Ғылым тарихы және Ақжан әл-Машани

Ғылым тарихы және Ақжан әл-Машани

Ғылым тарихы және Ақжан әл-Машани
ашық дереккөзі
Қазақ ғылымының тарихы жайлы сөз қозғағанда Ақжан әл-Машани есімі аталуы – заңды. Қазақстан Ұлттық ғы­лым академиясының алғашқы құрыл­тайшыларының бірі және академияның корреспондент-мүшесі, геомеханиканың не­гізін салушы, геолог-ғалым Ақжан Жақ­сыбекұлының қазақ ғылымына қос­қан үлесі ұшан-теңіз. Ғалымның теңдессіз ер­лігінің бірі – әлемдік деңгейдегі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұра­сын зерттеп, оның Отырар өлкесінің пер­­зенті, қазақ екенін дүниежүзі ға­лым­дарына мойындатқаны. Ғалым «көшпенді елде мәдениет те жоқ, ғылым да жоқ» де­ген дүмбілез теорияға тойтарыс беріп, қазақ ғылымының тарихын әріге жыл­жыт­ты. Кеңес өкіметінің саяси және идео­логиялық қысымына қарамастан, үздіксіз еңбек еткен ғұламаның соңында мол мұра қалды. Жуырда Ақжан әл-Ма­шани­дің «Табиғат – Матбуғат» атты қол­жаз­басы тұңғыш рет басылып шықты. Осы кітаптың шығуына мұрындық бол­ған ғалымның шәкірті, фарабитанушы Гүл­сім Садақбаевамен сұхбатымыз ғы­лым және ғалым жайында өрбіді. – Гүлсім Едресқызы, тарихсыз ғы­лым жоқ екені белгілі. Олай бол­са, қазақ ғылымының тарихы қай дәуірден басталады? – Қазақ ғылымының тарихы ресми түрде Қазақ Ұлттық ғылым академиясы құрылған 1946 жылдан басталады. Кеңес Ода­ғы кезінде алдымен КСРО ҒА фи­лиа­лы болса, одан кейін Қаныш Сәтбаев бас­та­ған ғалымдар жеке академия құрды. Ресми тарих бір жағынан дұрыс та шы­ғар, бірақ оның ар жағында үлкен кезең жатыр. Білім дегеніміз – ғылыми жұмыс­тың қорытындысы, нәтижесі, ол арнаулы әдіс-тәсілдер арқылы жүйелі түр­де әзірленеді. Яғни, білім – ғылымның өні­мі. Кез келген ғылым саласының, ма­те­матика, физика, жаратылыстану, тағы да басқа пәннің өз тарихы бар. «Ғылым тари­хы даналыққа, қарапайымдылыққа, та­рихи заңдылық пен тарихи әділет­тілік­ке, гуманизмге, ғұламаны түсініп, құр­меттеуге үйретеді», – дейді Ақжан әл-Машани. Қазақ ғылымы мен мәдениеті – егіз ұғым. Қазақ ғылымының қайнар көзі – Тұран өркениеті. Тұран мәдениеті түр­кітілдес халықтардың, түркі тілінің тари­хымен тығыз байланысты. Қазақ ғы­лым академиясы құрылғанға дейінгі ғы­лымның басында Ахмет Байтұрсынұлы бас­таған Алаш арыстары тұрса, оның ар жа­ғында әлемнің ұлы ойшылы Әбу На­сыр әл-Фараби тұр. Ахмет Байтұр­сын­ұлы В.Радлов, И.Крачковский, С.Ольденбург, С.Малов секілді түркологтермен бір дең­гейдегі ғалым. Ахмет пен әл-Фарабиді бай­ланыстырып тұрған дүние – ғылым. А.Байтұрсынұлы «Екінші ұстаздың» көп­теген тұжырымын қазақ тіл біліміне ен­гізген. – Демек, Алаш арыстары әл-Фара­би еңбектерімен таныс болған ғой. – Санжар Асфендияров, Міржақып Дула­тов, Мағжан Жұмабаев барлығы Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алған. Бұл медреседе сол кездегі талап бойынша түркі әлемінің ең ұлы ойшылы әл-Фарабидің трактаттары оқытылған. Медреседе дәріс беретін мұғалім міндетті түрде әл-Фараби еңбектеріне сүйенуге тиіс. Ахмет Байтұрсынұлы секілді осы оқу орнының түлектері сол сабақтастық­ты жалғастырған. Алаш арыстары бірнеше тілді еркін мең­герген болатын. Ол уақытта көп тіл білу қазақтарға таңсық емес еді. Ал әл-Фарабидің заманында тіл білу әдеттегі іс болған. Ұлы Жібек жолы бойымен өтетін қытай, үнді, парсы, т.