Қызылорда облысының әкімі кеңесшілерден бас тартты
Қызылорда облысының жаңа әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеңесшілер штатын қысқартып, бірнеше облыстық департаменттерді біріктірді деп хабаралады turkystan.kz.
Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында өңір басшысы 24 басқарманың 8-і қысқартылып, 16 басқарма облыс әкімдігінің құрылымында қалғанын айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, облыста 24 облыстық басқарма бар. Енді оның 8-і қысқартылып, 16 басқарма облыс әкімдігінің құрылымында қалады. Қабылданған шешім функциялардың қайталануын жояды, саланың теңгерімді реттелуін қамтамасыз етеді. Бұл - жұмыстың жалпы көлемін және басқару тобын оңтайландыру арқылы әкімшілік шығындарды қысқарту. Сол сияқты қалалар мен аудандар әкімдіктерінің құрылымын өзгерту қажет», - деді облыстың жаңа әкімі.
Сондай-ақ, ол бұдан былай облыс әкімі аппаратында штаттық және штаттан тыс кеңесшілер лауазымдары болмайтынын мәлімдеді.
«Алдағы уақытта облыс әкімінің штаттық және штаттан тыс кеңесшілері болмайды. Кеңесші атағын оңды-солды таратпау керек. Біздің басты кеңесшіміз - халық!» - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар, ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жасай отырып, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,2 пайызға төмендеп, соның нәтижесінде 3 ауданның бірі республикадағы соңғы орындарда тұрғанын атап өтті. Бірқатар макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша төмен деректер Қазалы, Шиелі және Арал аудандарында байқалды.
«Осы үш ауданның әкіміне сөгіс жарияланды», - деді жаңа әкім.