Меркель ХДО басшысы болып қайта сайланды
Меркель ХДО басшысы болып қайта сайланды
Германия канцлері Ангела Меркель Христиандық-демократиялық одағының басшысы болып қайта сайланды. 6 желтоқсанда партияның Эссендегі съезінде оның осы қызметтегі мерзімі төртінші мәрте ұзартылды. Дауыс беруге партияның мыңға жуық делегаты қатысты, олардың 89,5 пайызы Меркельге дауыс берді.
Неміс канцлерінің мигранттарға қатысты ашық есік саясаты халықтың көп бөлігінің наразылығын туғызып, ХДО беделіне нұқсан келтірді. Оңшыл "Германия үшін балама жол" партиясының аймақтық сайлауларда табысқа жетуін ескере отырып, Меркель мигранттарға қатысты ұстанымын қатайта түсуі мүмкін. Делегаттар съезіндегі дауыс беру қарсаңында Меркель Германиядағы популизмді сынға алды. Ол қоғамдық орындарда мұсылман әйелдердің жабық киімі - нихабқа тыйым салуды қолдайтындығын мәлімдеді.
"Мұндай жабық киімге мүмкін болғанша заң жүзінде барлық жерде тыйым салынуы керек", - деді Меркель. Оның партиясы мұндай киімге сот залында, сондай-ақ көлік басқару кезінде тыйым салуды қарастыратын заң жобасын әзірлей бастады.