Жаңалықтар

«Оператор РОП» ЖШС мен шенеуніктер 180 млрд теңгені жымқырмақ болды

ашық дереккөзі

«Оператор РОП» ЖШС мен шенеуніктер 180 млрд теңгені жымқырмақ болды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратураның үйлестіруімен «Оператор РОП» ЖШС-нің 180 млрд теңге көлеміндегі қаражатты жымқыруының алдын алды деп жазды turkystan.kz. «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары мен «Оператор РОП» ЖШС басшылығы электр қуатын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт құрылысын жеке ұйымның заңсыз қаржыландыруы арқылы кәдеге жарату төлемі түрінде жиналған 180 миллиард теңгені жымқырмақ болған», – делінген агенттік баспасөз қызметінің хабарламасында. Бұл ретте департаментте нақтылағандай, электр қуатын мемлекет 15 жыл бойы негізсіз жоғары тарифпен сатып алуға және жеке компанияны миллиардтаған табыспен қамтамасыз етуге кепілдік берген. «Экология вице-министрі мен «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы басшылары қамауда отыр. Кінә бойынша соңғы шешімді сот анықтайды»,  – делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде. Сондай-ақ ведомство тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жария етуге жатпайтынын атап өтті. Еске сала кетсек, Экология, геология және табиғи ресурстар экс-вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев екі айға қамауға алынды.