«Қазақ елі құндылықтары» – елдіктің белгісі
«Қазақ елі құндылықтары» – елдіктің белгісі
Бүгін V Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Қазақ елі құндылықтары» кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, академиктер мен тарихшылар қатысты. «Қазақ елі құндылықтары» кітабы еліміздегі сирек кездесетін мәдени және табиғи нысандар, ЮНЕСКО-мен қорғалатын ұлттық мәдени мұра элементтері, көшпелі мәдениет құндылықтары, дала өркениетіндегі ежелгі урбанизация процестері, ежелгі түркілердің рухани-мәдени және материалдық құндылықтар жүйесі туралы тарихи деректерге негізделген. Басылымда әрбір нысан туралы ғылыми түпдеректер келтірілген, сондай-ақ онда көне суреттер қоса берілген. Оқуға жеңіл, түсінікті тілмен жазылған тарихи-танымдық еңбектің ішінде Ясауи кесенесі, Таңбалы петроглифтері, Күлтегін, Ұлы Жібек жолы, Ботай мәдениеті, қар барысы, сондай-ақ қымыз, қазақша күрес, тоғызқұмалақ секілді материалдық және дәстүрлі мәдени құндылықтар туралы тың деректер ұсынылған.
Жолтай ӘЛМАШЕВ,
жазушы:
– Түркі елінің негізгі тірегі – қазақ елі. Біздің ерекшелігімізді күллі түркі халқы мойындап отыр. Әлемді мойындатып отырған Түркия елі бізді атажұрт санайды. Сондықтан осы сенім үдесінен шығу үшін біз қазақ мәдениеті мен дәстүрін мақтан тұтатын, құндылықтарын қадірлейтін, сол арқылы өзін-өзі қадірлейтін халыққа айналуымыз керек. Ал мұны іске асыруда бүгін тұсауы кесіліп жатқан «Қазақ елі құндылықтары» кітабының үлесі зор. Біз мақтанатын ұлы мұралардың барлығы осы кітапта көрініс тапқан. Ұлтқа қатысты тың деректерді зерттеген сайын, жаңара түсеміз. «Кітап – білім бұлағы» демекші, кітапты қаншалық көп оқысақ, мемлекетіміз соншалық алға жылжиды. Сол себепті бізді алға жылжытатын осындай кітаптар көбейе берсін! Бір айта кетерлігі, бұл кітаптың тұсаукесерінің бүгін өтіп жатқан халықаралық жәрмеңкемен тұспа-тұс келуі бекер емес. Кітап жәрмеңкесі – халықтың жәрмеңкесі. Кітап жәрмеңкесі – біздің руханиятымыздың жәрмеңкесі. Тіпті, ұрпақты тәрбиелеудің жәрмеңкесі дер едім. Қазір осы мәселені назардан тыс қалдырған секілдіміз. Қарнымыз тоя бастады. Рухани ашпыз. Сол рухани аштықты толтыру тек «Қазақ елі құндылықтары» секілді кітаптың «қолынан» келеді.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Ел құндылықтары – елдіктің белгісі, елдіктің рәмізі. Құндылықтар жаңа дәуірмен бірге жасау керек. Егер олар тарихтың еншісінде қалатын болса, көрінбей, ескерілмей қалады. «Қазақ елі құндылықтары» кітабының негізгі миссиясы – бұл құндылықтар қазақ елінің темірқазығындай екенін, ұлтпен бірге жасап келе жатқанын көрсету. Айта кетерлігі, бұл еңбекте қазақ елінің құндылықтары жүйелі түрде көрсетілген. Бұрын біз құндылықтар деген дүниені бір жүйеге келтіріп, нақтылап айта алмаушы едік. Бізде материалдық, материалдық емес, сонымен бірге тарихи сананы қалыптастыратын құндылықтар бар. Мұның бастауы Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінде айтылған. Ал мұны әрмен қарай сабақтастыру ғаламшардың еншісінде болған. Сол бүгін жүзеге асты деп сеніммен айта аламын. Бүгінгі жастар өзі мекен еткен елінің құндылықтарының мәні неде екенін білуі қажет. Әркім әртүрлі салада бақытты өмір сүріп жатыр. Біреуі зауытта, енді біреуі сауда-саттық саласында істеуі мүмкін, келесі біреуі мұғалімдік қызметте. Бірақ олар өз кәсібінде қазақ елінің құндылықтарын қалай көрсете алады? Бұл сұрақтың жауабын осы кітаптан табуға болады. Бұл кітаптың тағы бір қыры мынада: бүгінде біз құндылықтарды өзіміз білетін секілдіміз. Ал оларды әлемге қалай танытсақ болады? Осы мақсатты көздеген ғалым бұл кітапты орыс және ағылшын тілінде бөлек-бөлек кітап қылып шығармақ. Алдағы бір айдың көлемінде бұл еңбек үш тілде қатар шығады деп жоспарланып отыр. Әрқайсысы мемлекеттік кітапханаларға тегін таратылады. Сосын халықтың сұранысына сәйкес тағы да тираж шығарылады.