Тоқаевтың туыстарының нақты қандай қызметтерді атқара алмайтыны белгілі болды
Тоқаевтың туыстарының нақты қандай қызметтерді атқара алмайтыны белгілі болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарының қандай қызметке тағайындалмайтыны белгілі болды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Әділет министрі Қанат Мусин айтты деп хабарлады turkystan.kz.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда Президенттің ағасы, әпкесі, балалары ұлттық компанияларға басшылық қызметке орналаса алмайды. Мысалы, Тоқаевтың жақындары министр, министрдің орынбасары, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың басшысы қызметін атқара алмайды.
Президенттің жақын туыстарына – ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни, ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді.
«Мәселен, Президенттің қарындасы, ағасы немесе балалары «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық лауазымды атқара алмайды», – деді министр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы ҚР Президентінің жақын туыстарына қандай тыйым салынатынын айтқан болатын.