Жаңалықтар

«Ресей - терроризмнің демеушісі» - АҚШ Зеленскийдің ұсынысын қолдағысы келеді

ашық дереккөзі

«Ресей - терроризмнің демеушісі» - АҚШ Зеленскийдің ұсынысын қолдағысы келеді

АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс ел билігі Ресейді терроризмнің демеушісі деп тану мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Бұл туралы ол CNN арнасында мәлімдеді деп жазды turkystan.kz TRT порталына сілтеме жасап.  «Біз барлық фактілерді, бұған қоса заңды мұқият зерттеп жатырмыз. Егер бұл заңды түрде мүмкін болса және тиімді әрі орынды болса, біз бұл шараны жүзеге асырамыз», – деді Нед Прайс. Шенеуніктің айтуынша, мұндай шара Украинадағы жағдай үшін Ресейді жауапқа тарту мақсатында қабылдануы мүмкін. Дегенмен, шешім нақты қабылданғанға дейін бірнеше апта қажет болуы ықтимал. АҚШ Мемлекеттік департаменті «терроризмге демеуші ел» деп халықаралық терроризм актілерін бірнеше рет қолдаған мемлекетті анықтайды. Бір күн бұрын Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки журналистерге арналған кезекті брифингте АҚШ Президенті Джо Байден Украина лидері Владимир Зеленскийдің Ресейді терроризмді демеуші елдер қатарына қосу туралы өтінішін қанағаттандыру мүмкіндігі туралы айтқан еді. «Елді бұл тізімге қосу үшін мемлекеттік хатшы осы елдің Үкіметі халықаралық лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыруда бірнеше рет қолдағанын анықтауы керек. Әрине, бұл анықтамалар мұқият талдаудан кейін жасалады. Менде бұл туралы жаңа ақпарат немесе болжам жоқ. Тиісті бағаны Мемлекеттік департамент береді», – деп жауап берді Псаки. Ол айыпталушылардың тізіміне бірқатар шектеулер қолданылатынын еске салды. «АҚШ-тың сыртқы көмегіне шектеулер, қорғаныс секторындағы экспорт пен сатуға тыйым салу, қосарлы мақсаттағы тауарларды экспорттауға белгілі бір бақылаулар және басқа да қаржылық шектеулер қойылады. Ал біз қазірдің өзінде Ресейге қатаң қаржылық санкциялар, экспорттық бақылаулар және қаржылық көмек көрсетуге шектеулер қолдандық», – деп қосты Псаки. Егер Зеленскийдің ұсынысы қабылданатын болса, АҚШ билігі Ресейге қарсы қосымша санкциялар сала алады. Бұл мәртебе елге экономикалық көмек көрсетуден бас тартуға және оның өкілдерінен дипломатиялық иммунитетті алып тастауға мүмкіндік береді. Қазір АҚШ-тың мәліметінше, лаңкестікке демеуші елдер тізімінде Солтүстік Корея, Куба, Иран және Сирия бар.