Дағдарыс дақпыртпен бітетін іс емес

Дағдарыс дақпыртпен бітетін іс емес

Дағдарыс дақпыртпен бітетін іс емес
ашық дереккөзі
Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс болжап-білмеген түрлі өзгерістің себебі болды. Геосаяси ахуалдың салдары импортының 42 пайызын Ресей тауарлары құрайтын біздің елді де айналып өткен жоқ. Коронадағдарыстың әсері сейілмей жатып, Үкіметке тағы бір дағдарыстың алдын алатын шаралар әзірлеу міндеті жүктелді. 2 наурыз күні Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың үкімімен Үкімет жанынан дағдарысқа қарсы шараларға байланысты жедел штаб құрылды. Сол кезде жедел штаб Ресей Федерациясына салынған санкциялардың ел экономикасына тигізетін әсерінен туындаған мәселені шешетін болады деп айтылған еді. Оның құрамына негізгі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, кәсіпкерлік қауымдастықтардың өкілдері және салалық сарапшылар кірді. Сонымен қатар жедел штабтың алдағы жұмысына отандық бизнес пен сарапшылар қауымдастығының басқа да өкілдері қатыса алады делінген болатын. Одан соң Президент 16 наурыздағы Жолдауында дағдарыстың алдын алу шаралары туралы сөз қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шаралардың «кезек күт­тірмейтінін», геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан тарихта болып көрмеген қаржылық-эко­номикалық қиындықтарға тап келіп отыр­ғанын айтты. – Қатаң санкция тайталасы қазірдің өзін­де жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратып отыр. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеріп жатыр. Әлемдік нарықта бел­гісіздік пен тұрақсыздық өршіді. Өндіріс жә­не сауда жүйелері күйреп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ресеймен тығыз экономикалық байла­ныстан туындаған қиындықтардан бөлек, Қазақстанға да тікелей санкция салу туралы бастама көтерген елдер де болғанын еске сала кетейік. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ деген Мемлекет басшысы бізде ауқым­ды дағдарысты еңсеруге қажетті ре­зерв­тер мен амал-тәсілдердің бәрі бар еке­нін айтқан болатын. Сондықтан Үкіметке дағ­дарысқа қарсы кезек күттірмейтін ке­шен­ді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыру міндеті жүктелді. 14 сәуір күні Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров дағдарыстың ал­дын алатын жоспар дайын екенін мәлімдеді. 2022 жылға арналған бұл жоспар 5 бағыт бойынша жүзеге асырылмақ екен. «Дағдарыстың алдын алу – кезек күттірмейтін мәселе» Экономикалық дағдарыс кезінде на­рық жағдайы күрт нашарлайды, ұлт­тық экономика тұрақсыз болып, өндіріс­тер­дің жұмысы жүйесіз екені сезіледі. Одан бөлек, сатылмаған өнімдердің көбеюі, өн­дірістік капиталдың артық қорлануы, яғни өндірістің шала жұмыс істеуі, жұмыссыз адам санының көбеюі байқалады. Өндіріс­те­гі шығындар өседі, баға мен пайда, жала­қы төмендейді, халықтың тұрмыс деңгейі де кері кетеді, мұның бәрі – экономикалық дағдарыстың жалпы нәтижесі. Сонымен, Үкімет және басқа да жауап­ты және құзырлы мекемелерге қойыл­ған ең басты міндет – ұлттық валю­таны тұрақты ету. Бұл – ел экономикасын­да­ғы қауіпсіздіктің негізгі факторы. Геосая­си ахуалдың шиеленісуі теңгеге оңай тиген жоқ. 1 доллар 520 теңгеден асып кеткен кез­дер де байқалды. Күн сайын қырық құ­былған доллар-теңге бағамы, валюта нары­ғын­дағы тұрақсыздық халықты абыр-сабыр қылды, бір доллар 700-1 000 теңгеге дейін өседі деген сияқты түрлі қауесет, болжамдар жап­пай доллар сатып алушылардың науқа­ны­на ұласты. Бұдан бөлек, теңгенің құбылуын Пре­зи­дент капиталдың елден шыға­рылуы­мен, трансшекаралық «жасырын» ақша аударымдарымен байланыстырып, валю­таны шетелге шығаруға шектеу енгі­зе­тін Жарлыққа қол қойған еді. Сондықтан қар­жы саласында өршіп тұрған жасанды