Жаңалықтар

«Назарбаев моделі» кітабының тұсауы кесілді

ашық дереккөзі

«Назарбаев моделі» кітабының тұсауы кесілді

Астанада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының талдау орталығы «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесерін өткізді. Жаңа көзқараспен, үлгімен ерекшеленетін кітапта Қазақстанның ширек ғасырдағы мемлекеттік құрылысына басқарушылық талдау жүргізілген, деп хабарлады Baq.kz. Кітаптың авторлары – Махмұт Қасымбеков, Бақытжан Темірболат және Тимур Шаймергенов. «Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне арналған жаңа басылымды ұсынып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Бүгінгі біздің тұсаукесеріміз еліміз үшін маңызды қос мереке – Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні аралығында өтіп отыр. Мұның терең символдық мәні бар. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихы оның көшбасшысының есімімен тікелей байланысты», – Бақытжан Темірболат. «Назарбаев моделі» кітабы ҚР Президенті Кеңсесі мен Елбасы кітапханасының бірлескен жобасы. Еңбек авторлары күрделі ішкі және сыртқы жағдайда дамудың даңғыл жолына түскен жас мемлекетті басқарудың нәтижелі жүйесін «Назарбаев моделі» деп атайды. Бұл мемлекеттік құрылыстың маңызды кезеңдерінде, Елбасының стратегиялық реформаларында, маңызды шешімдері мен бастамаларында кешенді түрде көрініс тауып отыр. Авторлардың айтуынша, жаңа басылым экономикасы қарқынды түрде дамуға бет алған мемлекеттердегі түбегейлі өзгерістер мен жаңғырулар тәжірибесіне қызығушылық танытатындар үшін пайдалы болмақ.