Өскемендіктер Даниял Ахметов пен Омар Жақсылықтың отставкаға кетуін талап етті (ВИДЕО)

Өскеменде белсенділер облыс және қала әкімдерінің жұмысына мүлдем көңілдері толмайтынын жеткізді деп хабарлады turkystan.kz 31 арнаға сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, Даниял Ахметов пен Омар Жақсылық өз міндеттерін дұрыс орындамайды. Мәселен, шет аймақтарда қоғамдық көліктер жетіспейді дейді. Тұрғындардың өтінішіне қарамастан, мәселе әлі өз шешімін таппаған.

Әкімдердің остставкаға кетуін талап еткен 10-ға жуық қала тұрғыны жиналып, петиция жариялады. Айтуларынша, қалалық қоғамдық көлікті бірнеше сағат күтуге тура келеді екен. Қосымша автобус қосуды сұраудан шаршаған олар өз жобаларын да дайындап келген.

«Біздің өтінішімізді қала билігі естігісі келмейді. Біздің өтінішіміз бойынша ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ», – деді Өскемен тұрғыны Ганфэро Пача.

Құрғақ уәдеден шаршаған тұрғындар әкімдікті сотқа берген. Медиативті келісім нәтижесінде қала билігі мәселені 1 сәуірге дейін шешуі керек болған. Мерзімі өтіп кеткенімен, уәде тек қағаз күйінде қалды деп ашынды. Тұрғындар енді кімге шағымданарын білмейді.

Даниял Ахметов облысты 8 жылдан бері басқарып келеді. Ал Омар Жақсылық 3 жыл бұрын қала әкімі болып тағайындалды. Қоғам белсендісі Роман Честных – петиция авторларының бірі.

«Мен петицияға Омар туралы жаздым, бірақ Ахметов те кінәлі. Өйткені жолаушылар тасымалы дұрыс жұмыс істемейді. Қала көшелері мен инфрақұрылымға күтім жасалмайды», – дейді ол.

Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі жиналғандардың шағымын тыңдап, мәселені аз уақыттың ішінде шешуге уәде берді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button