Барған жеріне тастай батып, судай сіңіп кететіндер де, тұрақтай алмай, аттың ба­сын кері бұратындар да бар. Бураханның айтуын­ша, орта есеппен 10 отбасының 2-еуі осын­дай күйге ұшырайды. «Міне, осы кезде, –дейді Бурахан, – сіздің әріптестеріңіз ара­ла­сады. Аға, көңіліңізге келмесін, барған жерін гүлге айналдырып отырғандар туралы сараң, тіпті жазғысы келмейтін журналистер, әсіресе блогерлер әлгі кері қарай қайтатындар туралы хабардың шеті шықса болды, жетіп келеді. «Өлтіріп» тұрып жазады. Үкіметтің «оңбаған­ды­ғын», келгендерге түк жағдай жасалмайты­нын «әшкерелейді». Ал ол анау Маңғыстаудан, Аралдан, Оңтүстік Қазақстаннан көшуге та­лап қылып отырған көп отбасының көңіліне теріс ой салады. Ал жақсы жағын насихат­тай­тын жарияланымдар өте аз Ал шаруасын дөңгелетем дегендерге мүм­кіндік мол. Мысалы, Шал ақын ауданының әкі­мі Рахат Смағұлов көшіп келген әр адамға бір гектар жерді конкурссыз беруге әзір. Мұн­дай пікірді Ғабит Мүсірепов атындағы ауда­н­ның әкімі де айтып отыр. Ал жердің құнар­лы­лығы керемет. Жалпы, солтүстікте бонитеті 50-ден кем жер жоқ. Ал бір гектар жер маған аз, 10 немесе 100 гектар жер алам десең, кон­курс­қа қатыс. Жеңіп ал да, іске кіріс. «Аға, мен Ақтау қаласында 1 жыл тұрдым. Қасап­шылықпен айналысып, облыстың түк­пір-түкпірін араладым. Сол кездің өзінде-ақ жемшөп қорының тапшылығы қатты сезі­ле­тін. Ал солтүстікте жемшөп қорын жасап алу­ға мүмкіндік көп, тек ерінбесең болғаны. Сер­геевканың іргесіндегі ауылдарда үй 200-300 мың теңге екен. Қатырып жөндеу жасасаң, 1 миллион теңгеге шығады. Ал Сергеевканың өзінде 3 миллион мен 7 миллионның арасын­да. Бірақ үй сатып алатындар аз. «Еңбек» бағ­дар­ламасы арқылы келгендерге үй жоғарыда айтылғандай, тегін беріледі. Ал кейбір ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Мысалы, Сафуан Шай­мерденовтің кіндік қаны тамған Аман­гелді ауылынан 40 шақырым жердегі Балуан ауылында 4-ақ отбасы тұрады. Мектеп жабыл­ған. Шөбі шүйгін, суы мол, тамаша жер», – дей­ді кейіпкеріміз Бурахан. Бураханның пікірінше, солтүстікке жағ­дайы төмен отбасылар ғана емес, ауқатты кі­сі­лер де көшуі керек. Мысалы, біреу келіп, 50 сиыр сатып алса, оны бағуға кемінде екі адам керек. Сиыр саууға да солай. Сонда ол 4 адам­ға жұмыс тауып береді. Мұның сыртында сиыр сүтінен алынған өнімдерді сатуға да адам керек. «Қазағы қалың ауылда, диван үстінде жа­тып алып Петропавлдың атын ауыстыру керек деп әлеуметтік желіге жаза салып, хайп жинау оп-оңай, аға» – дейді Бурахан. – Қарсы келген­дерді «жайпай» бер, жұртқа сенен мықты адам болмайды. Ал шынайы өмірде бәрі басқаша. Мысалы, қандай да бір елді мекеннің атын ауыстыру керек дейік. Мәслихатта 20 өзге ұлт өкілі, 8 қазақ бар. Кімнің сөзі өтеді? Әрине, 20 адамның. Сондықтан да қазақ көп көшіп келуі керек. Сонда бар мәселе өз-өзінен шешіледі. Солтүстікке көшіп келгенше, кейіп­кері­міз­дің бойында да осындай элементтер бол­ған. «Өй, неге өзгелер бізді басынады?». «Қа­зақ­тың жерінде қазақтың ғана дегені болуы керек». Өзін құдды қазақты құтқарушысы ретін­де сезінгені бар. Бірақ көшіп келген кезде бай­­­қағаны, мұнда қазақ, орыс деп бөліну жоқ. Кім­нің жағдайы бар, кімнің жағдайы жоқ, мә­селе сонда. Қазір қазақ-орысымен теңдей ара­ласады. Тілін тапсаң, өзге ұлт өкілдері де қол­тығыңнан демеп жіберуге әзір екенін та­лай рет көрді. Әрине, бір облыстан екінші облысқа көшіп келген адамның бірден түтіні түзу шыға қоюы қиын. Сосын көбіне жағдайы жоқ адам­дар көшіп келетінін ұмытпаған жөн. Шаруасы ілгері баспағасын ол торыға бастайды. Торық­қан адам қайда барады? Әрине, әкімдікке. Ал ол заң аясында беретін көмегін беріп қойған. Сон­дықтан да көшіп келгендерді демеу үшін қо­ғамдық ұйым керек. Бурахан қазір сол ба­ғыт­та