б. саудагерлері, ға­лым­дары, өнерпаздарымен жергілікті ха­лық соның тілінде сөйлескен. «Жеті жұрт­тың тілін біл, жеті жұрттың тілін біл» деген – сол. – Ғылым мен тіл бір-бірімен қан­ша­­лықты байланысты? – Ғылымның бастауында тіл тұр. Қа­зақ тілі – елтаңба, ту, әнұран секілді рәміз­деріміздің ең ардақтысы. Ана тіліміз бен оның дыбысы – түркілік кезеңнен ке­ле жатқан қасиетті нышанымыз. «Әр ды­­быстың өз таңбасы болады. Тілдің жа­ны – дыбыс, тәні – дыбысты белгі­лей­тін әріп» деп жазады Ахмет Байтұр­сын­ұлы. Қазақ тілінің бір ғажабы – біз кез кел­ген басқа тілдің дыбысын анық айта ала­мыз, мейлі ол араб, ағылшын, француз тілі болсын, дыбыстау қиын емес. «Тіл ғылымы – ғылымдардың төресі», – дейді әл-Фараби. Әл-Фарабидің «Ғы­лым­дар классификациясы» деген трактаты бар. Бұл – бүкіл ғылым тоғысқан еңбек. «Ғылымдардың шығуы», «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы» трактаттары, осы үшеуі – біртұтас дүние. – Алаш арыстары сталиндік қу­ғын-сүргін құрбаны болды. Олардан кейін сіз айтқан ғылым сабақтас­ты­ғы үзілді. Ендеше Ақжан Машани едәуір үзілістен кейін әл-Фараби ең­бек­терін қалай және қайдан іздеп тап­ты? – Әл-Машани Фараби трактаттарын мешіттерден, медреселерден тапты. Фараби еңбектері діни ортада таны­мал болған. Біз қазір дін мен ғылымды ажы­ратып тастадық. Дін тек уағыз айту­мен, сақал қою, дәрет алу төңірегіндегі әң­гі­мелермен шектеліп қалды. Тым қара­байырланып кетті. Шын мәнінде, дін – үлкен ғылым. Құрандағы «Таһа» сүресінің 114-аятында: «Я, Раббым, менің ғылым-бі­лімге көкірек көзімді аша гөр» деп жа­зылған. Әл-Фараби қасиетті Құранды та­лай ілімнің құпия кілтін бойына бүк­кен ғаламдық кітап деп терең меңгерген, ойлау қабілетінің шыңына жеткен. Кеше ғана Ақжан әл-Машанидің «Табиғат – Матбуғат» кітабы ба­сы­лып шықты. Ғалымның 16 томдығын дайындап шығарған Шәмшиден Әбдіра­ман: «Табиғат – Матбуғат» – көне дәуірден бүгінге дейінгі дүниетанымды Құран қағи­даларының астары арқылы ашуға бағытталған еңбек. 15 дәптерден тұратын шығарма «изм»-дерден әбден мезі болған оқырмандарын енді қанша жылдан соң табар екен, әттең» деп жазған еді. Міне, енді соның сәті келіп, Орталық ғылыми кі­тапхана қорынан табылған бірінші дәп­терін оқырманға ұсындық. – Гүлсім Едресқызы, медицина мама­ны б­ола тұрып, тіл ғылымына және фарабитануға ден қоюыңыз­дың сыры неде? – 1986 жылы әл-Фарабидің «Фило­со­фия­лық трактатын» маған бір адам сый­лады. Өзі соғысқа қатысқан, партия ко­митеті ұйымының хатшысы еді. Осы трак­татта эмбрионның даму сатысы ең алдымен жүректен басталатыны жазыл­ған. Сонау ІХ ғасыр, УДЗ, ЭКГ жоқ. Ақжан Жақсыбекұлынан сұрасам, «Құраннан білген» деді. Сосын мені белгілі дінтанушы Ха­лифа Алтайға жіберді. Ол кісі Құран­дағы сүре, аятқа байланыстырып, бар­лығын түсіндіріп берді. Сол кездегі фара­битанушылардың бәрімен әңгімелестім. Ауданбек Көбесовті ғана көрудің сәті