«Қасиетті парыз» қағаз жүзінде қалмаса екен

«Қасиетті парыз» қағаз жүзінде қалмаса екен

«Қасиетті парыз» қағаз жүзінде қалмаса екен
ашық дереккөзі
Жер аумағы өте үлкен, халқы таздың ша­шын­дай аз Қазақстан үшін ең бас­ты мә­­селе халық санын көбейту болуға тиіс. Өйт­ке­ні мына дала талай елдің көз құр­ты­на ай­налып отыр. Осы ретте Қазақ­станның бір «кө­­зірі» бар, ол – сырттағы қазақтар. Бірақ соң­­ғы жыл­дарда көш саябырсып қалды. Біз кө­­ші-қон мәселесімен айналысып жүрген қо­ғам қайрат­кері Ауыт Мұқибекпен әңгімемізде осы мәселенің себебін анық­тауға тырыстық. – Ауыт Мұқибекұлы, жақында сіз­дің «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ашық ха­тыңыз» жарияланды. Аталған хатта сіз Пре­зидентке шекара сыртында қал­ған қан­дастарымыздың құқығын Ата Заңмен бе­кіту туралы ұсыныс жа­­сап­сыз. Ай­тыңыз­шы, бұл ой сізге қай­дан келді және қан­дай қажет­ті­ліктен туындап отыр? – Өзіңіз жақсы білесіз, қазақтың ба­сы­нан өт­кен аумалы-төкпелі тарихқа қа­рап отырсақ, бір­неше тағдыршешті та­ри­хи сәт не­месе кезең бол­ған. Арыға бар­май-ақ, бер­гісін еске алсақ, сон­дай та­рихи оқи­ғаның бірі –1990 жылғы 25 қа­зандағы «Қа­зақ Советтік Социалистік Рес­­пуб­ли­касының Мемлекеттiк егемендiгi ту­ралы» декларациясының қабылдануы. Осы «Егемендік туралы» дек­лара­ция­ның 12-бабында «Қазақ ССР-і рес­пуб­ли­кадан тыс жерлерде тұратын қа­зақ­тардың ұлт­тық-мәдени, рухани және тiл жө­нiндегi қа­жетiн қанағаттандыруға қам­­қорлық жа­сай­ды» деген норма бар. Кеңес Одағының толық ыдырамай тұр­ған кезінде Мемлекеттiң еге­мен­дiгi ту­ралы декларация қабылдап, оған Қа­зақ ССР-інің аумағынан тыс жерде өмір сү­ріп жатқан қазақтар туралы осындай нор­ма енгізу, шын мәніндегі көрегендік жә­не батырлық еді. Міне, сол декларацияның негізінде, өзіңіз білесіз, Қазақстан Респуб­ли­касы Тәуелсіздік алып, оның Консти­ту­ция­сы дүниеге келді. Сонымен бірге 1991 жыл­­ғы 18 қара­шада Қазақ КСР Ми­нистр­лер Кеңе­сінің «Бас­қа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұ­мыс істеу­ге тілек біл­діру­ші байырғы ұлт адам­дарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәр­тібі мен шарттары туралы» №711 қау­лысы қабылданды; 1991 жылы 31 жел­­тоқ­санда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ радиосы» арқылы шет­тегі қа­зақтарға арнап, өз аузымен «Алыста жүр­ген ағайын­дарға ақ тілек» атты тарихи Жол­дауын жол­дады; 1997 жылғы 13 жел­тоқсанда тұң­ғыш рет қазақ тілінде «Ха­лықтың көші-қо­ны туралы» заңы қа­был­данды... Сөйтіп, мемлекеттің көші-қон сая­са­ты қа­­лыптасып, соның арқасы­н­да 1 мил­­­лион­­нан астам қазақ атажұртына орал­ды. Реті келіп тұрғанда айта кетейін, осы «Егемендік туралы» декларацияның жо­­­басын жасауға қатысқан Салық Зи­ма­нов, Сұл­тан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев, Са­быр Қа­­сымов бастаған