Ел спортына шұғыл реформа қажет
Ел спортына шұғыл реформа қажет
Төрткүл дүние көз тіккен «Олимпиадаға әлі төрт жыл бар» деп жүргенде уақыт сырғып өтіп, «қай спорттан алтын алады екенбіз?» деп бәс тігіп отырғанымызды сезбей қаламыз. Атлеттеріміз көпшілік болжағандай алтын жүлде иеленсе «Қазақстан спортының бәсі қашан да биік» деп ұрандатамыз, ал медальсіз қалсақ «Дайындықты екі жыл қалғанда бастаушы ма еді? Мұнысы несі?» деп налимыз. Спортшылардың Олимпиада сайын алтынсыз қайтпайтынына сенімді жанкүйерлер алтыннан басқа медальды мойындағысы жоқ. Күні кеше Жапонияда өткен бокс кешінде Муратаны сұлатып салған Головкинге болысып, тіпті үзіліс кезінде экран арқылы бетін «сүртіп», тақымын қысып отырған елдегі спортсүйер қауымның төртжылдықтың басты додасына қызығушылығы одан да жоғары екені айтпаса да түсінікті. Десе де, ел тарихында ең сәтсіз Олимпиада атанған Токио Олимпиадасынан кейін жанкүйерлердің көтеріңкі көңілі басылып, осыншама уақыт ішінде ел спорты шынайы көрсеткішке жете алмағанына бас қатырып жүрген жайы бар.
Бүгінде бірінің соңынан бірі өткен Олимпиада ойындарынан күш алған әлем спортшылары келесі олимпиадалық циклге дайындықты бастап кеткендей. Әлеуметтік желіден шетел спортшылаының бірсыпырасы «Келесі Олимпиада жүлдесі – менікі!» деп жазып, жанкүйерлерін осы бастан желпіндіріп жүргенін көзіміз жиі шалады. Тіпті, Олимпиадада жүлдегерлер қатарына ілінгендердің өзі төрт жылдан кейін тәтті жеңістің дәмін тағы татқысы келетінін жасырмайды. Сегіз ай бұрын ғана Жапонияда өткен Олимпиадада қола жүлдені қанжығасына байлаған боксшы Сәкен Бибосынов «Токиодағы қоламды Парижде алтынға айырбастаймын» деп 2024 жылы сән әлемінің астанасында өтетін келесі Олимпиадада оқ бойы озуды көздеп отыр. Оның бұлай сенімді сөйлеуі құптарлық-ақ. Аты әлемге мәшһүр бапкер Этери Тутберидзе бір сұхбатында «Жеңіс тұғырынан түскен соң сен ешкім емессің. Барлығын басынан бастау қажет» дегені бекер емес. Олимпиада жүлдегері ретінде үлде мен бүлдеге орап, төбеге көтеріп жатса да, төртжылдық аяқталған бойда мықты екеніңді қайта дәлелдеу қажет екені әмбеге аян. Пандемия салдарынан бір жыл кейінге шегерілген жазғы Олимпиададан кейін келесі басты сайыстың өтуіне небәрі екі-ақ жыл қалғанын ескерсек, Сәкен секілді Париж Олимпиадасына үкілеп қосатын үміттеріміз ел мерейін үстем етеді деп сенгіміз келеді. Дегенмен өткеннен сабақ алып, болашаққа нық қадам жасау қажет екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода жазғы Олимпиада ойындары аяқталған күннің ертесі-ақ Twitter-дегі жеке парақшасында Олимпиадада шеберлігін көрсеткен атлеттерге, соның ішінде қола жүлдегерлерге алғысын білдіре отыра «Дегенмен ұлттық команда нәтижесі – 8 қола медаль мен жалпы командалық көрсеткіште 83-орын алғаны Қазақстанның спорт потенциалына сай келмейді және мемлекеттің спорттың дамуына салған қаржысын ақтамайды»,– деп жазған болатын. Содан соң Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрлігіне Олимпиадаға дайындық жұмыстарында жіберілген олқылықтарды анықтауды, қателіктерді түзеуді тапсырды. Ізінше спорт саласына жауапты шенеуніктер бас қосқан ассамблеяның отырысында Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков пандемия салдарынан жоспардағы жарыстар мен жаттығу жиындары тұралап қалғанын, спортшылардың моральдық-психологиялық жағдайы мен жиі жарақат алуы да өз кесірін тигізгенін айтып, дайындық жұмыстарына бөгет болған мәселелерді тізіп шықты. Резерв жоқтығы, ұлттық құраманың орта жасы 2 жылға қартайғаны да сөз болды. Көпшілік күткендей бірнеше бапкер қызметінен босатылып, оқу-жаттығу жиындарын өткізу жүйесі