Қазағы аз солтүстік пен Бураханның Tauekel-і
Қазағы аз солтүстік пен Бураханның Tauekel-і
«Соңғы жылдары қандай да бір бастама төменгі жақтан, ел ішінен көтерілетін болды. Мысалы, былтыр Маңғыстауда қуаңшылық болғанда Құрмет Талапқазы бауырымыздың еліміздің батысына шөп тасу жөніндегі бастамасы қалың жұртшылықтың қолдауына ие болды. Ал біздің кейіпкеріміз Бурахан Даканов солтүстік облыстардағы қазақ санын көбейту үшін барын салып жүр.
Бураханның айтуынша, ол көші-қон мәселесіне кездейсоқ келмеген. Ұлттық мәселелерді қозғап, 2018 жылдан бері «В контакте» желісінде «Бөрілі байрақ» атты топ құрған ол Қазақстанның біраз аумағында тұрып үлгеріпті. Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында өскен, әскерге Көкшетаудан аттанған, Маңғыстау облысында тұрған, оңтүстік облыстарды да шарлаған, солтүстікке Талдықорғаннан аттаныпты. Яғни, әр өңірдегі қазақтың жайын біршама біледі. Төрт баланың әкесі. Дәл қазір орда бұзар 30 жаста. Бірнеше жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының Сергеевка қаласына қоныс аударған. «Теріскейге жорық» атты Telegram канал ашып, жұртты солтүстікке көшуге шақырып жүр. Facebook парақшасын бақылап отырсаңыз, Бурахан бір күні ана ауылдағы, бір күні мына ауылдағы жағдайды көзімен көріп, көшіп келемін деушілерге біраз мағлұмат қалдырады.
«Мені солтүстік облыстарға шақырушы бірден-бір адам деп қабылдайтындар бар. Бұл – мүлде қате. Менен бұрын да, қазір де осы бағытта тер төгіп жүргендер бар. Мен солардың біреуі ғанамын...», – дейді өзі. Оның айтуынша, Сергеевкада қазір 9 400 адам бар екен. Оның 4 мыңнан астамы қазақ, қалғаны өзге ұлт өкілі. Қаладағы 4 мектептің 2-еуі орыс тілінде, 1-еуі аралас, 1-еуі қазақ тілінде. Осыдан-ақ қай тілдің үстемдік қылып тұрғанын аңғаруға болады.
Қазақстан Үкіметі «Еңбек» бағдарламасын қабылдаған болатын. Бағдарлама бойынша, солтүстікке көшіп барған шаңырақтың басына үй, отбасының әр мүшесіне 204 мың теңге ақша беріледі. Әрі қарай өз күніңді өзің көресің. Барған жеріне тастай батып, судай сіңіп кететіндер де, тұрақтай алмай, аттың басын кері бұратындар да бар. Бураханның айтуынша, орта есеппен 10 отбасының 2-еуі осындай күйге ұшырайды. «Міне, осы кезде, –дейді Бурахан, – сіздің әріптестеріңіз араласады. Аға, көңіліңізге келмесін, барған жерін гүлге айналдырып отырғандар туралы сараң, тіпті жазғысы келмейтін журналистер, әсіресе блогерлер әлгі кері қарай қайтатындар туралы хабардың шеті шықса болды, жетіп келеді. «Өлтіріп» тұрып жазады. Үкіметтің «оңбағандығын», келгендерге түк жағдай жасалмайтынын «әшкерелейді». Ал ол анау Маңғыстаудан, Аралдан, Оңтүстік Қазақстаннан көшуге талап қылып отырған көп отбасының көңіліне теріс ой салады. Ал жақсы жағын насихаттайтын жарияланымдар өте аз
Ал шаруасын дөңгелетем дегендерге мүмкіндік мол. Мысалы, Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов көшіп келген әр адамға бір гектар жерді конкурссыз беруге әзір. Мұндай пікірді Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі де айтып отыр. Ал жердің құнарлылығы керемет. Жалпы, солтүстікте бонитеті 50-ден кем жер жоқ. Ал бір гектар жер маған аз, 10 немесе 100 гектар жер алам десең, конкурсқа қатыс. Жеңіп ал да, іске кіріс.