ағаларымның да­ныш­пан­ды­ғына, көрегендігіне қайран қаламын әрі дән риза боламын. Еліміз толық тәуелсіздік алмай жатып жасалған мем­лекеттік құжатқа шекара сыртында жүр­ген қазақтарды бадырайтып тұрып қос­­қанын ойласам, осы күнде көзіме ыс­­тық жас келеді. Қадірін енді біліп жа­тыр­мын, көздері тірі кезінде сол кісілерді іздеп барып, сәлем беріп, осы еңбектеріне рақ­мет айт­пағаныма қатты өкініп жүрмін. Со­­лардан көзі тірі қалғаны – Сабыр Қа­сы­мов. Сабыр Ахмет­жанұлы ағама үнемі ха­бар­ласып, хал-жағдайын сұрап жүремін. Ұлт­қа, мемлекетке қызмет ету үлгісінің шыңы деп, осы ағалардың еңбегін айтуға болатын шығар. Бүгінде мемлекетіміз 30 жылды арт­қа тастап, екінші бір жаңа дәуірге – Жаңа Қа­зақстан құруға қадам басып отыр. Осы ұлы бұры­лыс, тарихи сәтте тағ­дырдың жазуымен ше­кара сыртында қалып бара жатқан 6-7 мил­лион қазақтың да болашақ тағдыры туралы ой­ланбау мүм­кін емес! Демек, ойды туғызған – «Егемендік ту­ра­­лы» декларация, қажеттілікті туын­­да­тып отырған Қазақ көшіне қарсы күштер. – Жоғарыда өзіңіз айтқан «Ха­лық­тың көші-қоны туралы» заңы және өзге де нор­мативтік құжаттар бар. Оның біраз кем-кетігінің толық­тануы­на өзіңіз тын­бай жүгіріп ықпал ет­тіңіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Дүниежүзіндегі қандас­тары­мыз­­дың басын туған жерде бірік­тіру – біз­дің қасиетті парызымыз» деп отыр. Алдағы жерде де сол қалыптас­қан саясатпен неге жүре бермеске? – Әрине, жүре беруге болатын еді. Бірақ қауіп басым. «Қасиетті парызымыз» де­ген сөзді Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы айтты. Міне, содан бері тұп-тура үш жыл өтті. Енді көшіп келушілердің осы соңғы 3 жылдық көрсеткішіне көз жү­гірт­сек, 2019 жылы – 17 661, 2020 жылы – 13 046, 2021 жы­лы 17 540 қазақ Қазақстанға кө­шіп келіп, қо­ныстаныпты. Бәрін қоссақ, 48 247 адам. Қазақ көшінің ең шарықтаған кезеңі – 2002-2006 жылдар аралығы. Аталған бес жылда 384 106 қандасымыз ата­жұртымен қауышқан болатын. Беске бөл­сек, жылына 76 821 адамнан тура ке­леді. Ал соңғы үш жылдың көрсеткіші 50 мың­ға да жетпейді. Әрине, бұл үшін Қасым-Жомарт Тоқаев­ты кінәлауға болмайды! Президенттің тікелей тапсыр­ма­сымен «оралман» атауы «қандас» болып өз­гер­тілді; әкімшілік құқық бұзға­ны үшін келген еліне шығарып жіберу жа­засын қолдануды қандастарымыздан алып тастады; Қазақстанда тұрақты тір­кеу­де тұратын қандастарымыз шетелде 183 күн­нен артық тұрса да, олардың «ық­­тиярхаты» жойылмайтын болды; 18 қара­ша – кәсіби мерекелер мен аталып өті­­­­летін күндердің тізбесіне енгізілуде; «Отандастар қоры» бұрын екі министр­лік­ке қараса, қазір басы бүтін Сыртқы істер ми­нистрлігінің құ­зыры­на өтті; Еңбек жә­не халықты әлеу­мет­тік қорғау ми­нистр­лігінің ішінен Көші-қон және демография комитеті дербес комитет болып бөлініп шыққалы жатыр... Осының бәрі сол «Қасиетті