жұмыс істеп жатыр. Tauekel атты жо­басын тіркеу жолында жүгіріп жүр. Өткенде Қазақстанның Мемлекеттік хат­шысы Ерлан Қариннің қабылдауында болды. Ол біраз ақыл-кеңесін айтып, облыс әкімінің орынбасарына тапсырма берді. Осы келген са­парында «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібекке жолықты. Ол қағазға жа­зыл­ған ойларын ретке келтіріп, жобаға ай­нал­дыруға көмектесті. Енді қаржылай қол­дау­шылар та­был­са, Tauekel іске кіріспек. Бұл бұған дейін елге үндеу жасағанда ауыл шаруашылығын ғана айтады екен. Өз байла­мын­ша, мұнысы – қате. Солтүстікке кәсіпкер­лер де өте көп керек. Мысалы, өзі тұратын Сер­геевкада 5 дүкен бар. Оның өзі кешкі сағат 22.00-ге дейін істейді. Неге ілкімді кәсіпкерлер келіп, дүкен ашпасқа? Сосын жыл сайын кө­шіп келетіндерге арнап үй салынады. Оны кім салады? Тендерді ұтып алған адам салады. Мысалы, Бураханның үйін қостанайлықтар, қора­сын қызылордалықтар салған. Сапасы жө­нінде бір әңгіме шыға қалса, шаруасын бітіріп кетіп қалған алыс облыстағы компания қайырыла ма? Қайырылғанда да дер кезінде келіп үлгермейтіні анық. Демек, құрылыс ком­па­ниясын құру қажет. Көшіп келгендердің ішінде әйелі дәрігер, күйеуі жұмыссыз отба­сылар бар. Әлгіндей құрылыс компаниясы құрыл­са, ол ең болмаса, көмекші болуға жа­райды ғой. Сонда үйінен бір ақау шыққан кісі қазіргідей әкімдікке емес, тура құрылыс компаниясына барады. Сосын мынаны да ес­керу керек, ешкім өзіне, ауылдастарына салған үйді жаман салмайды. Ал сырттан келген ком­пания жолға, құрылысшылардың мұнда тұр­ған сәтіндегі ас-ауқатына кететін қаржы­ның бәрін құрылыс есебінен үнемдеуге тыры­сады. Бұл үйдің сапасына әсер етеді. Биыл 80 үй салынып жатыр. 40 үйдің құры­лысы аяқталып тұр. Сол үйлерге жиһаз, сантехника қажет. Соны жасайтын кәсіпкер керек. Міне, жұмыс көзі. Сосын 10 адам көшіп келді дейік. Онына 10 гектар жер берілді. Келген адамның бәрі ди­қан емес. Сондықтан да оларды біріктіріп, ли­зинг арқылы техника алып беру қажет. Міне, осындай жерге Tauekel керек. Tauekel – call-орталығы, ақпараттық база­сы, кооперативі бар мықты жүйе болуға тиіс. Сонда ғана ол келгендердің қолтығынан де­мей алады. Мың адам көшіп кел­се, соның 250-і жағдайы бар отбасы бол­са, шаруа өзі-ақ рет­теле береді. Балабақша, мек­теп сала­тын­дай әлеуе­ті бар адамдар кө­шіп келсе, кәне! Tauekel сол іске ілкімі бар, қалтасы қалың кәсіп­кер­лерді де тарту­мен айналысатын болады. Тағы бір жақсы жаңалық шығып тұр. Ре­сей мен Моңғолия арасындағы шекара ашыл­са, моңғол елінен 70 отбасы атамекенге бет бұру­ға ниет етіп отыр екен. 70 отбасы солтүс­тік­ке келсе, үлкен күш. Біріншіден, Моңғо­лия­да­ғы қандастарымыздың отбасында бала са­ны, Құдайға шүкір, баршылық. Екіншіден, олар өздерімен бірге малын ала келмек. «Керей қойы» аталатын қызыл қойдың әлемдік нарық­тағы бәсі бөлек. «70 отбасы әрқайсысы 100 қойдан ала келсе, 7 мың қой келеді екен. Бірнеше жылда даламыз толып қалар еді. Әрі моңғолиялық қандастарымыз малдың жайын білетін, кілем тоқып, киіз, текемет басатын нағыз қазақтар. Қазақ иісі шығып, өңіріміздің әрі кіріп қалар еді...», – дейді Бурахан. Бірақ ортада Ресей шекарасы бар. Міне, осы жерде біз­дің Үкімет араласуы керек. Қалай да қан­дастарымызды малымен көшіріп алудың қа­м­ын қылуы қажет. «Солтүстікті қазір Құдай қорғап тұр. Сол Құдай: «Сақтансаң, сақтаймын депті» дегенді де айт­қан қазақ. Қазақ қаптап көшіп барып, өзін жер иесі, мемлекет иесі сезінбесе, жағдай қиын. Үкімет қолдан келгенін жасап жатыр, біз оны барынша қолдауымыз керек. Менің мық­ты сауатым жоқ. Бірақ ел мүддесі үшін осы­лай жүгіріп жүрмін. Нар тәуекел! Менімен тізе қосып, жұмыс істегісі келетіндер болса, құ­шағым ашық», – деді Бурахан қоштасар сәтте.

Бек СҰЛТАН