Мақтааралда педофилдерге құны 250-300 мың теңгелік білезік тағылды
Мақтааралда педофилдерге құны 250-300 мың теңгелік білезік тағылды
Мақтааралда төрт сотталғанға электронды білезік тағылды. Бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталған азаматтарға бұдан былай дәл осындай электронды бақылау білезігі тағылады деп хабарлады turkystan.kz.
Оны шешкісі келсе, арнайы сигнал инспекторларға барады. Аптасына бір рет қуатталатын құрылғыны азаматтар өздерінің үйінде қуаттай алады.
«Бұл электронды білезік сотталғандарды бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайын тастап кетпеуге, қайта жасауы мүмкін қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды. Егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса, дабыл сигналы тәрізді белгі түседі. Сондай-ақ сотталғандарда бір немесе екі ескерту болса, ол сотталғандарға білезік кигізіледі. Мысалы, бас бостандығын шектеуге сотталғандарға бір ескерту болса, оларға бір жылға дейін осы білезік тағылады. Ал шартты сотталғандарға мерзіміне қарай тағылады. Сотталғандарды мекенжайы бойынша кез келген уақытта тексере аламыз. Мекенжайы бойынша үйде немесе қайда жүргенін осы электронды білезікке қосылған планшет арқылы инспекторлар көріп отырады. Белгісіз бағытқа қарай кеткен жағдайда бірден сигнал түседі. Электронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылатын болады», - деді Мақтаарал аудандық пробация қызметінің бастығы Нартай Сабаев.
Электрондық бақылау құрылғысын аталған тізімдегі азаматтар бір жыл бойы шешпей тағады. Ылғалға төзімді құралдың құны шамамен 250-300 мың теңге.
Сотталған бұл құрылғыны қасақана немесе абайсызда сындырып алған жағдайда жазаға тартылады.
Тағы оқи отырыңыз: Өз-өзін өртемек болған әйел мәлімдеме жасады (ВИДЕО)