парыз­ды» орын­дау үшін жасалып жат­қан игі қа­­дамдар деп бағалаймын. Ал көштің тоқырауына ең алдымен Мә­­­­­­­сімов пен Құлыбаев дәуірінен қалған сал­қын­дық, сосын этникалық қазақтар мол қоныс­тан­ған шығыстағы көрші ел аума­ғында бол­ған жайлар қатты әсер етті. Одан қала берді, пан­демия жағадан алды. Ел мен елдің арасын­да­ғы шекара жабылып жатқанда, көші-қон тура­лы мардымды әңгіме болмайтыны түсі­нікті. Бірақ мұның бәрі уақытша жағдай­лар. Ертең бәрі орнына келеді, ке­ліп те жатыр. Көшке қауіп басқа жақтан тө­ніп тұр. – Сіз қазақ көшіне қарсы ішкі жә­не сырт­қы күштердің қарсылығы тура­лы жа­зып, айтып келесіз. Осы жө­нінде ай­тыңызшы... – Иә, көшке ішкі, сыртқы – екі жақтан да қауіп көп және екеуі де тым қатерлі! Соңғы 15 жылдағы жағдай бізді қатты түңілт­ті. Қазақ көшіне деген ішкі және сырт­­қы күштердің қарсылығына қарап оты­рып, төбе шашым тік тұрады. Өзіңіз ой­лаңызшы, шетелде 6-7 мил­лион қазақ бола тұра, солардың 30 жылдан бері Отан­ға оралғаны – 1 миллион 90,1 мың қазақ. Егер Кәрім Мәсімов мемлекет жағынан беріліп келе жатқан 20 мың отбасылық кво­­таны тоқтатып, заңнамалардағы ке­дер­­гілерді көбейтпегенде, Тимур Құлыбаев 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасын» ұйым­дастырған шеттен оралған қазақтар деп жала жауып, 2013 жылы қан­дастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп қатаң заң қабылдатпағанда, ұлы көш бұлай тоқырамас еді. Осыған дейін, аз де­ген­де 3 миллионнан астам қазақ Қазақ­стан­­ға көшіп келіп алар еді. Міне, бұл – ішкі қар­сы күштің кесірі. Енді сыртқы күшке келсек, жақында ғана болған бір-ақ мысалды айтайын. Ресей Федерациясының Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Алек­сей Боро­давкин биыл ақпан айында ресейлік «Не­зависимая газетаға» берген сұх­батында «Орыс тілін білмейтін қазақ­стан­дықтардың дені – бас­қа мемлекет­тер­ден қоныс аударғандар, яғни қандастар. Бұл олардың заманауи қазақ­стандық қо­ғамға тез сіңісуіне кедергі кел­тіреді, бұл ел билігі үшін айтарлықтай проб­ле­малар туғы­зады», – деді. Түсінген адамға мұның астарында ауыр зіл жатыр. Бұл – өте қауіпті сигнал. Көрсеткішті көріп отырсыз, 5-6 мил­лион қазақтың Отанына оралуы бес-ал­ты жылда біте қоятын шаруа емес. Ұзаққа, тіп­ті ғасырға созылуы мүмкін. Мен тағы қай­талап айтайын, дау жоқ, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін ұстап тұрғанда ұлы көштің жолын ешкім бөгей алмас. Бірақ одан арғы замандар туралы бірдеңе деу қиын. Қа­зақ­станның әр бес жылда сайланатын бола­шақ президент­тері­нің бәрі Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаев се­кіл­ді алыстағы ағайынға құшағын айқара ашып тұрса жақсы. Өзгеше «мінезді» біреу келіп, «Көшіңді қоя тұр!» десе, қайтеміз?! Соңғы он бес жылда көрдік қой, көш­­тің жо­лын тоқтату оп-оңай екен. Кәрім Мәсімов Үкімет басына келген соң, Қа­зақстан аза­­маттығын алғысы ке­ле­тін қан­дастары­мызд­ан талап ететін «анық­тама» көбейіп кетті. Соның бірі – қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сот­тал­ғандығы бар немесе жоқ екенін дәлел­дей­тін «Соттылық туралы» анықтама. Бұл «анық­тама» Қытайдан оралған қандас­тары­­­­мыздың құжат алуының жолын шорт кесті. 