қайта қаралатын болды. Десе де, әр Олимпиада сайын дәстүрден жаңылмай, алтын жүлдені ешкімге бермей келген спортшыларымыздың Токиодағы тоқырауы көпке дейін ел аузында жүретіні анық. Оған араға бес ай салып атлеттеріміздің Бейжіңде өткен қысқы Олимпиададан құралақан қайтқанын қосыңыз. Бірақ Ақ Олимпиадада қола жүлденің өзін қанағат тұтатын көпшілік Бейжіңге бабы мен бағын сынауға барған 34 атлеттің ішінен жүлдеге бір қадам жетпей сүрінген, отандық шорт-трек тарихында тұңғыш рет 4-орынға табан тіреген Абзал Әжіғалиевтің нәтижесін тарихи жетістікке теңеп, алғысты қарша боратқаны бар. Тіпті, ел Президенті Абзалды бұл жоғары көрсеткішімен құттықтап, жеделхат жолдаған болатын. Жүлдеге ілінбесе де чемпионға лайық құрмет көрсеткен қазақстандықтардың мақтауына масаймаған Абзал әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «Қазір осы мәселе өзекті болып тұрғанда мүмкіндікті пайдаланып, спортшыларымыздың Олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болғанын айтқым келеді» деп бірсыпыра мәселелерді жайып салды. Елордадағы «Алау» спорт кешенінің шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны екенін айта келе ол «...Бірақ бізге онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді, біз сондықтан амал жоқ Еуропаға немесе Ресейде жаттығуға шығамыз. «Алауда» барлығы керемет болғанымен, ол ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан жаттығу керек. Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан, барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Әр өңірде мұз сарайлары салынған. Бірақ олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды» деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол біздегі қысқы спорт түрлері жазғы спорттың тасасында қалып келе жатқанын, ол спорт түрі ешкімге қызық емес екенін айтып, жастар қысқы спортпен көптеп айналысса, ел болашағы да жарқын болады деген игі тілегін жеткізді. Сонымен қатар Абзал спортшылардың айлығы Қазақстандағы орташа жалақы мөлшеріне жетпейтінін, оларға тиісті деңгейде демеушілік көрсетілмейтінін айтып, ренішін де білдірген еді. Сөз соңында айтар ойын «Қазір Олимпиада бітті. Иә, білемін, ешкім нәтижесіне мәз емес. Біздің кішкентай командамыз үшін бұл – өте үлкен және тарихи көрсеткіш. Келесі Олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін қазірден бастап қимылдау керек, біздегідей Олимпиадаға жарты жыл қалғанда емес» деп түйіндеген Абзал жазғандарының барлығы тиісті жерге жететіне сенім білдірген болатын. Абзалдың бұл назына құлақ түрген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Щучинскіде Бейжің Олимпиадасының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыста «Ол мәселені спортшы ретінде көтеріп отыр. Сол арқылы кәсіби спортқа расымен жаны ашитынын дәлелдеді. Жарарлық іс. Бұл жерде мәселе тек қолжетімсіздікпен байланысты емес. Бапкерлер де сұрақты уақытылы көтеріп отыру керек. Министрліктің мұзайдыны және басқа да спорт саласындағы шешілуі тиіс проблемалардан хабары бар. Мәселені кешенді және жүйелі түрде шешудің жолын қараймыз», – деді. Қос Олимпиаданың нәтижесі талқыға салынған Щучинскідегі сол отырыста Дәурен Абаев «Бұл Олимпиада жалпы спорт саласында күрделенген проблеманың барын көрсетті. Оларды шешу үшін жүйелі жұмыс істеу керек. Алда спортшылар мен жаттықтырушыларды тиісті деңгейде әзірлеп, резервтер дайындау жоспары бар. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымдарын жетілдіріп, балалар спортын дамыту – күн тәртібінде. Яғни, балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы және оларға жағдай жасау қажет», – деп мәлімдеген болатын.