түспеді, еңбектерін оқыдым. Әл-Фарабидің еңбектерімен та­нысуым мені тіл ғылымына алып келді. «Қандай керемет ғалым болса да, егер ол тіл ғылымын игермесе өз ойын дұ­рыс жеткізе алмайды», – дейді ұстаз. Қа­зақ университетінің филология фа­куль­тетіне түсіп, білім алдым. Бірақ меди­цинаны тастаған жоқпын. Өзім жұмыс істеген Қостанай медицина колледжінде қазақ бөлімі ашылғанда тіл білімін кәсіби түрде меңгеруімнің пайдасы тиді. Сту­дент­терге арналған оқу құралдарын ау­дар­дым, қазақша дәріс өткіздім. Қазақ ежелден жаратылыс сыр­ла­рын жетік білген. Мәселен, хал­қымызда «бұғанасы бекімеген» деген сөз бар. Әлі жас, сүйегі қатпаған бала деген мағынаны береді. Осы бір ғана сөздің түпкі мағынасын мен бертінде түсіндім. Ең ғажабы, ана жатырындағы ұрықтың сүйектену процесі бұғананың ортасынан басталады екен. Бала дүниеге келгенде сүйегі әлі шеміршек қалпында болады, біртіндеп қатая береді. 22-25 жасқа қарай сүйектену процесі дәл сол бұғананың ор­тасына келіп аяқталады. Остеология де­ген ғылым ХХ ғасырда пайда болды. Мұны ертедегі қазақ қайдан білген? Міне, осы «бұғанасы қатпаған» деген бір ғана сөздің астарында ғы­лыми дәлелді тұжырым жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының «қазақтың тілінде бүкіл ғылымымыз, тарихымыз жатыр» дей­тіні – осы. «Жан жүректе» деген сөз бар. Шынымен, жан қайда тұрады? Эмб­рионда 18-күні жүрек пайда болады, лү­піл­­деп соғады. Жүректе қарынша мен құлақ­­шадан бөлек, атипиялық жасушалар (миоциттер) бар. Яғни, түсініксіз жасуша. Не болмаса синустық түйін дейміз, авто­мат­ты түрде өзінен-өзі жүректі жиырып, қоз­ғалтатын жасушалар. ХХІ ғасырда мұ­ның не екеніне ешкім жауап таба ал­май отыр. Қазақтың «жан жүректе» дегені тегін емес. – Ақжан әл-Машанидің «Табиғат – Матбуғат» еңбегінің мән-маңызы не­де? – Бізде араб тілін ислам дінімен бай­ланыстыратындар көп. Оның да жеке тіл екенін, өз заңдылығы бар екенін ескер­мей­міз. Араб тілі десе кейбір ғалымдар үркеді. Қазақ халқы көп уақыт бойы араб таңбасы негізіндегі төте жазуды пай­да­ланып келді. Қаншама еңбек жазылды. Сон­дықтан араб тілін жеке қарастыру керек. Онсыз біз араб қарпімен жазылған мұра­мызды зерделей алмаймыз. Мәселен, Ақжан Машанидің кешегі 41 беттік «Та­биғат – Матбуғат» еңбегін шығаруға қан­ша тер төгілді. Төте жазумен қазақша жа­зылған қолжазба Сирек кітаптар қорын­да 38 жыл жатты. «Табиғат – Мат­буғатта» ғылыми түсінікті қажет ететін ұғымдар көп, бірінші дәптерде мұны ғалым Өмірбек Қанай тәпсірлеп берді. Бұл еңбекті түсіну үшін арифметика, ма­тематика, геометрия, медицина, тағы да басқа ғылымдардан хабардар болу керек. Біз мәтіннің мағынасын қаз-қалпында сақтауға тырыстық. Әл-Машаниді білетін болсақ, әл-Фарабидің ғылымын түсінетін боламыз. Екеуі де табиғат ғылымынан адам тағылым алуға міндетті деген ойды дәлелдейді. – Гүлсім Едресқызы, сіз Ақжан Жақ­сыбекұлындай ғұламаның көзін көрдіңіз, сөзін тыңдадыңыз. Энцик­лопедиялық білім иесінің ғылымда­ғы рөлі қандай? Фарабитану ілімі қа­зір қай деңгейде? – «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» де­ген рас. Әл-Машанидің көптеген еңбегі қол­жазба күйінде қалды. Өзі көріп кет­ке­ні «Ай арысы», «Әл-Фараби», «Гео­ме­ха­ни­ка» және басқа оқулық кітаптары. Кейін­нен Шәмшиден Әбдіраманов 16 том­дығын шығарды. Жалпы, Ақжанды тану­да Ш.