сұра­нысты, соның ішінде сырттан келген са­тып алушылардың белсенділігінен туын­даған сұранысты азайту қажет екені ай­тылды. – Ірі институционалдық құрылымдар шетел валюталарын тек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау аясында сатып алып, сұранысты қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттің қатысуымен экспорттық валю­та түсімдерін сату көлемін арттыру мә­селесін пысықтаған жөн. Жер қойнауын пайдаланушы жеке сектордың да өз валюта түсімдерін сатуын күтемін, – деген нақты тапсырмалар берілді. Екінші деңгейдегі банктер шарттық міндеттемелерін орындау кезінде клиент­терінің валюта алуына бақылау және мо­ниторинг жүргізуге тиіс екені, банктердің осы талаптарды сақтауын қатаң бақылауға алу туралы да айтылды. Осылайша, Жолдауда Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігіне ұтымды, нәтижелі шара­лар қабылдау туралы тапсырма берілген еді. Дегенмен қазір теңге біраз нығайғаны бай­қалады. 20 сәуірде таңертең бир­жадағы соңғы мәміле бір доллар 442,5 теңге бағасымен, ал 19 сәуір кешкісін бір доллар 446 теңгеге сатылған. Оған қоса, JPMorgan банкі егер Еу­ро­одақ Ресей мұнайына эмбарго енгіз­с­е, Brent бағасы 185 долларға дейін өсуі мүм­кін екенін мәлімдеді. Сонымен, жақында Ұлттық эко­но­ми­ка министрі Әлібек Қуантыров жол­даудағы тапсырманы орындау үшін 10 ба­ғыт, 36 іс-шарадан тұратын Жалпыұлттық жос­пар бекітілгенін хабарлады. Министрліктің жұмысы негізгі үш бағыт – елдің әкімшілік-аумақтық құры­лысын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі бас­қару жұмысын жүйелендіру және дағ­дарыс­қа қарсы бірінші кезектегі шаралар бойынша жүргізілетіні мәлім болды. Дағдарыстың алдын алу жұмыстары 5 бағыт бойынша жүргізілмек. Ми­нистр оны іске асыру шиеленіскен геосаяси ахуал­дың салдарынан туындаған қиындық­тар­ды реттеу және қаржы жүйесін тұрақтан­дыру, инфляцияны бақылау және төмендету, сыртқы сауда және экономика салаларын қол­дау және инвестицияларды тарту сияқ­ты бағыттар бойынша жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашатынын айтты. Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімде­ме­сіне сүйенсек, өнеркәсіпті мемле­кет­тік қолдаудың негізгі бөлігі өнімділігі жо­ғары кәсіпорындарды технологиялық жаң­ғыртуға және дамытуға арналмақ. Ел эко­номикасын индустрияландыру және ин­вестициялық жобаларды тарту арқылы им­­порттық тауарларды алмастырудың маңы­­зы зор екені де айтылды. Бұл ретте мем­лекеттік қолдауға ие болған кәсіп­орын­дарға жұмысшылардың еңбекақысын, оның ішін­де еңбек өнімділігін ұлғайту арқылы кө­бейту бойынша қарсы міндеттемелер жүк­телмек екен. Одан бөлек, шенеуніктердің халық­тың банктердегі теңгемен салынған жи­нақ-депозиттеріне алаңдайтыны айты­лып­ты. Сондықтан қазынадан депозиттер­дің сыйақысына деп қосымша қаржы бө­лін­бек. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға Үкі­мет пен Ұлттық банк басымдық берген екен, оның ішінде несиелерді субсидиялауға ерекше көңіл бөлінбек. Бизнесмендердің жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Бірақ әлеуметтік маңызы бар тауар­лар­дың бағасына бақылау жүр­гізіле­тін болады деп сендіреді жауаптылар. Мо­но­полияға қарсы агенттік шағын және орта кәсіпкерлік саласындағылардан халықты дүр­ліктірмей, бағаны қолдан жасамауды әрі оны көтермеуді сұрайды. Әйтпесе, тапшы­лық тудырып, құнын өсіргендер айыппұл арқалайтыны да ескертіліпті. Дегенмен қаржыгер, сарапшы Расул Рыс­мамбетов жауапты органдардың азық-түлік дағдарысы мен тапшылығына бай­ланысты жүргізіп отырған саясаты ақыл­ға қонымды көрінбейтінін айтады. Расул РЫСМАМБЕТОВ, Financial Freedom қоғамдық қорының директоры, қаржы кеңесшісі, сарапшы: Жауапты мекемелер не істеу керек екенін түсінбей отыр деген ой қалыптасады – Жауапты органдар дағдарыстың ал­дын алуға байланысты мінсіз жұмыс істеп жа­тыр деп айтуға келмейді, әрине. Өйткені мұн­дай дағдарысқа біз алғаш рет тап келіп отыр­мыз. Дегенмен құзырлы мекемелер бар күш-жігерін салып жұмыс істеп жатыр. Бірақ біздің жауапты органдар көптен бері инвестиция тарту бойынша жұмыс істеген жоқ. Айтылғанымен, орындалған жоқ, жос­пар­лар болғанымен, шын мәнінде жүзеге асырыл­ған жоқ. Оған қоса, оның жөн-жо­сы­ғы қандай болуы керек екенін де түсін­беді деп айтуға болады. Енді-енді сең қоз­ғал­ғандай болып жатыр. Ал азық-түлік дағдарысына байланысты ат­қарып жатқан шараларына қарап, жауап­ты мекемелердің жалпы жағдайды, не істеу ке­рек екенін түсінбей отыр деген ой қалып­та­са­ды. Мәселен, экспортқа тыйым салу не­месе басқа да бюрократиялық барьерлер қою нәтиже бере бермейтін шаралар. Өйт­кені біздің экспорттаушылар (ет, қырық­қа­бат сияқты өнімдер) экспорттық бағалар бойын­­ша табыс табуға, салық төлеуге мүм­кін­діктері жоқ, келесі жылға қаражаты да қалмайды. Біздің елде экономика көп жағдайда жекеменшікке негізделген. Сол се­беп­ті бизнесті қолдаудың дұрыс шешімдері мен тетіктері керек деп есептеймін. Дегенмен ең бастысы, дәл қазір бізге мына үш мәселені реттеу керек. Біріншіден, бізге сот жүйесін реттеп, түзету керек. Сот жүйесінде барлығы ашық, анық болуға тиіс. Барлық шешімдер, эко­номикалық сот жүйесінде барлығы түсі­нік­ті болуы керек. Екіншіден, дұрыс, бізге түсінікті, дұ­рыс Салық кодексі қажет. Қазіргі қол­да­ныстағы Салық кодексі, қанша деген­мен қиын әрі түсініксіз. Үшіншіден, жекеменшікті қорғау мә­селесі. Бұл жерде де басы артық, тү­­­­сі­ніксіз, әкімшілік, бюрократиялық барьер­­лер болмауға тиіс (мәселен лицен­зия­лауға байланысты). Инфляция деңгейі 12 пайыз болды Наурыз айының төрт апталық қоры­тын­дысы бойынша, әлеуметтік маңы­зы бар тауарлар бағасы 18,6 пайызға өс­кен. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, бағаның өсуі­не наурыздың екінші аптасындағы тауар­ларға деген сұраныс айтарлықтай әсер етіп­ті. Басқа тауарлардың бағасы да 8,6 пайыз­дан 10,9 пайызға қымбаттапты. Ал ақылы қызмет бағасының өсімі 8,3 пайыз­ға жеткен, сәйкесінше бұл – нарық­та­ғы бірқатар қызметтің қымбаттауына әсер еткен. Бағаны ауыздықтауға қанша тырыс­қа­нымызбен, геосаяси ахуал, жалпы әлемдік экономикадағы дағдарыс ел эконо­ми­касының еңсе тіктеуіне мүмкіндік бер­мей тұр. Былтыр жыл аяғында Ұлттық банк 2022 жылдың бірінші тоқсанында инфляцияның ең жоғары шегі күтіледі, бірақ содан соң жағдай реттеледі деген бол­жам айтқан еді. Алғашқы болжам дәл кел­генін байқап отырмыз, ал екінші болжамға бай­ланысты күдік жоқ емес. Биыл наурыз айының қорытындысы бойынша, инфляция деңгейі 12 пайыз болды. Бұл – 2016 жылғы қыркүйектен бер­гі ең жоғарғы көрсеткіш. – Қазақстанда инфляция деңгейі 2016 жыл­дың қыркүйегінен бері ең жоғарғы көр­сеткішке жетті. Бір айда 8,7 пайыздан 12 пайызға жеткен. Инфляцияның өсуіне азық-түлік тауарларының қымбаттауы ай­тар­лықтай үлес қосқан. Баға өсімі 10 пайыз­дан 15 пайызға жетті. Ең жоғары баға өсімі қы­рыққабат, қант, картоп пен қызанақ сияқ­ты тауарлардың бағасында байқалады, – деді Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов. Әрине, бұл – ресми дерек, дегенмен сарап­­шылар елдегі инфляция дең­гейі бұдан да жоғары екенін айтады. Жауапты мекеменің жауабы Ауылдар мен моноқалалардың өркен­деуіне 200 миллиард теңге бөлінбек. Жалпы ,дағдарыстың алдын алатын шараларға бюджеттен қанша қаражат қарастырылып отыр­ғаны, ол бағыттарға байланысты қалай бөлініп-жіктелетіні туралы Ұлттық эко­но­мика министрлігіне арнайы сұрақ жолдап көргенімізбен, нақты жауап ала алмадық. Одан бөлек, жұмыспен қамту мен кә­сіп­керлікті дамытуды қолдауға ба­ғытталған жоспарлар