Қызылорда облысының әкімі кеңесшілерден бас тартты

Қызылорда облысының әкімі кеңесшілерден бас тартты

Қызылорда облысының әкімі кеңесшілерден бас тартты
ашық дереккөзі
Қызылорда облысының жаңа әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеңесшілер штатын қысқартып, бірнеше облыстық департаменттерді біріктірді деп хабаралады turkystan.kz. Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында өңір басшысы 24 басқарманың 8-і қысқартылып, 16 басқарма облыс әкімдігінің құрылымында қалғанын айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, облыста 24 облыстық басқарма бар. Енді оның 8-і қысқартылып, 16 басқарма облыс әкімдігінің құрылымында қалады. Қабылданған шешім функциялардың қайталануын жояды, саланың теңгерімді реттелуін қамтамасыз етеді. Бұл - жұмыстың жалпы көлемін және басқару тобын оңтайландыру арқылы әкімшілік шығындарды қысқарту. Сол сияқты қалалар мен аудандар әкімдіктерінің құрылымын өзгерту қажет», - деді облыстың жаңа әкімі.
Сондай-ақ, ол бұдан былай облыс әкімі аппаратында штаттық және штаттан тыс кеңесшілер лауазымдары болмайтынын мәлімдеді.
«Алдағы уақытта облыс әкімінің штаттық және штаттан тыс кеңесшілері болмайды. Кеңесші атағын оңды-солды таратпау керек. Біздің басты кеңесшіміз - халық!» - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар, ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жасай отырып, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,2 пайызға төмендеп, соның нәтижесінде 3 ауданның бірі республикадағы соңғы орындарда тұрғанын атап өтті. Бірқатар макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша төмен деректер Қазалы, Шиелі және Арал аудандарында байқалды.
«Осы үш ауданның әкіміне сөгіс жарияланды», - деді жаңа әкім.