Әбдірамановтың еңбегі зор. Бірақ осы 16 томдық жайлы зерттеулер жоқ­тың қасы. Әл-Машанидің Тұран мәде­ниеті, Тұран өркениеті жайлы ең­бек­терін талдаған бір адамды кездестір­ме­дім. Қызығушылық жоқ. «Ай ортақ, Күн ортақ, жақсы адам ортақ», – дейді халық на­қылы. Бұл 16 томдық Ақжан атамыз­дың халыққа қалдырған аса мол рухани қазынасы ғой. Қазіргі фарабитанушылар Ұлы ұстаз мұрасының тек бетін қал­қып жүр, соны қанағат етеді. Фараби ең­бегін біртұтас, бөле-жармай қарастыру ке­рек. Егер А.Жақсыбекұлы берген кеңес­пен әл-Фарабиді академия аясындағы жеке институт деңгейінде зерттейтін, талдайтын, кәдеге жарататын болсақ, қа­зақ ғалымы мен ғылымының даңқы әлемге жайылатын еді. Адамзат тарихын­да өткен дәуірде де, қазір де Фарабидей даныш­пан болмаған. Міне, осындай зор тұлға – ұлтымыздың төл перзенті. Қазақ топырағында туған қыпшақ ұланы. Бізде қазір Фарабидің Отырардан шыққанын, еңбектерін санамалау ғана басым. Тіпті, кейбір трактатынан қашқақтау байқалады, соның ішінде дін туралы еңбектері бар. «Дінді тану – жара­тылысты тану, жаратушыны тану. Адам­ның ойы мен іс-әрекетінің дұрысы мен бұрысын ажырата білу, өзін-өзі тәрбие­леу», – дейді әл-Машани. Бұл барлық дінге тән нәрсе. – Тұран өркениеті қазақ ғылы­мы­ның тарихына кірген бе? – Жоқ. В.Радлов, А.Бернштам секілді түр­­кологтер «Түркі әлемін зерттегенде кө­зі­міздің жеткені – грек өркениеті түркі өр­кениетінің жанында жолда қалады», – дейді. Бұған адамзат мәдениетінің шыңы болып есептелетін жазу мәдениеті дәлел. Тұран елінде жазу мәдениеті біздің дәуі­рімізге дейінгі 300-400 жыл бұрын болған де­ген дерек бар. Тұран мәдениеті – түркі­тіл­дес халықтарға ортақ мәдени-ғылыми мұралардың тамырлас дамыған тарихы. Орхон-Енисей таңбасын біз ескі, қажетсіз деп ойлаймыз, бұл – қате түсінік. Сына жазуы туралы әл-Ма­шани өз еңбектерінде жазып кеткен. Ата-бабаларымыздың тарихы мен мә­дениетін жас ұрпаққа сіңіруді бала жас­тан бастауымыз керек. Бірінші сыныпта әріп үйреткенде руна таңбаларын бірге үйрету қажет. Танымдық деңгейде білсе жеткілікті, ары қарай дамытса өзі біледі. Есе­сіне, өз ұлтының тарихынан, дүниета­ны­мынан хабардар болады. Сонымен бірге мектептерде төте жазуды үйретсек ар­тық болмас еді. Мәселен, Алматыдағы ғы­лыми кітапханада қаншама құнды қол­жазба жатыр, соны зерттейтін ғалым­ды бүгінгі мектеп қабырғасында тәр­бие­леу керек. Тағы бір айта кеткім келетіні, ки­рил­лица әліпбиі – қазақтың өз таң­­басы. Бұл таңбаның тамыры тереңде жа­тыр. Кириллица ежелгі Финикия (Тұ­ран) таңбасы негізінде шыққан. Төл таң­­­­­бамызды місе тұтпай, бізге жат ла­тын­­ды қабылдайын деп жатырмыз. Бұл – қателік. Әліпби ауыстырмай, кирил­ли­цада қалған дұрыс. – «Табиғат – Матбуғат» еңбегі біз­ге не береді және мұндағы «АБЖаД» деген не? – Табиғат – Матбуғат» қазіргі заман ғы­лымына сүйене отырып, әл-Фараби үлгі­сімен кең мағынасындағы дүниетану