Оңтүстікте болат құю зауыты іске қосылды

Оңтүстікте болат құю зауыты іске қосылды

Оңтүстікте болат құю зауыты іске қосылды
ашық дереккөзі
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен республика көлемінде өткен «Жаңа индустрияландыру» телекөпірі барысында Оңтүстік Қазақстан облысында KARLSKRONA LC AB ЖШС-нің болат құю өндірісі бойынша салынған өнеркәсіп орны іске қосылды. Елбасымен тікелей байланысқа шыққан KARLSKRONA LC AB ЖШС директорының орынбасары Ә.Үсенбаев кәсіпорынның жұмысын баяндады. – Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Су сорғылары жабдықтарын шығаратын зауытымыз сізге жақсы таныс. Сіздің «Жаңа индустрияландыру» бағдарламаңызды қолдау мақсатында, өнімді елде барынша шоғырландыру үшін болат құю өндірісі ұйымдастырылды. Жаңа зауыт арқылы алыс және жақын шетелдерге экспорт көлемін 40 пайызға арттырмақпыз. Қазір кәсіпорындағы алғашқы өніміміз өндірілуге дайын. Құрметті Елбасы! Еліміз тәуелсіздік алғалы бері сіз жастарды қолдап келесіз. Тәуелсіздік аясында еліміз нық аяққа тұрып, келешек ұрпақ үшін толыққанды мемлекет құрдыңыз! Міне, соның арқасында осы зауытта 58 жас маман жұмыс істеуде. Арасында «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандар да бар. Сізге, өзіміздің алғысымызды білдіре отырып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз! Аса қадірменді Елбасы! Өндірісті іске қосуға рұқсат етіңіз, – деді Ә.Үсенбаев. Мемлекеттік қолдау барысында жүзеге асқан кәсіпорын – машина жасау саласында алдыңғы қатарда тұр. Компания Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи технологиямен жабдықталған. Бадам индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорынның жобалық құны 2 млрд теңгені құрайды. Жылына 3700 тонна өнім шығаруға қауқары бар зауытта 75 адам жұмыспен қамтылған. Ішкі нарықтың 60 пайызын құрайтын кәсіпорын, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Белоруссия секілді елдерге өнімін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Оңтүстікте индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2010 жылдан бері 145 жоба іске қосылған. Жалпы, 13 мыңға жуық жұмыс орны құрылып отыр.