Елордада жолаушы автобустың терезелерін шағып, адамдарды шошытты
Елордада жолаушы автобустың терезелерін шағып, адамдарды шошытты
Нұр-Сұлтанда мас ер адам қоғамдық көліктің терезелерін апат кезінде қолданатын балғамен шағып тастаған деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Елордадағы CTS көлік компаниясының ресми өкілі Науат Азанбаева көліктегі бейнебақылау камерасы түсірген бейнежазбаны жариялап, 17 сәуірде болған оқиға туралы айтып берді.
«Жолаушы мас күйінде №7 бағыттағы электр автобусының бүйірлік әйнектерін апаттық балғамен сындырған. Полиция қызметкерлері кінәлі адамды оқиғаның мән-жайы анықталғанша ұстады» деп жазылған хабарламада.
Кейін ол Сарыарқа аудандық полиция бөліміне жеткізілген.
«17 сәуірде полицияға сағат 20:00 шамасында белгісіз ер адам автобустың салондарының бірінде отырған кезде терезелерді зақымдап, сол арқылы жолаушыларды қорқытқаны туралы хабарлама түсті. Қоғамдық тәртіпті бұзушы ұсталып, Сарыарқа аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Ол 40 жастағы Павлодар облысының тұрғыны болып шықты. Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, ол алкогольдік масаң күйде болған» деп жазылған ПД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бұзақыға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады.