Жаңалықтар

Зульфия Чиншалло Қазақстан чемпионатында 4 рекордты жаңартты

ашық дереккөзі

Зульфия Чиншалло Қазақстан чемпионатында 4 рекордты жаңартты

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Чиншалло Қызылорда қаласында ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан ел чемпионатында төрт рекордты жаңартты деп хабарлады turkystan.kz. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мәлім еткеніндей, Зульфия 59 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Ол қоссайыс қорытындысында 223 келіні (95+128) көтерді. Екінші орынға ие болған қарсыласын 51 келіге артқа қалдырған З.Чиншалло Қазақстанның төрт рекордына (жұлқа көтеруден екі, серпе көтеруден бір және қоссайыс қорытындысында) қол жеткізді. Зульфия Чиншаллоны Илья Ильин Instagram-дағы парақшасында құттықтады. «Бүгін Зульфия Чиншалло серпе көтеруден 128 кг олимпиада рекордына қол жеткізді. Жалпы нәтиже – 223 кг және әлемдік рейтингте 1-орынға көтеріледі. Саған өзіңнің бесінші Олимпиадаңа барып, алтын алуыңа тілектеспін» деп жазды Ильин.