да жүзеге асырыл­мақ екен. «Қаржыландыру мен кәсіпкерлерді қол­дайтын бағдарламалар да көбейеді», –дей­ді Ұлттық экономика министрлігі. Жауап­ты орган өкілі жоғарыда сарапшы ма­ман айтып кеткен бизнестегі кедергілер рет­теледі деп сендіріп отыр. Тимур ЖАҚСЫЛЫҚОВ, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі: Бизнесте әділетсіз артықшылық беретін барлық заңнамалық актілердің күші жойылмақ – Жалпы, 2015 жылдан бастап 2021 жыл­ға дейінгі кезеңде елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында оң нәтиже бай­қалып отыр. ЖІӨ-дегі шағын және орта кә­сіпкерліктің үлесі 7,9 пайызға өсіп, 34,7 пайыз­ға жетті. Шағын және орта кәсіпкерлік өнім­­дерін шығару 2 есеге жуық артып, но­ми­налды мәнде 29,7 триллион теңгеге жет­­ті. Жұмыс істеп тұрған ШОК-тың жалпы са­­ны 15,2 пайызға артып, 1,4 миллион су­бъек­­тіге жетті. ШОК-та жұмыспен қам­тыл­ған­­дардың жалпы саны 10,6 пайызға артып, 3,5 миллион адам болды. Қазір Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ШОК-ты қол­даудың қаржылық және қаржылық емес шаралары ұсынылды. Бизнеске арналған талаптарды қайта қарау бойынша жұмыс екі кезеңде жүргізілетін болады. 1-кезең – 2022 жылдың бірінші жарты­жыл­­дығында сауда, көлік, ауыл шаруа­шы­лы­ғы, қоғамдық тамақтану сияқты төрт не­гізгі салада реттеу жүргізіп, талаптарды қай­та қарау. Бұл салалар ШОК субъектілері­нің шамамен 60 пайызы. 2-кезең – 2022 жылдың екінші жарты­жыл­д­ығында және 2023 жылы денсаулық сақ­тау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да са­ла­лардағы бизнеске қойылатын талаптар қайта қаралатын болады. Мемлекеттік бақылауды автомат­тан­дыру арқылы құқық бұзу жағ­дай­ларының алдын алуға көшпекпіз. Бұл ба­қы­лау және қадағалау органдарын бизнестің проб­лемалық субъектілеріне шоғыр­лан­дыру­ға және оларды ретке келтіруге мүм­кін­дік береді. Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тә­сілдерді іске асыру бизнестегі жүк­темелер мен кедергілерді азайтуға және эко­номикалық ахуалға қарай іскерлік бел­сенділікті дамытуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының 8-съезінде ШОК-тың 2030 жылға дейінгі жаңа даму страте­гия­сын айқындау міндетін қойған болатын. Осы тапсырманы орындау үшін Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жо­басы әзірленіп отыр. ШОК-ты дамыту тә­сіл­дері пирамида қағидаты бойынша жүзе­ге асырылмақ. Соның ішінде кәсіп­кер­лік белсенділікті дамытатын институ­цио­нал­дық орта құру, бизнес-ахуал мен бизнес-ор­­таға әсер ететін кәсіпкерлік қызметті рет­­теуді дамыту, мемлекеттік қолдау шара­лары тиімді болуы үшін кейбір нарықтағы же­келеген тұлғалар мен қатысушыларға әділетсіз артықшылық беретін барлық заңнамалық және реттеуші актілердің күші жойылмақ. Одан бөлек, кедергілерді азайту, ұжымдық пайдаға артықшылық беру, жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнеркәсіптік, инновациялық және креативті инфрақұрылымның артық ұсы­нысын жасауды ынталандыру, биз­нес­тегі есеп беруді автоматтандыру және цифрландыру, кәсіпкерлікке рұқсат беретін құжаттар санын қысқарту жоспарланған. Осы жоспарланған мақсат-міндеттің барлығы шағын бизнесті орта және ірі бизнеске айналдыруға ықпал етеді, бұл өз кезегінде тұтастай экономикаға оң муль­типликативті әсер ететін болады. Үкімет және басқа да жауапты мекемелер жүктелген міндетті қандай дәрежеде орындайды, шаралардың нәтижесі қандай болмақ, ол жағы белгісіз. Дегенмен дағдарыстың алдын алу шаралары қисапсыз сандар мен қисынсыз сөздердің жинағынан тұратын баяндамалар емес екені анық. Қаңтар оқиғасынан кейін ел экономикасына елеулі реформа қажет екеніне көзіміз анық жеткен еді. Ал елдің дағдарысқа төтеп беруге қабілетті болуы айтылып жатқан жаңа қоғамды құрудың басты алғышарты.