«Аға, мен Ақтау қаласында 1 жыл тұрдым. Қасапшылықпен айналысып, облыстың түкпір-түкпірін араладым. Сол кездің өзінде-ақ жемшөп қорының тапшылығы қатты сезілетін. Ал солтүстікте жемшөп қорын жасап алуға мүмкіндік көп, тек ерінбесең болғаны. Сергеевканың іргесіндегі ауылдарда үй 200-300 мың теңге екен. Қатырып жөндеу жасасаң, 1 миллион теңгеге шығады. Ал Сергеевканың өзінде 3 миллион мен 7 миллионның арасында. Бірақ үй сатып алатындар аз. «Еңбек» бағдарламасы арқылы келгендерге үй жоғарыда айтылғандай, тегін беріледі. Ал кейбір ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Мысалы, Сафуан Шаймерденовтің кіндік қаны тамған Амангелді ауылынан 40 шақырым жердегі Балуан ауылында 4-ақ отбасы тұрады. Мектеп жабылған. Шөбі шүйгін, суы мол, тамаша жер», – дейді кейіпкеріміз Бурахан.
Бураханның пікірінше, солтүстікке жағдайы төмен отбасылар ғана емес, ауқатты кісілер де көшуі керек. Мысалы, біреу келіп, 50 сиыр сатып алса, оны бағуға кемінде екі адам керек. Сиыр саууға да солай. Сонда ол 4 адамға жұмыс тауып береді. Мұның сыртында сиыр сүтінен алынған өнімдерді сатуға да адам керек.
«Қазағы қалың ауылда, диван үстінде жатып алып Петропавлдың атын ауыстыру керек деп әлеуметтік желіге жаза салып, хайп жинау оп-оңай, аға» – дейді Бурахан. – Қарсы келгендерді «жайпай» бер, жұртқа сенен мықты адам болмайды. Ал шынайы өмірде бәрі басқаша. Мысалы, қандай да бір елді мекеннің атын ауыстыру керек дейік. Мәслихатта 20 өзге ұлт өкілі, 8 қазақ бар. Кімнің сөзі өтеді? Әрине, 20 адамның. Сондықтан да қазақ көп көшіп келуі керек. Сонда бар мәселе өз-өзінен шешіледі.
Солтүстікке көшіп келгенше, кейіпкеріміздің бойында да осындай элементтер болған. «Өй, неге өзгелер бізді басынады?». «Қазақтың жерінде қазақтың ғана дегені болуы керек». Өзін құдды қазақты құтқарушысы ретінде сезінгені бар. Бірақ көшіп келген кезде байқағаны, мұнда қазақ, орыс деп бөліну жоқ. Кімнің жағдайы бар, кімнің жағдайы жоқ, мәселе сонда. Қазір қазақ-орысымен теңдей араласады. Тілін тапсаң, өзге ұлт өкілдері де қолтығыңнан демеп жіберуге әзір екенін талай рет көрді.
Әрине, бір облыстан екінші облысқа көшіп келген адамның бірден түтіні түзу шыға қоюы қиын. Сосын көбіне жағдайы жоқ адамдар көшіп келетінін ұмытпаған жөн. Шаруасы ілгері баспағасын ол торыға бастайды. Торыққан адам қайда барады? Әрине, әкімдікке. Ал ол заң аясында беретін көмегін беріп қойған. Сондықтан да көшіп келгендерді демеу үшін қоғамдық ұйым керек. Бурахан қазір сол бағытта жұмыс істеп жатыр. Tauekel атты жобасын тіркеу жолында жүгіріп жүр.
Өткенде Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қариннің қабылдауында болды. Ол біраз ақыл-кеңесін айтып, облыс әкімінің орынбасарына тапсырма берді. Осы келген сапарында «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібекке жолықты. Ол қағазға жазылған ойларын ретке келтіріп, жобаға айналдыруға көмектесті. Енді қаржылай қолдаушылар табылса, Tauekel іске кіріспек.
