Алматыда археология ескерткіштерін сақтау және қорғау мәселелері талқыланды

Алматыда археология ескерткіштерін сақтау және қорғау мәселелері талқыланды

Алматыда археология ескерткіштерін сақтау және қорғау мәселелері талқыланды
ашық дереккөзі
Бүгін Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты қызметкерлері Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы және Алматы қаласының Мәдениет басқармасы өкілдерімен бас қосты.  Дөңгелек үстел тақырыбы «Алматы қаласы мен Алматы облысының археологиялық мұрасын сақтау мен қорғаудың өзекті мәселелері» деп аталды. Бұл шара 18 сәуір - Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне арналып отыр. Жиында Алматы қаласы мен Алматы облысының археологиялық ескерткіштерін зерттеу мәселелері, сақтау және қорғау мәселелері талқыланды. Мамандар археологиялық мұра нысандарына жүргізген жұмыстармен өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштерге зерттеу жүргізу және сақтау бойынша бағдарламаларды жүзеге асырудың жолдары  қарастырылды. Ә. Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы жиынды ашып, болашақ ұрпақ үшін тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, еліміздің мәдени әлеуетін дамыту - мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Осыған байланысты біз Алматы қаласының Мәдениет басқармасы, Алматы облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығы, Алматы облысының мұражай-қорықтары, ғалымдар және қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесіп, археологиялық мұраны қорғау мен сақтаудың өзекті мәселелерін қарауды шештік», - деді бас директор.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Данияр Әлиев бүгінде Алматыда 162 тарихи және мәдени ескерткіш бар екенін атап өтті.
««Боралдай сақ қорғандары» айрықша тарихи маңызы бар орын.  Сонымен қатар, біз археологиялық кешенді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу туралы ұсыныс енгізуді жоспарлап отырмыз. Ғылыми зерттеулер негізінде Райымбек батыр құрметіне құжаттарды реставрациялау және Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуын ЮНЕСКО-ның мерейтойлық даталар күнтізбесіне енгізу жұмыстары жүргізілуде», - деді Әлиев.
Институт директорының орынбасары Талғат Мамиров тас ғасырындағы ескерткіштерді сақтау мәселелеріне назар аударып, Алматы маңындағы тас ғасырындағы ескерткіштерді іздеу үшін табылған ескерткіштер мен перспективалы орындарды көрсетті.
«Біздің Алматы мен Алматы облысында, негізінен, қорғандарды, петроглифтерді, ортағасырлық қалашықтарды және т.б. сақтау мәселелері көтеріледі. Өкінішке орай, тас ғасырының ескерткіштері назардан тыс қалып отыр. Сондықтан мен тас дәуірінен бергі археология ескерткіштерін сақтау және зерделеу қажеттігіне назар аудардым. Тас дәуірінің ескерткіштерін табу өте қиын, өйткені, көп адамдар табиғи тастарды жасанды артефактілерден ажырата алмайды. Алматының іргесінде бұрын ашылған әбден көнерген Майбұлақ, Рахат, Қастек сынды ескерткіштер бар. Бұл ескерткіштер шатқалдар бойындағы тау бөктерінде орналасқан орман алқабының саз балшықтарын іріктеу нәтижесінде табылды. Тау шатқалында табылып жатқан тас дәуірі ескерткіштерін сақтау аса маңызды» - деді археолог-ғалым.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Досым Зікірияның айтуынша, Талғар қалашығы 2018 жылы  «Есік» мұражай-қорығының балансына берілген.
«Бүгінгі күні 422 гектар жер 50% «Есік» қорымдарымен қоршалған. 2013 жылдан бастап біз осы аумақта жекеменшікке өткен жерлерді қайтару үшін сотқа жүгініп келеміз. Нәтижесінде біз осы жерлердің 85%-ын мемлекет меншігіне қайтардық. Талғар қалашығы 2018 жылы  «Есік» мұражай-қорығының балансына берілді. Осы жердегі тарихи орындардың бірі ­– Талғар  қалашығын қоршау аяқталды. ЮНЕСКО мен мұражай-қорығы ұйымдарының септігімен Ескерткіш-тақталары орнатылды. Тарихи маңызы бар ескерткіштерді сақтау мақсатында елдімекен тұрғындарымен кездесіп түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деді ол.
Жиынға Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музей қызметкерлері, «Зеленое спасение» экологиялық қоғам өкілдері және қоғам белсенділері, журналистер қатысты.  width= Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау бойынша Қарар қабылданды. Ресми құжаттың негізгі мақсаты  – тарихи-мәдени мұраларымыздың мүддесін қорғау бағытында тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.  width=