2017 жылы Тұңғыш Пре­зиденттің тап­сырмасымен Қытайдан келген қандас­тары­мыз бәледен әрең зорға құтылды. Со­дан бері бес жыл өтті, Қытайдан келген қан­­дастар аталған анықтамасыз-ақ аза­мат­тық алып жатыр. Ешқандай да оқыс оқиға тір­келген жоқ. Демек, барлық мемлекеттен ке­ле­тін қандастардан «Соттылық туралы» анық­тама талап етудің қажеті жоқ деген сөз. Міне, осындай бір қитұрқылықпен-ақ шеттен келген ағайындарды әб­­ден әуре-сарсаңға салып, сабылтып, зарықтырып, торықтырып, соңында ата­жұрттан күдерін үздіреді. Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы Жол­­­­дауында «Мені, ең алдымен хал­қым­ның болашағы қандай болатыны тол­ған­дыра­ды. Қызметіме түрлі адам­дар­дың беретін ба­ға­сынан гөрі, мемлекетімізді қор­ғап қалу – мен үшін аса маңызды мін­дет. Осы жолда жауап­кер­шіліктің бәрін мой­­­­ныма алуға дайын­мын!», – деді. Сол ха­лық­тың бір бөлігі – шекара сыртында қа­лып отырған 6-7 мил­лион қазақ. Олар­дың ертеңгі болашағы тек Қазақстанға бай­­­ланып тұр. Басқа ешбір панасы жоқ! Ал олар­дың атажұртқа келетін жолын мәң­гілікке даңғыл етіп ашып қойсақ, тү­бінде мем­лекетімізді қорғап қалатын­дар­дың қатарында солар да болмақ. Сөйтіп, «Қасиетті парыз» қағаз жү­зін­де қалмаса екен деген мақсатпен Қа­зақ­стан Конституциясына «Қазақстан Рес­публи­ка­сының шегінен тыс жерлерде тұра­тын қазақ­тар басқа мемлекеттің аза­ма­ты болған­ды­ғына қарамастан жеңіл­де­тіл­ген тәртіппен Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның азаматтығын алуға құқықты» деген нор­ма енгізуді сұрап отырмын. Әлемде өз этникалық топтарына қа­тыс­ты азаматтық алудың оңайла­тыл­ған тәртібін беру туралы конс­ти­ту­ция­лық нор­ма­лар қабылдаған мемлекеттер аз емес. Мысалы, Германия (116-бап), Румыния (7-бап), Болга­рия (25-бап), Польша (34-бап) және Қырғыз Республикасы қатарлы елдерді атауға болады. – Сіздің бұл бастамаңызға билік өкіл­дері қалай қарап жатыр, жұрт не дейді? – Ең алдымен айтайын, ғасырлық тари­хы бар «Қазақ әдебиеті» газетінің Пре­зи­дент­тің аты­на жазған «Ашық хатымды» ке­зек күт­тір­мей басуын, «Түркістан» газеті на­зар аударып, ал­ғашқы болып сұхбат алуын, сол қолдаудың басы деп бағалаймын. Қарапайым халық та, танымал тұлғалар да қуана-қуана құптауда. Әсіре­се, шет­тен оралған ағайындар әлеу­мет­тік желілер ар­қылы менің жазбамды күн­ді-түнге жалғап бөлі­сіп, қолдап пікір жазу­да. «Азаулының Ыс­там­­бұлдан несі кем?!» демекші, қандас­тары­мыз­дың Ассам­блея­дан несі кем?!» деп, телефон