Бұл бұған дейін елге үндеу жасағанда ауыл шаруашылығын ғана айтады екен. Өз байламынша, мұнысы – қате. Солтүстікке кәсіпкерлер де өте көп керек. Мысалы, өзі тұратын Сергеевкада 5 дүкен бар. Оның өзі кешкі сағат 22.00-ге дейін істейді. Неге ілкімді кәсіпкерлер келіп, дүкен ашпасқа? Сосын жыл сайын көшіп келетіндерге арнап үй салынады. Оны кім салады? Тендерді ұтып алған адам салады. Мысалы, Бураханның үйін қостанайлықтар, қорасын қызылордалықтар салған. Сапасы жөнінде бір әңгіме шыға қалса, шаруасын бітіріп кетіп қалған алыс облыстағы компания қайырыла ма? Қайырылғанда да дер кезінде келіп үлгермейтіні анық. Демек, құрылыс компаниясын құру қажет. Көшіп келгендердің ішінде әйелі дәрігер, күйеуі жұмыссыз отбасылар бар. Әлгіндей құрылыс компаниясы құрылса, ол ең болмаса, көмекші болуға жарайды ғой. Сонда үйінен бір ақау шыққан кісі қазіргідей әкімдікке емес, тура құрылыс компаниясына барады. Сосын мынаны да ескеру керек, ешкім өзіне, ауылдастарына салған үйді жаман салмайды. Ал сырттан келген компания жолға, құрылысшылардың мұнда тұрған сәтіндегі ас-ауқатына кететін қаржының бәрін құрылыс есебінен үнемдеуге тырысады. Бұл үйдің сапасына әсер етеді.
Биыл 80 үй салынып жатыр. 40 үйдің құрылысы аяқталып тұр. Сол үйлерге жиһаз, сантехника қажет. Соны жасайтын кәсіпкер керек. Міне, жұмыс көзі.
Сосын 10 адам көшіп келді дейік. Онына 10 гектар жер берілді. Келген адамның бәрі диқан емес. Сондықтан да оларды біріктіріп, лизинг арқылы техника алып беру қажет. Міне, осындай жерге Tauekel керек.
Tauekel – call-орталығы, ақпараттық базасы, кооперативі бар мықты жүйе болуға тиіс. Сонда ғана ол келгендердің қолтығынан демей алады. Мың адам көшіп келсе, соның 250-і жағдайы бар отбасы болса, шаруа өзі-ақ реттеле береді. Балабақша, мектеп салатындай әлеуеті бар адамдар көшіп келсе, кәне! Tauekel сол іске ілкімі бар, қалтасы қалың кәсіпкерлерді де тартумен айналысатын болады.
Тағы бір жақсы жаңалық шығып тұр. Ресей мен Моңғолия арасындағы шекара ашылса, моңғол елінен 70 отбасы атамекенге бет бұруға ниет етіп отыр екен. 70 отбасы солтүстікке келсе, үлкен күш. Біріншіден, Моңғолиядағы қандастарымыздың отбасында бала саны, Құдайға шүкір, баршылық. Екіншіден, олар өздерімен бірге малын ала келмек. «Керей қойы» аталатын қызыл қойдың әлемдік нарықтағы бәсі бөлек. «70 отбасы әрқайсысы 100 қойдан ала келсе, 7 мың қой келеді екен. Бірнеше жылда даламыз толып қалар еді. Әрі моңғолиялық қандастарымыз малдың жайын білетін, кілем тоқып, киіз, текемет басатын нағыз қазақтар. Қазақ иісі шығып, өңіріміздің әрі кіріп қалар еді...», – дейді Бурахан. Бірақ ортада Ресей шекарасы бар. Міне, осы жерде біздің Үкімет араласуы керек. Қалай да қандастарымызды малымен көшіріп алудың қамын қылуы қажет.
«Солтүстікті қазір Құдай қорғап тұр. Сол Құдай: «Сақтансаң, сақтаймын депті» дегенді де айтқан қазақ. Қазақ қаптап көшіп барып, өзін жер иесі, мемлекет иесі сезінбесе, жағдай қиын. Үкімет қолдан келгенін жасап жатыр, біз оны барынша қолдауымыз керек. Менің мықты сауатым жоқ. Бірақ ел мүддесі үшін осылай жүгіріп жүрмін. Нар тәуекел! Менімен тізе қосып, жұмыс істегісі келетіндер болса, құшағым ашық», – деді Бурахан қоштасар сәтте.
Бек СҰЛТАН