Бүгінде жазғы Олимпиада ойындарының аяқталғанына сегіз, ал Ақ Олимпиаданың аяқталғанына екі ай өтсе де жанкүйерлер аз уақыт ішінде спорт саласында қордаланған мәселелердің біразы оң шешілетініне үмітті. Әр ауыртпалықтың қайыры болатынына сенетін халық ең сәтсіз Олимпиада атанған қос ойыннан кейін жауапты тұлғалар келесі олимпиадалық циклде ел мәртебесін асыратын істерге мұрындық болса, бірте-бірте ел спортының өрістей түсетініне үміт артатыны сөзсіз. Десе де, соңғы бір айда олардың бұл үмітін үзіп, ел спортына шұғыл реформа қажет екенін дәлелдей түскен деректер жалпыға мәлім болды. 23 наурыз күні Спорттық арбитраж соты (CAS) 2016 жылы Рио Олимпиадасында чемпион атанған Нижат Рахимовқа антидопинг ережесін бұзып, «несеп анализін ауыстырған» деген айып тағып, одан Олимпиаданың алтын медалін қайтарып алу туралы шешім шығарды. Оған қоса, оның спорттан сегіз жылға шеттетілгені белгілі болды. Ал бес күннен соң, 28 наурыз күні тағы бір Олимпиада жүлдегері, Токиода қола медаль иеленген Игорь Сонның допинг қолданғаны әшкере болды. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы ұсынған мәліметке сәйкес, 2022 жылдың 9 ақпаны мен 2 наурызы аралығында Қазақстан Ұлттық допингке қарсы күрес орталығы жарыстан тыс допинг-бақылау аясында ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрама командасының спортшыларын тестілеуден өткізген. Сол кезде Алматы облысының атынан сынға түсетін алты зілтеміршіден оң допинг-сынама анықталған, соның ішінде Игорь Сон да бар. Игорьдің небәрі бір ай бұрын ғана тексерістен өткенін ескерсек, «сегіз ай бұрын сөгіс естіген бапкерлердің Токиодағы тоқыраудан кейін де допинг дауына тосқауыл қоюға қауқары жетпегені ме?» деген сұрақ мазалайды. Байқап қарасақ, Олимпиада сайын бокспен қатар, ауыр атлетикаға көп үміт артатын бізде қазір Алла Важенинадан басқа Олимпиада чемпионы қалмаған екен. Кезінде Қазақстанды ауыр атлетика державасы ретінде мойындатқан Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зульфия Чиншанлолар тыйым салынған препараттар қолданғанына байланысты Олимпиадада тағылған алтын медальдарын қайтарып беруге мәжбүр болған еді. Ал 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарында күміс жүлдені місе тұтқан Алла өзінен бір бас жоғары өнер көрсеткен қытайлық атлеттің допингпен ұсталуына байланысты алтын медаль бұйырған болатын.
Жазғы Олимпиада десе, ең алдымен боксшыларымыз бен ауыр атлеттеріміз еске түсетіні анық. Алайда 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарынан кейін күллі әлемнің бұл екі спорт түрін ұмытып кету қаупі бар. Жуырда Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінің тізімін жариялаған болатын. Жалпы саны 28 спорт түрі енген бұл тізімге бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайыс кіріктірілмегенін көпшілік төбеден жай түскендей қабылдады. Осыған орай Бейжіңде өткен комитеттің кезектен тыс сессиясында ХОК президенті Томас Бах бокс пен ауыр атлетиканы «проблемасы көп балаларға» теңеп, екеуін олимпиадалық спорт түрлері қатарынан алып тастау көкейде көптен пісіп жүрген шешім екенін мәлімдеді. Бұған Халықаралық бокс федерациясы (AIBA) өткізген жарыстардағы төрешілердің әділетсіздігі, күмәнді шешімдер әрі зілтеміршілердің допинг дауынан көз ашпай келе жатқаны себеп болғанын айтқан Томас Бах аталған спорт түрлерінің бағдарламаға қайта енуі ХОК-тің 2023 жылғы сессиясында қарастырылатынын жеткізді. Егер бұл екі спорт тізімнен мүлде алынып тасталса, алдағы Олимпиадаларда ел атын шығаратын басқа қандай спорт түрі бар? Жауап беру қиын.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
спорт журналисі:
АРЗАН АТАҚ ПЕН АБЫРОЙ ЖИЮ ҮШІН ШЕТЕЛДЕН ЛЕГИОНЕРЛЕР ШАҚЫРТУДЫ ДОҒАРҒАН ЖӨН
– Былтыр Токиода алауы тұтанған жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан спортының шынайы әлеуетін байқатты. Аталған жарыста үнемі табысты өнер көрсететін саңлақтарымыз сол жолы оңбай сүрінді. Бірде-бір Олимпиададан бас жүлдесіз оралмаған боксшылар қос қола медальды қанағат тұтты. Грек-рим күресі шеберлері құралақан оралды. Еркін күрестен қоланы қанағат тұттық. Дзюдодан да жалғыз жүлдемен шектелдік. Яғни, балуандарымыздың Олимпиаданың алтын тұғырына көтерілмегеніне ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Әрине, бұл – қынжылатындай жағдай.
Биыл қысқы Олимпиадада ең болмағанда бір медальдың сыңғырын еститін шығармыз деп үміттендік. Бірақ Бейжіңде де жанарымызбен жер шұқыдық. Бұл жағдайдың барлығы елімізде спорт саласын дамытудағы жүйе дұрыс жолға қойылмағанын аңғартады. Әйтпесе, Қазақстанда спорт саласына мол қаражат құйылады. Спортшыларымыздың еш алаңсыз даярлануына барынша жағдай жасалған. Олардың оқу-жаттығу жиындары үздіксіз өтеді. Халықаралық додаларына қатысуына еш кедергі жоқ. Заман талабына сай нысандар да жетерлік. Солай бола тұра нәтиже төмен.
Қазір спорт саласын басқаруға жаңа толқын, жігерлі жастар келіп жатыр. Келешекте жоғарыдағыдай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін сол мамандар барын салады деген үміт бар. Біз ең бірінші кезекте өз өрендерімізді тәрбиелеп, соларға арқа сүйеуіміз керек. Арзан атақ пен абырой жию үшін шетелден легионерлер шақыртуды доғарған жөн. Өйткені қазақтың намысы мен абыройы қазаққа ғана керек.