шалу­шы­лардың санында есеп жоқ. 24 наурыз күні жоғарыда аталған «Ашық ха­тымды» Ақордаға жолдадым. Қа­сым-Жомарт Кемелұлының қолына тиеді деп сенемін. Сосын Мемлекет басшысы Қазақстан Конс­титуциясына өзгерістер мен то­лық­­тыру­лар енгізу туралы ұсыныстарды тұ­жырым­дау жөніндегі жұмыс тобын құрды. Сол жұмыс тобындағы үш үлкен ғалыммен, ат­тарын айтсам, Аманжол Нұрма­ғамбетов, Еркін Оңғарбаев және Марат Бәшімов ағаларымыз­бен сөйлесіп, ойымды айтып, «Ашық хатымды» жі­бердім. Бәрі де заң ғылымдарының док­тор­лары, про­фессорлар. Кешегі Салық Зиманов, Сұл­тан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев ағала­ры­мыздың ізін басқан, жолын қуған шәкірт­тері. Бұл мәселеге ешқашан бейжай қара­май­ды деп сенемін. Обалы кәне, Е.Оңғар­баев пен М.Бәші­мов мәселенің маңызын бірден түсініп, өте жылы қабылдады. Содан кейін Сенат пен Мәжіліс Төра­ға­ларына және Мәжіліс депутаттары Б.Әбдіғалиұлының, Е.Саировтың, А.Сарым­ның аты­на жеке-жеке хат жаздым. «Қазақ әдебиетінен» оқып, қолдай­ты­нын айтып, өзі телефон соққан жалғыз депутат – Мұрат Бақтиярұлы... – Егер, осы жолғы саяси реформа ба­ры­­сында сіз ұсынған жоба қабыл­дан­баса, Қазақ көшінің ертеңгі тағ­ды­ры шы­нымен тығырыққа тіреле ме? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жолдауында «Маңызды ше­шімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады», – деді. Тағы қайталап айтайын, қазақ көші­нің болашақ тағдыры туралы ешкім дөп басып ештеңе айта алмайды. Үміттен кү­дік он есе басым. Құдай бетін ары қыл­сын, болашақта Қазақ көші қатерге ұшы­рап, қандастарымыз далада қалып жатса, он­да олардың ұлт алдын­да­ғы сұрағы өте үлкен, жазасы да тым ауыр бола­ды. Тарих Қазақстанды ешқашан кешір­мейді! Сол үшін саяси реформаның жобасын жасаушылар да, билік тұтқасын ұста­ған жігіттер де бұл мәселені тыңғы­лық­ты ой­­­ластырғаны дұрыс. Мен сеніп ұсы­ныс айт­қан тұлғалар хаттарымызды ми­нистрліктерге сырғыта бермей, өз көз­қарастарын ашық ортаға салып, кең кө­лемде талқылау ұйымдас­тыруға тиіс. Дау жоқ, бүгін бар мүмкіндік өз қо­лы­мыз­да тұр. Мәрттік танытып, Қа­зақ көші кіретін үлкен есікті мәңгі жа­был­майтын­дай етіп ашып қойсақ, ертеңгі ұрпақ біздің де осы ұлы шешімімізді мақ­таныш ететін, ұлттық идеология ретінде ба­ғалайтын болады. Шеттегі қандастарымыз қазір ең бір қор­ғансыздың күйін бастан ке­шіріп жатыр. Одан да қорқыныштысы, Ре­сей мен Украина арасындағы қақтығыста қан­ша этникалық қазақ сарбазы қаза тап­ты және тұт­қынға түсті. Кейбір ақпарат көз­дері бұл жол­ғы Ресей әскерінің құра­мын­да этникалық топ­тардың көптігін жазу­да. Қытайдағы қазақ­тардың да жайы мә­лім... Бұл да шеттегі қан­дас­тарымызға төн­ген қауіп. Қазақты ешкім аяйын деп тұр­ған жоқ! Енді оларды мөлитіп, босаға сыртында қал­­дыруға болмайды! – Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