Жаңалықтар

«Итке сүйек тастағанмен бірдей»: құлсарылықтар «Теңізшевройл» зауытына шағымданды

ашық дереккөзі

«Итке сүйек тастағанмен бірдей»: құлсарылықтар «Теңізшевройл» зауытына шағымданды

Жылыой ауданының халқы денсаулықтарының төмендеуі мен өңір экологиясының нашарлауына «Теңізшевройл» мұнай өңдеу зауытының басшылығын кінәлап, компанияның қызметіне тексеру жүргізуді сұрады деп жазды turkystan.kz Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап. Жергілікті халық сол өңірде 30 жылға жуық мұнай өндірген компаниядан өтемақы талап етіп отыр. Себебі, мұнай өңдеу зауытына жақын орналасқан Құлсары қаласында 445 нәресте дүниеге кемтар болып келген. Өткен жылдың өзінде 50 адамнан онкологиялық ауру түрлері анықталыпты. Қазір Құлсары қаласында жалпы саны 2050 адам науқас ретінде тіркеуде тұр. Қалалық емхана дәрігерінің айтуынша, келіншектер құрсағындағы баласының дамымай қалуына байланысты көбіне жасанды түсік жасатуға мәжбүр. Құлсарының тұрғыны Раиса Төлеубаеваның айтуынша, халықтың денсаулығының төмендеуіне, ауру балалардың дүниеге келіп жатқанына жұтып отырған ауаның таза еместігі, экологияның нашарлауы себеп болып отыр. «Бірақ оны билік мойындамайды. Ауданымызда жаңбыр жаумайды, шөп шықпайды. Салдарынан малға жайылым жер жоқ. Былтыр малымыздың бәрі қырылып қалды. Елімізде біздің өңір онкологиялық ауруға шалдыққандар бойынша бірінші орында тұр. Осы жылы 2050 адам тіркелсе, оның 500-ге жуығы бала. Ауру балалар мен экологиядан қайтыс болғандарға өтемақы төленген емес. Олардың өлімі экологияның дұрыс болмауынан екендігін билік те, мұнай өңдеу зауыттарының басшылары да мойындамайды», – деді белсенді. Төлеубаева сөзін жалғастыра келе, халық Мемлекет басшысынан комиссия құрып, МӨЗ-дің ауаға шығарып отырған зиянды қалдықтарын нақты анықтауға жәрдемдесуін сұрайды. «Бұл зауыттар билікке өтірік есеп беріп отыр. 29 жыл бойы астымыздағы мұнайды алып жатыр. 500 млн тонна мұнай өндірді. 400 млрд доллар табыс тапты. Ал, тұрғылықты халыққа бергені «итке сүйек тастағанмен бірдей». Біздің мақсатымыз – 2016 жылы Қазақстан қол қойған Париждік ESG стратегиялық бағдарламасын компания басшылығына қабылдатып, олардың халықпен тікелей жұмыс істеуін міндеттеу»», – деп айтты Раиса Төлеубаева. «Теңізшевройл» басшысының айтуынша, Қазақстан қол қойған Париждік келісімнің талаптарын мемлекет өз мойнына алу керек. Олар өз тарапынан ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемін төмендету үшін модернизация жасап, қалдық көлемін 65%-ға төмендеттік дегенді алға тартады. Денсаулығына алаңдаған халық ел Президенті бұл мәселеге назар аударып, қиындықтары шешілер деген соңғы үміттері бар.