шын­дығына шолу жасайды. Ал «АБЖаД» есебі қашан пайда болғанын ешкім білмейді. Бірақ көптеген ғалым «АБЖаД»-ты білген, пайдаланған. Кириллица алфавитіндегі «альфа» – бірінші әріп (грекше – өгіз), «бе­та» немесе «вита» – екінші әріп. «Әліп­би» деген де әріптің ретімен, бірінші және екінші әріп айтылады. Қазақ «Әліпті таяқ деп білмейді» дейді емес пе. Араб графи­ка­сы А, Б, Ж, Д деп басталады, яғни таңба ре­­тімен алынған. Араб графикасының әр әр­­піне бір сан сәйкес келеді, әрбір таңба – әрі әріп, әрі сан. Балаларға үйреткенде есеп те беруге болады. Әрі грамматика, әрі арифметика. Осы әліпби арабша «АБЖаД» деп аталады. Бұл – үлкен ғылым. Жалпы, «АБЖаД» ілімі жайында білу үшін алдымен А.Жақсы­бек­ұлы­­ның 1970 жылы шыққан «Әл-Фараби» атты тарихи-деректі романын оқу керек. Кітапта сол замандағы халқымыздың дү­ниетанымы, көзқарасы, қарым-қа­ты­насы, тұрмысы жақсы сипатталған. – Қазір бүкіл әлемдегі сияқты елі­­­міз­де де нумерология, сандарға қа­рап бал ашу, болашақты болжау де­ген нәрселер етек алды. Тіпті, әлеу­мет­тік желілерде осы ілімді пай­да­ла­нып, ақша табатын «ұс­таздар» шық­ты. Оның ішінде сіз айт­қан «АБЖаД» есебі де бар. Бұл ілімді жеке мүддеге пай­далану жөнінде не айтар едіңіз? – Қазақстанда қазір 2-3 адам ғана «АБЖаД» есебін жақсы біледі. Олар – кәсіби ғалымдар. Ал дәл­дүріш­­тер қай заманда да болады. Әл-Фарабидің «Астрология болжам­дарын­да не дұрыс, не теріс?» деген еңбегі бар. Дұрыс жолы – дүниетаным үшін пай­далану болса, терісі – мал табу, дүние табу құралына айналдыру. Әл-Фараби ба­ба­мыздың «Тәрбиесіз берілген білім адам­заттың қас жауы» дегені – осы. «Білім­сіз адамгершілік артпайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани ал­майды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен же­тістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұш­тасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ», – дейді екінші ұстаз. Қазір кейбір адамдардың дінді же­ке пайдасына жаратуы, тылсым дү­­­­ниемен қызықтырып ақша табу үрдісі өте зиян. Күнкөріс, тіршілік ету оңай емес, біреу махаббаттан, біреу тұрмыстың қиын­шылығынан күйзеліске ұшырайды, кө­мекке мұқтаж болады. Кейбіреу осыны пай­даланып, болжағыштық құралдарды теріс қолдануы әбден мүмкін. Тойым­сыз­дық, құнығу деген өте қауіпті, сондықтан көріпкелдерден абай болу керек. Әл-Машани: «Ғалым адамға ең ал­ды­мен керегі – сабыр мен қана­ғат, өзін-өзі тәрбиелеу», – дейді. Ғылым деген ұшы-қиырсыз дүние, бұл жолда өзін-өзі тежей алмай, ілімге тереңдеп кетуі де мүмкін. Ондай адамды кері қай­тару қиын. «Бұл қылпып тұрған ұстараны ба­лаға берумен бірдей. Өзін де, өзгені де за­қымдайды» дейтін Ақжан ағамыз. – Ғасырға жуық өмір сүрген Ақ­жан Жақ­сыбекұлы Қазақстанның тәуел­сіздік ал­ғанына куә болды. Ғұ­мырын елге ар­наған мемлекетшіл тұл­ғаның егемендік ал­ған кездегі сүйі­ніші мен қуанышы да ерек­ше болар. – Кеңестік Қазақстанның қалып­та­суы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов се­кіл­ді Ақжан Жақсыбекұлының да көз ал­дында өтті. 1906 жылы дүниеге келген ғалым 1924-1926 жылдары Қарқаралы пе­дагогикалық техникумында оқыды, 1937-1939 жылдары Тау-кен институ­тын­да білім алды. Соғыс жылдары ғылым әле­міне бет бұрды. Мұның бәрі қазақ тари­хының шежіресі. Ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де бастан кешті. Қаншама ағайын-бауыры осы қасіреттен зардап ше­гіп, соңында тұяқ қалдырмай опат бол­ды. Еліміз тәуелсіздік алғанда Ақжан әл-Машанидай қуанған адам жоқ шығар, сірә. «Ең бірінші байлығымыз – еге­мендік, еркіндік. Адам еркін елде ғана мақ­сатына жете алады» деуші еді ғалым. Ақжан әл-Машани ешқашан жағым­паз­­дануды, қорқуды білмеген адам. Ле­нин орденін тапсырып жатқанда Қа­зақ­стан Компартиясының идеология жө­нін­дегі хатшысы Саттар Имашев екеуі сах­нада сәл кідіріп қалыпты. Имашев: «Ме­шіт­ке әлі барып жүрсің бе?» десе керек. «Иә, бұлдап тұрғаның мына бір жапырақ темір болса, ала ғой» деп жауап беріпті ға­лым. Сонда Имашев: «Жо-жоқ, алыңыз, алыңыз» деп сасып қалған екен. Ар-на­мысты биік қойған ғалым осылайша еш­­­кімнен тайсалмай, жарқын өмір сүрді. Ұстазымыз сөзінің жүйесін бұзбай, ойдан ой тудырып әңгімелесетін. Есте сақтау қабілеті ерекше еді. Бала күнінен Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жат­­­тап өскен. Статистикалық деректер­ден мүдірмейтін. Сұхбаттасына көңілі тол­са, бұлақтың көзі ашылғандай ағыты­лып сала беретін. Ұстаз әрі шешен адам, үлкен мінберлерде сөйлеп, өзін әбден қа­лыптастырған. Ишаратты, ымды жақ­сы көретін, адамның ойын айтқызбай тү­сінетін. Сұрағына дұрыс жауап берсең, «Ой, бәрекелді!» деп қуанып, қанаттан­дыратын. – Ақжан Жақсыбекұлының өмірі мен еңбегі тұнған өнеге. Жас ұрпаққа пайдалы тәлім-тәрбиелік ойларын ортаға салсаңыз. – Ғұламаның бүкіл ғұмыры ғылымға адал қызмет етумен өтті. «Менің айтар сө­зім – ол менің ар-намысыммен қалып­тас­қан нәрсе. Ол жасанды, жаттанды, жалған сөз емес. Иесі жоқ жетім сөз емес. Емек­сіткіш ептіден қаш, көпшіктегі көл­гір­ден қаш» дегенінде қаншама астар жа­тыр. «Сөздің асыл тегі – оның терең тари­хын­да. Білім бұлағының бастауы – ана тілің! Тіл тарихын білсең, талай жұм­бақ­тың сыры шешілмек. Ғылым, білім, өнер­дің, өмірдің басы – осында». Расымен де, өз тіліміздің қадірін өзіміз білсек, өзгелер де үйренеді. Өзіңнің ана тіліңді, ғылы­мың­ды сақтап қалу үшін намысшылдық, ерік-жігер мен мақсат, нәтижелі іс-әрекет керек. «Алға жылжу, білім жүйесін жаңар- ту – бұрынғы тірнектеп жинағанымызды жою емес, сол байлыққа қайта қарау, бү­гінгі күн биігінен олқылықтың орнын тол­тыру» деуші еді. Реформадан көз аш­пай­тын білім саласына арнап бүгін ай­тыл­ғандай. Біз алтын сандықтың үстінде, қақ­па­ғын ашпай тапжылмай отыр­мыз. Ақжан әл-Машанидің бір ғана «Жер астына саяхат» кітабы – баланы ғылымға даярлайтын оқу орны іспетті дүние. Көр­кем тілмен, жан-жақты жазылған бұл ең­­бек мектеп бағдарламасына кіргізіл­ге­німен, толыққанды қолданылмай жүр. Бір өзі бір академия секілді Ақжан Ма­шанидің өмірі мен ғылымдағы қызметін насихаттау, еңбектерін зерттеу, тал­дау алдағы уақыт еншісінде. – Гүлсім Едресқызы, әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Дина ИМАМБАЙ